2023 жылы университеттерде онлайн оқу енгізіледі
Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Орталық коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында айтты, деп хабарлайды El.kz.
«Онлайн оқыту маңызы артып жатыр. Келесі оқу жылдан бастап онлайн білім беру түрі жүзеге асырылады. Университеттерде цифрлық оқыту ресурстары, білім желілері мен жаппай ашық онлайн курстарды дамыту жоспарда бар»,- деді вице-министр.
Еңбек нарығын практика мамандарымен қамтамасыз ету үшін оқу жылының басынан бастап 7 университетте пилоттық режимде қолданбалы бакалавриат бағдарламасы енгізілетінін атап өтті.
«Бағдарлама негізінде жұмыс берушімен тығыз байланыста отырып, практикада білім алу принципіне сәйкес оқытылып жатыр»,- деді ол.
Оның айтуынша, 4 ЖОО- да жыл басынан бері пилоттық режимде интегралды-әлеуметтік GPA енгізілді.
«Бұл жоғары оқу орнында әлеуметтік GPA сембиозы болып табылады. Осы арқылы студенттердің университетте жасап жүрген стартап жобасы, ғылыми-зерттеу, спорттық, әлеуметтік іс-шаралар және волонтерлық жұмыстардың барлығы ескеріліп, бағаланады», - деді Қуаныш Ерғалиев.