2024 жылғы шоу-бизнес төңірегіндегі даулар, қызықты жайттар
2024 жыл қазақстандық шоу-бизнес өкілдері үшін айрықша есте қаларлық жыл болды. Биыл өнер әлемінде түрлі даулар мен қызықты оқиғаларға куә болдық. Әлеуметтік желілерде қызу пікірталастар туындап, жұлдыздардың жеке өмірі, шығармашылық жетістіктері халық арасында кеңінен талқыға түсті. Ендеше сол оқиғаларды бірге шолып шығайық.
Түрмеге қамалған үштік
Биыл елімізде өнердегі танымал тұлғалар арасында бірқатар заң бұзушылықтар көрініс тапты.
Ең алдымен, белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әрекеті қоғамда қызу талқыға түсті. Ол 2 маусымда Алматы-Астана рейсінде бортсеріктердің қызметіне көңілі толмаған ол мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Сотта Қабатов өзінің эмоцияға берілгенін мойындап, жұрттан кешірім сұрады. Куәгерлер оның балағат сөздер айтқанын растады. Нәтижесінде Тұрсынбек бес тәулікке қамауға алынды. Алайда бұл жағдай оның өнеріне кедергі болмады. Жазасын өтегеннен кейін ол Астанада концерт беріп, орын алған оқиғаны әзілмен жеткізіп, тыңдармандарын күлкіге қарық қылды.
Ал 4 шілдеде әнші Қайрат Нұртас Алматы-Астана рейсінде басқа жолаушымен жанжалдасып, төбелескені үшін айыпталды. Сот шешімі бойынша әнші 15 тәулікке қамауға алынды. Әкімшілік кодекстің екі бабы бойынша айыпталған Қайрат бұған дейін де осындай құқық бұзушылық жасағаны үшін жазаға тартылған еді.
Кейін 6 шілдеде әнші Әбдіжаппар Әлқожа көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан, көлік басқарғаны үшін 10 тәулікке қамауға алынды. Алматы облыстық сотының мәліметінше, ол Қонаев қаласында жол ережесін бұзған.
Қатарынан орын алған бұл оқиғалар қоғамда үлкен талқы тудырып, әлеуметтік желілерде қызу пікірлер жазылды. Кейбіреулер бұл жағдайларды қоғам назарын басқа мәселелерден бұру әрекеті деп бағаласа, енді бірі өнер адамдарының жауапкершілігіне күмән келтірді.
Екі рет қызды болған Баян Алагөзова
Белгілі қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы үшін 2024 жылдың соңғы айлары ерекше оқиғамен есте қалды. Оның 15 күн ішінде екі қызы дүниеге келіп, ана бақытын екі есе сезінді.
Продюсер бұл қуанышты жаңалығымен әлеуметтік желіде бөліскен еді.
Біз сені сегіз жыл күттік. Алисадан кейін он бес күн өткен соң, қызымыз Алагөзова Алма Тұрсынғалиқызы дүниеге келді, – деп жазды ол.
Баян Мақсатқызы бұған дейін бірінші қызына Алиса есімін берді. Қос сәбиінің келуі продюсердің өміріндегі ерекше әрі қуанышты кезеңдердің бірі болды.
Мадина Сәдуақасова АҚШ-қа 10 жылға виза алды
Қазақстандық танымал әнші Мадина Сәдуақасова өміріндегі маңызды өзгерістермен бөлісіп, АҚШ-қа 10 жылдық виза алғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлап, АҚШ елшілігінің алдында түсірілген видеосын жариялады.
Достар, бұл екі күннен кейін «визаға рұқсат берілді» деген мөрі бар құжатты алдым деген сөз. Америкаға он жылға виза бар. Бір ай бұрын мені дайындады. Көптеген сұраққа қалай жауап беру керек, қалай сөйлеу керек екенін үйретті. Соның арқасында азғантай уақыт ішінде көп сұрақ қоймай, мөрді басып, паспортымды алып қалды. Енді сол визаны алуға келіп тұрмын. Қазір АҚШ елшілігінің алдына келдік. Кезекте тұрмыз. Бұл визаны не үшін алғанымды кейінірек айтып беремін, – деді әнші.
Мадина бұл визаны қандай мақсатпен алғанын әзірге құпия ұстағанымен, көпшілікті қызықтыратын жаңалығын алдағы уақытта бөлісетінін жеткізді.
Қайрат Нұртастың жары төрт баласымен баспанасыз қалды
Танымал әнші Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова Instagram парақшасында өзінің төрт баласымен бірге баспанасыз қалғанын айтып, мұңын жеткізді.
Ол құрылыс компаниясы мен бірқатар адамдардың алдауына тап болған.
Сол жылы балаларым «Анашым, жер үйге көшейікші! Өзіміздің ауламыз болса, бақшасына жемістер егейік» деп сұрады. Бұл ой маған да ұнады. Сол сәттен бастап үй іздеуге кірістім. Өз пәтерімді сатуға шығарып, тез арада көшкім келді. Бар ойым үйімді сатып, жер үй салу немесе сатып алу болды. Астанадағы коттедж салатын бірнеше компанияларға да бардым. Сол ізденісте жүргенде құрылыс компаниясының негізін қалаушы Диляра есімді келіншекпен таныстым. Ол маған «Сен сатуға қойған пәтеріңді менің інім Диардың атына жазып бересің. Біз саған қалашықтан 1 жылда екі қабатты жер үй салып береміз. Ал оған дейін сен пәтер жалдап тұрарсың» деді. Мен келісе кеттім. Ойымдағы үйдің табылғанына қуанғаным да рас, – дейді ол.
Алайда, екі жыл өтсе де, ол не жаңа үйге қол жеткізе алмаған, не өз пәтерін қайтарып ала алмаған. Жұлдыздың айтуынша, пәтері банкке кепілдікке қойылып, басқа адамдар оны пайдаланып келді.
2024 жылдың көктемінде менің үйімнің жақын арада бітпейтінін түсініп, Диляраның алдына бардым. Бұдан артық күте алмайтынымды жеткізіп, өз үйімді қайтарып беруін сұрадым. Сол кезде ол менің пәтерімді банкке кепілдікке (залогқа) тіккенін естіртіп, ол үйде тағы бір інісі Әбілхан отбасымен тұрып жатқанын, қайтарып бермейтінін айтты. Жақсы оған да көндім, мынау бітпей тұрған жер үйімді өзім аяқтайын, соның құжатын берші дедім. Әкімдіктен обьектіні пайдалануға қабылдау актісін жасатпақ болдым. Бірақ соғылып жатқан үйге де, жерге де құжат бермеді, – дейді Жұлдыз.
Әлеуметтік желі қолданушылары оның жағдайына жанашырлық танытып, әділдік орнауын тіледі.
Дариға Бадықова көрерменге өкпеледі
Қазақстандық танымал актриса әрі кинопродюсер Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені 2» фильмі 27 қарашада көрерменге жол тартып, дәл сол күні Голливудтың әйгілі «Моана» мультфильмінің екінші бөлімі де кинотеатрларда көрсетіле бастады.
Бұл жағдай актрисаның көңілін қалдырса керек, ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көрермендерге арнайы үндеу жасады.
«Моанаға» барып «позор» болып отырмайық. Бөтен елге ақшаны жіберіп, оларды байытуды қойғанымыз дұрыс. Ашығын айтамын. 27 қарашада Моанаға барған қазақтар болды. Бірақ оларды сөкпеймін. Тек қандай қазақ екенін түсінбеймін. Сондықтан байыса қазақ байысын. Ештеңе жоқ, – деді ол.
Актрисаның бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде түрлі пікір тудырды. Бірі оны қолдап, отандық киноны қолдау қажеттігін айтса, енді бірі әр адамның таңдауы бар екенін атап өтті.
«Қазақ аруы-2024» екі рет анықталды
«Қазақ аруы-2024» байқауының жеңімпазы екінші рет анықталып, Қызылорда облысының тумасы Ақкербез Ысқаққызы титулын сақтап қалды. Бұған дейінгі дауыс беру кезінде провайдерде ақау пайда болып, нәтижелердің дұрыстығына күмән туындаған еді. Осыған байланысты байқаудың ұйымдастырушылары 16 қарашада қайта дауыс беру өткізу туралы шешім қабылдады.
Қайта дауыс беру нәтижесінде де Ақкербез Ысқаққызы жеңімпаз атанып, әділ таңдалғанын дәлелдеді. Ақкербезді 87 мыңнан астам дауыс берушінің 30,5 мыңы қолдаса, екінші орынға 23,1 мың дауыспен Назерке Мырзағалиева ие болды. Үшінші орынды 10,1 мың дауыс жинаған Ақерке Серікжан иеленді.
Байқау жеңімпазы Ақкербез Ысқаққызына арнайы тәж бен шапан табысталды. 17 жастағы Қызылорда облысының аруы ұлттық сұлулықты, даналық пен ізеттілікті бейнелейтін жаңа символ ретінде танылды.
Дархан Жолшыбеков қызына пәтер мен көлік сыйлады
Блогер Дархан Жолшыбеков некесіз туған қызын мойындап, оған көлік пен пәтер сыйлады.
Жастар арасында танымал блогер Дархан Жолшыбеков басы дауға қалғаннан кейін, некесіз туған қызын мойындап, оған барынша қамқорлық көрсететінін айтты. Блогер тұңғышымен алғаш рет Жезқазған қаласында кездесіп, қызын автосалонға шақыртып, су жаңа көліктің кілтін табыстады.
Дархан Жолшыбеков Instagram парақшасында қызымен кездескен сәтін бөлісіп, қызына деген махаббатын білдірді.
Бұл Жолшыбек Айша Дарханқызы. Айшаның анасы қазір тұрмыстағы адам, бір үйдің келіні. Өзін түсірмей-ақ қоюын өтінді. Айшаны апарасың, өз жұмыстарың бар. Бұл көлік таза саған, – деді ол.
Сонымен қатар блогер қызына Астана қаласынан екі бөлмелі пәтер сыйлап, оның емі мен қажетіне қомақты қаражат бөлді.
Сейфуллин Жолбарыс екінші әйелімен де ажырасты
Танымал әнші Сейфуллин Жолбарыс екінші жұбайы Екатеринамен арақатынасы туралы ақпаратты жария етіп, екі жыл бұрын ажырасқанын растады. Бұл туралы ол өзінің Instagram парақшасында жазды.
Өзара ортақ шешімге келіп, біз екеуміздің екі жыл бұрын ажырасқанымызды растаймыз. Еш өкпесіз, бір-бірімізге алғыс айта отырып, қыздарымызға жақсы әке мен жақсы ана болуға тырысамыз. Журналистер және өзге адамдардың артық сұрақтар қоймауын сұраймыз , – деп жазды әнші.
Сейфуллин Жолбарыс бұл мәлімдемеге пікір жазу мүмкіндігін шектеп қойды.