Жаңалықтар

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: © iStock 09.01.2024 18:00 8271

Әлемдегі нөмірі бірінші спорт түрі саналатын футболға деген қызығушылық бұл жылы әдеттегіден жоғары болмақ. Себебі, тұрақты клубтық турнирлерден бөлек UEFA, CONMEBOL, CAF, AFC және OFC футбол федерациялары ұлттық құрамалар арасында 5 құрлықтың чемпиондарын анықтамақ. Осы ретте, айтулы шаралардың қайда, қашан және қалай өтетіндігі туралы шолу жасадық.

АЗИЯ КУБОГЫ / AFC ASIAN CUP

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: Fars Media Corporation

Өтетін орны: Катар

Өтетін уақыты: 12 қаңтар – 10 ақпан 2024 жыл

Қатысушылар саны: 24

Соңғы чемпион: Катар

Бұл – Азия футбол конфедерациясы құрамына кіретін ұлттық құрамалар арасындағы байрақты бәсеке. Төрт жыл сайын ұйымдастырылатын турнир бұл жолы 18 рет өткізілмек. Чемпионат 2023 жылы Қытайда өту керек болған. Алайда Қытай билігі 2022 жылы елдегі COVID жағдайына байланысты турнирді өткізуден бас тартты. Нәтижесінде ұйымдастырушы ретінде Катар таңдалды. Айтпақшы, Катар 2019 жылы соңғы өткен Азия кубогының иегері екенін де атап өту керек. Өз алаңында чемпиондықты қорғауға жақсы мүмкіндік туып тұр. Турнирге 24 ұлттық құрама қатысады. Оның қатарында көршілеріміз Өзбекстан, Қырғызстан мен Қытай да бар. Жалпы Азия кубогын Жапония 4 мәрте жеңіп, көш басында тұр. Сауд Арабиясы мен Иран – 3 реттен, Оңтүстік Корея – 2, Аустралия, Катар, Ирак, Кувейт, Израиль – 1 реттен жеңімпаз атанған.

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: uznews.uz

АФРИКА КУБОГЫ / AFRICA CUP OF NATIONS

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: championat.com

Өтетін орны: Кот-д`Ивуар

Өтетін уақыты: 13 қаңтар – 11 ақпан 2024 жыл

Қатысушылар саны: 24

Соңғы чемпион: Сенегал

Бұл – Африка футбол федерациясы ұйымдастыратын Африка құрлығындағы ең басты турнир. Ең алғашқы жарыс 1957 жылы небәрі 3 құрамының (Египет, Судан және Эфиопия) қатысуымен өткен. Бұл жолы 24 құрама чемпиондық атақ үшін таласуға Кот-д`Ивуарға келеді. Бастапқыда чемпионат 2022 жылы өтуі керек еді, алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты 2024 жылға ауыстырылды. Соңғы өткен Африка кубогының финалында турнирді 7 мәрте жеңген Египет (турнир рекорды) Сенегалдан тек пенальти сериясынан жеңіліп қалған болатын. Кезінде бір клубта ойнаған Салах пен Маненің текетіресі бұл жолы да қызыққа толы болмақ. Сондай-ақ, 2022 жылы Катарда өткен Әлем чемпионатында Испания мен Португалияны жарыстан шығарған Марокко да басты фавориттердің бірі. Құрамында Еуропаның үздік клубтарында ойнайтын футболшылары бар Камерун, Нигерия мен Кот-д`Ивуар да алтыннан үмітті.

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: sports.ru

ЕУРОПА ЧЕМПИОНАТЫ / UEFA EUROPEAN FOOTBALL CHAMPIONSHIP

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: washingtonpost.com

Өтетін орны: Германия

Өтетін уақыты: 14 маусым – 14 шілде 2024 жыл

Қатысушылар саны: 24

Соңғы чемпион: Италия

UEFA 4 жыл сайын ұйымдастыратын турнир биыл 17-рет өтеді. Тарихы 1960 жылдан бастау алатын дода алғашқыда Еуропа ұлттар кубогы деп аталса, 1968 жылдан бастап футболдан Еуропа чемпионаты деген атауға өзгерді. Футбол жарысына 24 құрама қатысады. 2018 жылдың 27 қыркүйегінде өтетін орын ретінде Германия таңдалған болатын (турнирді екінші рет өткізгелі жатыр). Сондай-ақ Германия Еуропаның үш дүркін чемпионы және 3 мәрте вице-чемпион деген атақтарымен турнир рекордын орнатқанын да атап өткен жөн. Бүгінде турнирдің ақтық кезеңінде ойнайтын 21 құрама анықталды. Ал қалған 3 орын 12 құрама арасындағы плей-офф ойындары нәтижесінде анықталады. Ең қуаныштысы футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының тарихта алғаш рет EURO 2024 ақтық кезеңіне жолдамасын алу мүмкіндігі бар. Ол үшін жартылай финалда Грекияны (2024 жылғы 21 наурыз, Афина, Грекия), финалда Грузия/Люксембург (2024 жылғы 26 наурыз, Грузия немесе Люксембург) құрамасын жеңу керек.

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
beinsports.com

АМЕРИКА КУБОГЫ / COPA AMERICA

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: Andre Penner/AP

Өтетін орны: АҚШ

Өтетін уақыты: 20 маусым – 14 шілде 2024 жыл

Қатысушылар саны: 16

Соңғы чемпион: Аргентина

Бұл – CONMEBOL оңтүстік америкалық құрамалардың арасында ұйымдастыратын 48-ші турнир. Турнир алғаш рет 1910 жылы өтті. Бірақ ол кезде CONMEBOL футбол федерация құрылмағандықтан, тек 1916 жылдан бастап турнир ресми статусқа ие болды. Америка кубогында федерацияға мүше 10 елдің барлығы (Аргентина, Бразилия, Боливия, Венесуэла, Колумбия, Парагвай, Перу, Уругвай, Чили, Эквадор) қатысады. Ал 1993 жылдан бастап басқа федерациялардан да екі құрама шақырылады. АҚШ-та өтетін жарыстың ерекшелігі – біріншіден, Америка кубогы Оңтүстік Америкадан тыс, яғни CONMEBOL мүше емес елде өтеді (бұл CONCACAF және CONMEBOL федерациялары арасындағы стратегиялық әріптестік нәтижесі), екіншіден, турнирге екі емес алты бірдей CONCACAF-қа мүше құрамалар (Солтүстік және Орталық Америкадағы ұлттық құрамалар) қатысады.

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: concacaf.com

ОКЕАНИЯ ҰЛТТАР КУБОГЫ / OFC NATIONS CUP

Өтетін орны: Вануату

Өтетін уақыты: 15 маусым – 30 маусым 2024 жыл

Қатысушылар саны:

Соңғы чемпион: Жаңа Зеландия

2024 жылы футболдан қандай ірі жарыстар өтеді
Фото: insidethegames.biz

Бұл – Океания футбол конфедерациясына мүше елдер (Жаңа Зеландия, Вануату, Американдық Самоа, Кирибати, Самоа, Кука аралы, Жаңа Каледония, Папуа-Жаңа Гвинея, Соломон аралдары, Таити, Тонга, Тувалу, Фиджи) арасында төрт жылда бір рет өткізілетін турнир. Конфедерацияның негізін қалаушылардың бірі саналатын Аустралия 2006 жылы Азия футбол федерациясына қосылды. Вануатуда өтетін ақтық сайысқа іріктеу ойындары Тонгада 20-26 наурыз аралығында өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға