2024 жылы әлем құлақ түрген оқиғалар
Тағы бір жыл тарих қойнауына сүңгігелі тұр. Дана қазақ «Жылдың жаманы жоқ» дейді. Біз бүгін 2024 жыл ұлу жылы әлемдік аренада қандай оқиғалармен есте қалғанына тоқталмақшымыз.
2024 жылғы саяси оқиғалар мен сайлау науқандары
2024 жылдың басы Таулы Қарабақтың Әзербайжан құрамына қайта кіруімен ерекшеленді. Мәселен, 1 қаңтарда бір кездері армяндар біржақты жариялаған Арцах Республикасының жойылуы туралы қаулы күшіне енген болатын.
Айта кету керек, Үндістанда әлемдегі ең ұзаққа созылған әрі ең үлкен парламенттік сайлау өткен-тін. Сайлауда 968 миллион адамның 70 пайызы дауыс берген еді. Бұл шара 19 сәуірде бастауын алып, 7 кезеңнен тұрды. Дауыс беру науқаны 1 маусымда аяқталып, премьер-министр Нарендра Моди бастаған ұлтшылдардың халықтық партиясы жеңіске жетті.
Ирандағы президент сайлауы нәтижесінде Масуд Пезешкиан ел алдында ант беріп, қызметіне кіріскен еді.
Сайлаулардың сайлауы ретінде Дональд Трамптың қарсыласы Камала Харристі ойсырата жеңіп, билікті өз қолына алғанын айтуға болады. АҚШ тарихында Трамп 1892 жылы Гровер Кливленд сияқты осылай Ақ үйге триумфпен оралғанын айтып өткен жөн. 13 шілдеде Балтимордағы митингте 20 жастағы Томас Мэтью Крукс Дональд Трампқа бірнеше рет оқ атқан болатын. Бір қатысушы қаза тауып, бірнеше адам жарақат алды, олардың ішінде Трамп та бар еді. Осы оқиға ел азаматтарының Трампқа деген көзқарастарын өзгеріп, оның сайлауда жеңіске жетуіне септігін тигізді десек болады.
Бірқатар елдерде де президенттік сайлаулар өтті. Мысалы, 13 қаңтарда Тайваньда өткен сайлауда Демократиялық ілгерішіл партияның үміткері Лай Циндэ жеңіске жетті. Сондай-ақ, 7 ақпанда Әзербайжанда президент Ильхам Әлиев бесінші рет қайта сайланды.
2024 жылғы ең ірі қарулы қақтығыстар
7 қазанда ХАМАС қозғалысы Израильге шабуыл жасады. Елдің оңтүстік және орталық аймақтары атқылауға ұшырап, қарулы жасақтар ел аумағына кірді. Соңғы мәліметтер бойынша, 700-ден астам адам қаза тауып, 2,3 мыңнан астамы жарақат алды. Құрбандардың ішінде шамамен 260 адам – Газа секторының шекарасына жақын маңда өткен фестивальге қатысушылар. ХАМАС 100-ден астам израильдікті кепілге алғанын мәлімдеді. Израиль билігі елдің соғыс жағдайында екенін жариялады. Мұндай шешім 50 жылдан бері алғаш рет, яғни 1973 жылғы Үкім күні соғысынан бері қабылданды. Израиль армиясы Газа секторындағы нысандарға соққы беріп, резервтегілерді қызметке шақырды. 9 қазанда ЦАХАЛ Газа секторының шекарасына жақын барлық елді мекендерді бақылауға алғанын хабарлады. Соғыс күн сайын заманауи кезеңнің ең ұзаққа созылған қақтығысының құрбандар санын арттырып, Таяу Шығыстағы бейбітшілік перспективасын алыстата түсуде.
26 қарашада Израиль мен «Хезболла» атысты тоқтату туралы келісімге келді. Нетаньяху келісім бұзылған жағдайда қатаң шаралар қолданатынын уәде етті. Израиль мен Ливанның радикалды шииттік «Хезболла» қозғалысы Ливанда атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізді. Келісім 27 қараша күні жергілікті уақытпен сағат 04:00-де күшіне енді. Келісім шарттарына сәйкес, Израиль Қорғаныс армиясы Ливан аумағынан 60 күн ішінде әскерлерін шығаруы керек болды.
27 қарашада Сирияда оппозициялық күштер, оның ішінде «Хаят Тахрир әш-Шам» тобы үкімет әскеріне қарсы шабуыл бастады. Шабуыл нәтижесінде Алеппо, Хама, Хомс қалалары және Дамаск көтерілісшілердің бақылауына өтті. Осылайша, Сирия Араб Республикасында Асадтар әулетінің 53 жылдық билігі аяқталып, 8 желтоқсанда сириялық диктатор, президент Башар Асад отбасы мүшелерімен бірге Мәскеуге қашуға мәжбүр болды. Қазіргі уақытта елде өтпелі үкімет құрылуда.
2024 жылғы табиғи апаттар
2024 жылы табиғи апаттар тайфундар, су тасқындары және көшкіндер бұрын-соңды болмаған ауқымға жетті. Осыған байланысты алғаш рет Қызыл Кресттің сақтандыру төлемдері жасалды. Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдарының халықаралық федерациясы (ҚКҚЖХФ) 1,5 миллион зардап шеккендерге, соның ішінде Нигериядағы су тасқыны мен Непалдағы көшкін құрбандарына төлемдер жасағанын растады.
2024 жылдың қазан айының соңында Валенсия, Кастилия-Ла-Манча және шығыс Андалусия сияқты оңтүстік-шығыс Испанияның бірнеше аймағында толассыз жаңбырдың салдарынан ірі су тасқындары орын алды. Нәтижесінде кем дегенде 222 адам қаза тапты. Елде үш күндік аза тұту жарияланды. Бұл Испания тарихындағы ең қауіпті табиғи апаттардың бірі болды.
2024 жыл температуралық рекордтарды жаңартып, ең ыстық жыл атанды. Мәселен, Мексикада 52°C, Египетте 50,9°C, Малида 48,5°C. Орташа жаһандық температура алғаш рет доиндустриялық деңгейден 1,5°C-қа асты.
«Джон» дауылы (Мексика) 22 адамның өмірін жалмады. Салдары су тасқыны мен көшкіндерге әкеліп, Герреро, Оахака және Мичоакан штаттарына айтарлықтай зиян келтірді.
Тайваньдағы «Картон» тайфуны — 40 жыл ішінде батыс жазықтарға әсер еткен алғашқы дауыл. 2 адам қайтыс болып, 667 адам жарақат алды. 100 000 үй жарықсыз қалды. Тайфун 18 206 үйді электр қуатынсыз қалдырып, 11 000-нан астам тұрғынды эвакуациялауға мәжбүр етті. Ал «Хайкуй» тайфуны 3 000 адамды эвакуациялап, көлік қатынасын тоқтатты. Бұл 4 жыл ішінде аралға қауіп төндірген алғашқы тайфун болды.
АҚШ-тың Флорида штатындағы «Милтон» атты бесінші санаттағы апатты дауылы 5,5 миллион адамды эвакуациялауға мәжбүр етті. Бұл өз кезегінде, аймақтың негізгі экономикалық секторларына қауіп төндірді.
Сондай-ақ, Америкадағы «Хелен» дауылы 200 адамның өмірін қиып, ауқымды су тасқындарына және 750 000 тұрғынның жарықсыз қалуына әкелді.
Индонезиядағы Левотоби Лаки-лаки жанартауының атқылауы салдарынан 10 адам көз жұмып, жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілді. Одан бөлек су тасқыны кезінде 21 адам мерт болып, көпірлер мен жолдар бұзылған еді.
Непалдықтар үшін де бұл жыл ауырлық әкелді. Су тасқындары мен көшкіндер кезінде 148 адам қаза тауып, 50 адам хабар-ошарсыз кетті. 3 600 адам құтқарылды, жолдар мен үйлер қатты қирады.
Вьетнамдағы «Яги» тайфуны 254 адамның өмірін қиып, кенеттен су тасқындары мен көшкіндерге алып келді. 820-дан астам адам жарақат алды, 82 адам хабар-ошарсыз кетті. Лаокай провинциясындағы Ну ауылы қатты зардап шекті, 37 үй қирады.
Жапониядағы жер сілкінісі мен цунами де табиғи апаттардың ішіндегі ең жойқыны болды. Магнитудасы 7,6 болатын қуатты жер сілкінісі орталық Жапонияда цунамиге әкеліп, толқындардың биіктігі 5 метрге жетті. 78 адам қаза тауып, 251 адам хабар-ошарсыз кетті. Ондаған ғимараттар қирап, 32 000 үй жарықсыз қалды. Токио қаласында жер асты дүмпулері сезіліп, электрмен жабдықтау мен байланыс үзілді.
2024 жылдың желтоқсанында Францияның Майотта аралында соңғы 90 жылдағы ең күшті дауыл орын алды. «Чидо» циклоны аталған дауыл кезінде желдің жылдамдығы сағатына 200 км-ге дейін жетіп, жүздеген, тіпті мыңдаған адамның өмірін қиды. Үйлер қирап, ауруханалар зақымданды. 100 000-нан астам адам баспанасыз қалды.
2024 жылы табиғи апаттардың артуы климаттың өзгеруімен тығыз байланысты екендігі жиі айтылады. Климатологтар температураның көтерілуі, теңіз деңгейінің көтерілуі және экстремалды ауа райы жағдайларының жиілеуі бұл апаттардың негізгі себептері екенін алға тартуда. Ғаламдық қауымдастық осы мәселеге қарсы әрекет ету үшін бірлескен шараларды күшейту қажеттігін мойындауда.
2024 жылы қоғам назарын аударған оқиғалар мен тұлғалар
2024 жылдың 8 сәуірде әлем жұртшылығы күннің тұтылуын тамашалады. Бұл ғажайып құбылысты Мексика, АҚШ, Канада, Кавказ, Қазақстан және Сібір тұрғындары көре алды. Ғалымдар көлеңкенің траекториясын алдын ала есептеп, көрсетілген жерлерге туристер мен ерекше әсер іздегендер жиналған болатын.
2024 жылдың қазан айы шын мәнінде ғарыштық жаңалықтарға толы болды. 13 қазанда Илон Маск пен SpaceX компаниясының туындысы болып табылатын Super Heavy үдеткіші вакуумдық кеңістікте ұшуға арналған кемені орбитаға шығарып, Жерге оралды. Маск өзінің блогында: «Мұнара зымыранды ұстады!» - деп жазды. Super Heavy 33 қозғалтқыштың көмегімен теңгеріліп, Техастағы Mechazilla старттық платформасына қонды. Масктың айтуынша, тасымалдау технологиясы енді Ай мен Марсты игеру үшін қолданылады.
Өрттен кейін бес жылдан соң, Париж Құдай ана соборы қайта ашылды. 7 желтоқсанда орта ғасырдың көрнекті орны жоғары мәртебелі қонақтарды қабылдады. Айт кету керек, қалпына келтіруге жүздеген миллион еуро жұмсалды. Шеберлер мерзімінде үлгеріп, Францияның басты Рождестволық құлшылығы Ситэ аралында қайта өтетін болды.
Музыканттар арасында рэпер P. Diddy-дің атышулы резонанс туғызған оқиғасына қатысты мәліметтер жиі ізделіп, көпшілікті жаға ұстатты.
2024 жыл адамзат тарихында жаңа бетбұрыстарымен есте қалды. Геосаяси және экологиялық мәселелермен қатар, технология мен ғылым салаларындағы жетістіктер келешекке деген үміт отын жандырды. Бұл жыл әлемдік деңгейдегі ынтымақтастық пен жауапкершіліктің маңыздылығын тағы бір рет дәлелдеді.