Жаңалықтар

2024 жылы мұнай бағасы қанша болады? ҰЭМ басшысы жауап берді

2024 жылы мұнай бағасы қанша болады? ҰЭМ басшысы жауап берді
Фото: t.me/KZgovernment 29.08.2023 11:14 1449

Консенсус-болжамға сәйкес, 2024 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 80 АҚШ долларын құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Министрдің айтуынша, Халықаралық қаржы ұйымдарының болжамдарына сәйкес әлемдік экономика 2024 жылы 3% деңгейінде өседі. Сыртқы параметрлердің өзгеруіне байланысты дамудың үш сценарийі қаралады.

Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 80 АҚШ доллары деңгейінде алу ұсынылады. Болжам бойынша 5 жыл ішінде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,8%-ті құрайды. Инфляция 2024 жылы 6-8%, 2025 жылы 5,5-7,5% деңгейінде айқындалды, 2026-2028 жылдары 5%-ке дейін төмендейді. 2024 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 5,3%-ті құрайды, кейін 2028 жылы 6%-ке дейін өседі. Номиналды ЖІӨ 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі, - деді министр.

Ведомство басшысы экономиканың барлық базалық саласында өсу болатынын атап өтті.

Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 4%-ті, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 4,9%-ті, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 3,1%-ті құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 4,5%-ті құрайды. Құрылыс саласындағы болжамды өсу орта есеппен 8,8%-ті, саудада 7,4%-ті құрайды. Экспорт көлемі 2024 жылы 83,1 млрд АҚШ долларынан 2028 жылы 94,8 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаяды, импорт 60,7-ден 65,6 млрд АҚШ долларына дейін өседі, - деді ұлттық экономика министрі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға