Жаңалықтар

2024 жыл ТМД елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланды

2024 жыл ТМД елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жарияланды
Фото: primeminister.kz 19.12.2023 00:32 1291

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәскеу қаласында (РФ) өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы үкіметтері басшылары кеңесінің кезекті отырысына қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы өз сөзінде Қазақстан интеграциялық байланыстарды тереңдету және оны жаңа практикалық мазмұнмен толықтыру үшін ТМД алаңында одан әрі бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі екенін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары кеңесінің өткен отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған басымдықтар ТМД форматындағы өзара іс-қимылды күшейтуге бағытталған. Ең бастысы – туындаған сын-қатерлерді еңсеру, тиімді әріптестікті нығайту үшін жаңа бағыттар іздеу, — деді Әлихан Смайылов.

Мәселен, келер жылы бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарының бірі мәдени-гуманитарлық байланыстарды, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім және спорт салаларындағы өзара іынтымақтастықты кеңейту болмақ.

Премьер-Министр Қазақстан 2024 жылдың ТМД елдерінде Волонтерлік қозғалыс жылы деп жариялануын құптайтынын атап өтті.

Бүгінде Достастық елдерінің еріктілері өздерінің тынымсыз еңбектерінің арқасында толерантты қоғамның дамуына, қайырымдылық пен мейірімділік мәдениетін қолдауға елеулі үлес қосуды жалғастырып келеді. Достастық елдері еріктілерінің жыл сайынғы форумын өткізу және оған ТМД-ның тұрақты алаңы мәртебесін беру туралы қазақстандық бастаманы іске асыру бойынша нақты жұмыстарды бастауға шақырамын, — деді Үкімет басшысы.

Денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты тереңдету туралы айта келе, Әлихан Смайылов дене шынықтыру және спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Биыл мүмкіндігі шектеулі балалар арасында ТМД елдерінің спартакиадалары және ТМД чемпионаттарын өткізу үшін ұйымдастыру-құқықтық негізін құру аталған бағыттағы үлкен жетістік болып отыр.

Қазақстан бұл жұмысты қолдайды және алдағы жарыстарға белсенді қатысуды жоспарлап отыр, — деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, өзара іс-қимылдың тағы бір маңызды бағыты – Достастық елдерінің азаматтарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсету.

ТМД шеңберінде әзірленген денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық тетіктері кең ауқымды коронавирустық пандемияны еңсеруге ықпал етті. Сонымен қатар біздің елдер қазір тағы да кең таралған аурулармен бетпе-бет келіп отыр, оның ішінде қызылша індетінің өршуін ерекше атап өтуге болады. Осыған орай денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кеңесті қоса алғанда, ТМД-дағы барлық өзара іс-қимыл тетіктерін жандандыруға шақырамыз, — деді Премьер-Министр.

Оның айтуынша, Қазақстан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен алғашқы медициналық-санитариялық көмек бойынша елдер коалициясын құруды ұсынды.

Бұл аурудың алдын алу және денсаулықты қорғау қағидаттарын ілгерілетуге, бірлескен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді, — деп баса айтты Әлихан Смайылов.

Жиын соңында Премьер-Министр ТМД елдерінің мәдениет саласындағы көпжоспарлы өзара іс-қимылды дамыту жөніндегі жалпы тәсілдері Мәдени ынтымақтастық перспективалары туралы мәлімдеменің жобасында көрсетілгенін атап өтті.

Біз аталған құжатты 2022 жылғы 14 қазанда Астанада өткен ТМД саммитінде қабылданған елдеріміздің басшыларының Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы мәлімдемесін дамыту ретінде қабылдаймыз, — деп түйіндеді сөзін Әлихан Смайылов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға