2024 жылы миллионға жуық қазақстандық жұмыспен қамтылады
ҚР ЕХӘҚМ мәліметінше, биыл 943 мыңнан астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Осылайша, іске асырылып жатқан жобалар шеңберінде 69 мың қазақстандықты жұмысқа орналастыру қарастырылған, оның ішінде, субсидияланатын жұмыс орындарына (оның ішінде 9 мың грант беру) – 193,8 мың, бос жұмыс орындарына – 318,1 мың, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасы шеңберінде – 341,3 мың, жастарға жылдық 2,5% жеңілдікпен шағын кредит беру шеңберінде – 5,8 мың, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша кредит беру шеңберінде – 15,2 мың.
Халықты құрылатын жұмыс орындары туралы хабардар ету, сондай-ақ азаматтарды жұмысқа орналастыру процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін Электрондық еңбек биржасында арнайы функционал іске қосылды. Бос жұмыс орындары (жобалар, тұрақты және уақытша жұмыс орындары бөлінісінде) туралы ақпарат жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыздар мен жұмыс іздеуді өз бетінше жүзеге асыратын ізденушілер үшін қолжетімді.
Жұмысқа орналасу бойынша мониторинг ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелеріндегі мәліметтер негізінде жүргізіледі, ал олардың дұрыстығын тексеру еңбек шартын тіркеу, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болуы арқылы жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сәйкес 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 143,7 мың адам жұмыспен қамтылды, оның 65 мыңға жуығы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.