Жаңалықтар

2023 жылы шекарадан өту ережелерін бұзған 5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды

2023 жылы шекарадан өту ережелерін бұзған 5 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылды
Фото: © ОКҚ 16.08.2023 13:04 1261
Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Шекара күзеті департаменті бастығының бірінші орынбасары Серік Ахметқалиев айтты. Сондай-ақ елімізге заңсыз немесе жалған құжаттармен кіруге әрекет жасаған шетелдіктердің саны артты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгінде Үкімет қаулысымен 101 өткізу пункті айқындалған, оның ішінде авиациялық, теңіз, өзен, теміржол, автомобиль өткізу пункттері бар. Қытай Халық Республикасымен шекарада бізде 7 өткізу пункті ашылған және жұмыс істейді, Қырғыз Республикасымен – 8, Өзбекстан Республикасымен – 11, Түрікменстанмен – 2, Ресей Федерациясымен – 51, сондай-ақ 3 теңіз және 19 авиациялық өткізу пункті бар. Өткізу пункттерінің барлығы мемлекеттер арасындағы келісімдерге сәйкес штаттық режимде жұмыс істейді, - деді ол.
2023 жылдың 7 айында өткен жылмен салыстырғанда адамдар мен көлік құралдарының шекарадан өтуі екі есе артқанын атап өткім келеді. Бұған еліміздің көліктік-транзиттік әлеуетін арттыру, жаңа әуе бағыттарын ашу, келу туризмін дамыту мақсатында шетелдіктер үшін визалық және иммиграциялық ережелерді жеңілдету ықпал етті. Осы уақыт аралығында мемлекеттік шекара арқылы барлығы 20 млн 527 мың 689 адам, 4 млн 492 мың 435 көлік құралы өтті.
Тәулігіне орта есеппен 190 мың адамға дейін (оның ішінде 90 мыңға дейін шетелдіктер) және 30 мыңға дейін көлік құралы өтеді. Адамдар ағынының ұлғаюымен қатар, елімізге заңсыз немесе жалған құжаттармен кіруге әрекет жасаған шетелдіктердің саны артты. Атап айтқанда, кіру-шығу арнасында бөтен және жалған құжаттар мен ҚР визаларын қолданған 150-ден астам адам ұсталды. Бұл адамдар елге кіргізілмей, өз елдеріне депортацияланды. Заңнаманы бұзғаны үшін 5 мыңнан астам адам және 10 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды (өндіріп алынған айыппұлдардың жалпы сомасы 50 млн теңгеден асты), - деді ол.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілі берген ақпаратқа сәйкес, қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 227 ҚР азаматы мен шетелдіктер ұсталды.
Паспорттық бақылау барысында шет мемлекеттердің азаматтығы бар Қазақстан Республикасының 254 азаматы анықталды. Адамдар ҚР азаматтығынан айыруды ресімдеу және әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін ішкі істер органдарына тапсырылды. 324 жағдайда 2,8 млрд теңгеден астам сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді, 184 млн теңгеден астам сомаға зергерлік бұйымдарды заңсыз әкелудің 12 әрекеті анықталды. 166 жағдайда әртүрлі калибрлі қарулар мен оқ-дәрілерді шекарадан заңсыз өткізу әрекеттері тоқтатылды. Діни сипаттағы 3 335 кітап пен брошюра анықталып, сараптамаға берілді. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелерінде Шекара қызметі халықаралық қатынастар жолдарында есірткінің заңсыз айналымының жолын кесу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Ағымдағы жылы шекарадан «героин», «канабис шайыры», «ауған чарсы» деп аталатын 940 келіден астам ауыр есірткі заттарының жолы кесілді, - деді ол.
Сонымен қатар Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының өткізу пункттерінде аса ірі көлемде есірткі ұсталды. Есірткі контрабандасының барлық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалады. Мәдениет, туризм және спорт министрлігімен бірге «Атамекен» Ұлттық палатасының бастамасымен шетелдік азаматтардың туристік белсенділігін арттыру мақсатында туристік топтар үшін шекарадан өтуде басымдық қарастырылған. Сондай-ақ әуежайларда паспорттық бақылаудың биометриясы негізінде автоматты түрде өтудің жаңа технологияларын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
 
Мәселен, Астана қаласының әуежайында тестілік режимде отандық өндірістің паспорттық бақылаудың автоматтандырылған байланыссыз жүйесі сынақтан өткізілуде. Бұл бұл бақылауды енгізудегі басты себептер экономикалық тиімділігі, паспорттық бақылауды жүргізудің қауіпсіздігі, жылдамдығы және ыңғайлылығы болып табылады. Болашақта шекарадағы қарқынды өткізу пункттерін және Қазақстан Республикасының ірі халықаралық әуежайларын жарақтандыру жоспарлануда. Үкіметтің қолдауымен 46 автомобиль өткізу пунктінің жаңа заманауи инфрақұрылымын құру жұмыстары жүргізілуде.
 
Сырым, Тасқала, Әлімбет, Үрлітөбе, Жаңажол, Қосақ, Құрманғазы, Ақсай, Қайрақ сияқты аса қарқынды бағыттарда негізгі жобаларды іске асыру мерзімі 2024-2025 жылдарға бекітілді. Жүргізіліп жатқан реконструкциялауға байланысты шекарада «Қапланбек» өткізу пункті толығымен, «Бақты», «Майқапшағай», «Қазығұрт», «Атамекен» өткізу пункттері жартылай жабылған. «Достық» және «Қалжат» жаңа өткізу пункттерінің құрылысы жүргізілуде. Іске асырылып жатқан шаралар сервиске, жылдамдыққа, қауіпсіздікке бағытталған. Толық техникалық жарақтандыру арқылы автомобиль өткізу пункттерінің қазіргі заманға сай инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік туады.
Көші-қон саласындағы 5 заңнаманы сақтау қажет:
- шетелге шығу кезінде жол жүру құжаттарының жарамдылығын (қолданылу мерзімін);
- тиісті ақпараттық сайттарда алдын ала (Adilet.gov.kz, Egov.kz) «борышкерлер тізілімі» бөлімінде берешектерінің бар-жоғын тексеру қажет
- шекара арқылы тыйым салынған заттар мен материалдарды алып өтпеуі керек.
- шекараның жекелеген бағыттарында өткізу пункттері реконструкциялаудан өтуін, сондай-ақ көлік құралдарының кептелісін ескере отырып (жүк тасымалының маусымдық ұлғаюына байланысты), қозғалыс бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылды.
Шетел азаматтарына Қазақстан Республикасында болған кезде елімізде болу мерзімдерін сақтау, мерзімдері ұзартылған жағдайда мемлекеттік шекарада қиыншылықтарға тап болмау үшін тиісті мемлекеттік органдарға жүгініп, күмәнді адамдардан аулақ болу ұсынылады.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға