2024 жылы Қазақстанның мәдениет саласында қандай жетістіктер болды?
Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы. Ал 2024 жылы Қазақстанның мәдени және рухани өмірінде қандай маңызды әрі елеулі оқиғалар болды? El.kz ақпарат агенттігі ұлу жылындағы мәдени-рухани жаңалықтарға шолу жасады.
«Беташар» салты ЮНЕСКО тізіміне енді
Мәдениет саласында ұлу жылындағы басты жаңалықтың бірі – қазақтың дәстүрлі «Беташар» рәсімінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енуі болды. Бұл қазақ халқының мәдениетін әлем алдында паш етіп, ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандық деңгейде дәріптелуіне ықпал етті. Осыған дейін ЮНЕСКО-ның бұл тізіміне домбыра күйлері, қазақ күресі және киіз үй жасау дәстүрлері енгізілген болса, енді «Беташар» салты да осы қатарды толықтырды.
Димаш Құдайбергеннің халықаралық жетістіктері
Әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайберген биыл тағы бір ірі жетістікке қол жеткізіп, Дубайда DIAFA сыйлығымен марапатталды. Ол қоғам өмірін жақсартуға қосқан үлесі мен жетістіктері үшін айырықша тұлғалар мен ұйымдарға табысталатын сыйлық. Салтанатты рәсім әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың басын қосып, олардың халықаралық аренадағы беделін көрсетеді. Сондай-ақ, Димаш «Халықтың сүйіктісі – 2024» ұлттық сыйлығында төртінші рет «Жылдың ең үздік мәдениет қайраткері» атанды.
Әнші туралы Францияның Planète Paix журналы 2024 жылдың 23-ші қыркүйегіндегі санында мақала жариялады. Онда мақала авторы Димаш Құдайбергенді Қазақстан атынан халқаралық деңгейде өнер көрсететін жетекші артист деп атаған. Шынымен де, оның әлемдік сахналарда қазақтың өнерін паш етіп жүргені еліміздің мәдени абыройын асқақтататын маңызды оқиғалардың бірі. Шетелдік көрермендерін Қазақстанның дәстүрлі және заманауи мәдениетімен таныстыруды басты мақсат еткен Димаш халық әндері «Дүрдараз» бен «Дайдидау» және «Адай» күйін әлемдік сахналарда аспанындату арқылы ел мәдениеті мен тілін дәріптеуде. Оның өнері арқылы қазақ тілін үйренуге құлшынысы артқандар көп. Соның бір дәлелі, Польшадағы Димаш Құдайбергеннің фан-клубы елдегі тұңғыш «Поляк-қазақ тілашарын» шығаруы. Шағын кітап саяхатшылар үшін Қазақстанның көркем жерлерімен танысуға және қазақ елінің мәдениетін тереңірек зерттеулеріне пайдалы нұсқаулық болмақ.
Қазақ мәдениеті шетелде: жетістіктер мен табыстар
Ұлу жылында қазақ өнері алғаш рет әлемге әйгілі өнер алаңдарында, Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнер мұражайында ұсынылды. Мәлімет бойынша, бұл көрмелерді шамамен екі жүз мыңнан астам адам тамашалаған. Сонымен қатар, Тяньцзинь мұражайындағы «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі ашылған сәттен бастап 400 мың адам көрген.
Қазақстанның мәдениет күндері Түрікменстанда жоғары деңгейде аталып өтілді. Ашхабад қаласындағы бұл іс-шара аясында қазақстандық өнерпаздар ұлттық өнерімізді дәріптесе, отандық кинолар көрермен назарын алды.
2024 жылы қазақ қайраткерлерінің есімдері де ұлықталды. Абай Құнанбаев, Құрманғазы Сағырбайұлы сынды тұлғалардың ескерткіштері Түрікменстан, Тәжікстан және Татарстанда орнатылды.
ХVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі
Қараша айының соңында Алматыда ХVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтті. Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған. Фестиваль аясында халықаралық байқау және Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдері бойынша байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Ресей, Тәжікстан, Татарстан, Түркия, Өзбекстан, Филиппин және Франция сынды елдерден 50-ге жуық фильм ұсынылып, кино өнерінің сан түрлі қырын айшықтай түсті. Мегаполисте өткен фестиваль қорытындысы бойынша қазақстандық Аруан Анартай «Жоқтау» фильмі үшін «Үздік режиссер» ретінде марапатталды.
Кино саласындағы жетістік тек бұл емес. Иранда өткен 14-ші халықаралық спорттық фильмдер фестивалінде «Алға» филімі үшін «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» жүлдесін Ерік Жолжақсынов алса, «Үздік режиссер» номинациясында Ернар Нұрғалиев жеңімпаз атанды.
Ал Жанарбек Елеубек «Бауырына салу» фильмі үшін Asia World Film Festival (AWFF) фестивалінде «Үздік операторлық жұмыс» жүлдесін еншіледі. Ұйымдастырушылар кинотуындыны жоғары бағалап, фильмді ЮНЕСКО-дағы басым бағыт саналатын мәдени әралуандықты насихаттауда мәні зор туынды деп тапқан.
Disney мен Pixar қазақ тілінде сөйледі
Биыл танымал туындыларды қазақша сөйлеткен әлемдік студиялар қатары толықты. Disney мен Pixar студияларының қазақ тілін қолдау бастамасын Sony Pictures компаниясы жалғастырды. Осы жылы жарық көрген «Веном: Соңғы би» фантастикалық экшн туындысы қазақ тілінде отандық кинотеатрларда көрсетілді. Әлемдік үздік фильмді «Қазақ тілі» қоғамының ұсынысымен Sony Pictures өз қаражатына аударып, дубляждаған.
Сондай-ақ, биыл кішкентай көрермендерге арналған Disney студиясының «Муфаса. Арыстан патша» және «Моана 2» анимациялық фильмдері де қазақ тіліне аударылып, көрерменге жол тартты. Бұл қазақ тіліндегі сапалы контенттің көбеюіне үлес қосып, жас ұрпақты ана тіліне жақындату бағытындағы маңызды қадам болды.
Әдебиеттегі олжалар
Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде белгілі жазушы, қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған конференция өтіп, оның аясында "Менің атым Қожа" кітабының француз тіліндегі нұсқасының тұсауы кесілді.
Осы жылы жазушы Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» тарихи романы «Фолиант» баспасынан жарық көрді. Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының өмірін, Алтын орда хандығының түп негізі қаланар уақытты арқау еткен шығарма нақты деректерге сүйеніп жазылған.
Биыл жас қаламгерлер, «Жас қалам – жаңа роман» жобасының грант иегерлері Мақсат Мәліктің «Абыл мен Қабыл», Қанат Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам», Әлібек Байболдың «Мұтылған» және Әлихан Жақсылықтың «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» атты кітаптарының тұсауы кесілді.
Бұл бес романды біз ұлу жылындағы әдеби майданда көп айтылған, оқырман тарапынан қызу пікірталасқа түскен кітаптар деп түйдік.
Жазушылар одағына – 90 жыл
Биыл Қазақстан жазушылар одағына 90 жыл толды. Айтулы күнге орай Алматыда салтанатты шара өтті. Одақтың мерейтойы – жазушылар үшін ғана емес, барша көзі қарақты қауым үшін тарихи мәні зор оқиға. Бұл жиын қазақ ақын-жазушыларымен қоса әлемнің түкпір-түкпірінен келген шетелдік зиялы қауым өкілдерінің басын қосты. Олардың қатарында «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымы, Түркия, Әзербайжан, Қытай, Қырғыз Республикасынан Жазушылар одағының басшылары бар. Барша қаламгерлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
«Руханият жылы» және мәдени мұраларды қорғау
Қызылорда облысында 2024 жыл «Руханият жылы» деп жарияланып, өңірде мәдени іс-шаралар кең көлемде ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Қазақстанда тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жүзеге асты. Мәдени мұралар жаңғыртылып, реставрациялық жұмыстар жүргізілді. Айта кетейік, сыр өңірінде 567 тарихи-мәдени мұра нысандары мемлекет қорғауына алынған. Оның ішінде 31-і республикалық, 256-сы жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген болса, 280 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының тізімінде тұр.
Ұлу жылындағы маңызды мерейтойлар
Биыл елімізде ұлы тұлғалар мен тарихи даталарға арналған іс-шаралар көп өтті. Бұндай мерейтойлар тек қайраткерлердің есімін ұлықтаумен шактеліп қана қоймай, елдің мәдени мұрасын дамытуға да үлес қосты.
Айтулы тұлғалардың мерейтойлары:
Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы;
Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы;
Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы;
Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы;
Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы;
Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы;
Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы;
Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы;
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы.
Ұлу жылында отандық өнерпаздар халықаралық аренада үлкен жетістіктерге жетіп, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің мәртебесін көтерді. Биыл елдегі мәдениет саласының қызметкерлеріне де жақсы қолдау көрсетілді. Мәселен, Республика күніне орай елордада осы салада тер төгіп жүрген жандарға пәтер кілті табысталды.
Қорыта айтсақ, 2024 жыл қазақ мәдениетінің өркендеп, әлемдік деңгейде мойындалуына ықпал еткен маңызды кезең ретінде есте қалары даусыз.