Жаңалықтар

2023 жылы болған жантүршігерлік қылмыстар

2023 жылы болған жантүршігерлік қылмыстар
Фото: коллаж Еl.kz 29.12.2023 11:00 4686

2023 жылы елімізде бірқатар жантүршігерлік қылмыстар мен қанды оқиғалар болды. Олар қоғамның қызу талқысына түсіп, жұртшылықтың наразылығын тудырды. Бірі ондай қылмыскерлерді ату жазасына кесу керек десе, енді бірі өмір бойына соттау керегін айтты. El.kz ақпарат агенттігі жылды қорытындылай келе, биыл болған аты-шулы қылмыстарға шолу жасады.  

Салтанат Нүкенованың өлімі

9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өз әйелін өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Дереккөздерге сүйенсек, ол Астанадағы мейрамханалардың бірінде өз әйелін ұрып өлтірген. Оқиға кезінде экс-министрдің өзі мас болған.

11 қарашада Салтанат Нүкенова туған жері Павлодарда жерленді.

21 желтоқсанда Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты 12 сараптамалық істің 10-ы аяқталғаны белгілі болды. 

Қуандық Бишімбаев 2018 жылдың наурыз айында жемқорлық айыбымен 10 жылға сотталған. Тергеу оны «Байтерек» ұлттық холдингін басқарып тұрғанда Қызылордадағы әйнек зауытына бөлінген қаржыдан 1 миллиард теңге жымқырған деп айыптаған. 2019 жылы қазанда ол шартты жазамен босап шыққан. Бұған дейін ол бірнеше мемлекеттік органдарда қызмет атқарған. 2009-2010 жылдары экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі де болған.

Түркістандағы 5 жасар қыздың өлімі

Биыл Түркістан облысында Сарыағаш ауданы Жібек жолы ауылында 5 жасар қызды айуандықпен өлтірген педофильдің әрекеті бүкіл Қазақстанды дүрліктірді. 13 шілде күні үйінен шыға сала жоғалып кетіп, кейін көршісінің ауласындағы сарайдың шатырынан өлі табылған. Денесінде зорлық белгілері бар. Белгілі болғандай қылмыскер 48 жастағы Сайдолим Гаийбназаров болып шықты. Ол оқиға күні мас болған. Дереккөздерге сүйенсек, аулада ойнап жүрген 5 жасар қызды ән қойып беремін деп алдап өз үйінің ауласына кіргізіп, дәрменсіз күйін пайдаланып, күш қолданды. Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасаған.

Марқұмның әкесінің айтуынша, қызды жеті-сегіз жерінен пышақтап,  жауыздықпен өлтірген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл істі назарына алып, Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият тексеруді тапсырған еді.

Бас прокуратураның мәліметінше, қылмыскер бұған дейін де кісі өлтіріп 10 жылға сотталған. Бірақ кейіннен пробациялық бақылау белгілеумен 3 жыл бас бостандығына шектеу тағайындалған.

7 қыркүйекте Шымкентте оған үкім шығарылды. Сот оны 5 жасар қызды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сотталған адам қауіпсіздігі ең жоғары колонияда жазасын өтеп жатыр.

Павлодарда 7 жастағы қызды анасы өлтірген

17 қараша күні Павлодар облысы Екібастұз қаласынан 50 км жердегі Бесқауға ауылында 7 жастағы қыз жоғалып кетті. Артынша өз қызын өлтірді деген күдікпен марқұмның анасы мен оның көңілдесі қамауға алынды.

39 жастағы анасы қызын өлтіргенін мойындаған. Бесқауға ауылында балаларымен бір өзі тұрған. Ал күйеуі мал бағып күзеуге кеткен екен. Көршілері анасының маскүнем екенін айтқан.

Дереккөздерге сүйенсек, 7 жасар Милана Давыдованы іздеу жұмыстары 3 күнге созылған.  Қыздың анасының айтуынша, демалыс күндері балаларымен бірге ауылдан 15 шақырым жердегі шаруа қожалығындағы күйеуіне баруды ұйғарыпты. Қызы барудан бас тартып, үйден шығып, қайтып оралмаған. Қыздың әкесі жұмысқа кеткен кезде, анасы көңілдесімен болғанын кішкентай бала көріп қойған. Өзінің опасыздығын жасыру мақсатында, Милананы айуандықпен өлтіріп, көрші аулада қоқыстың астына көміп тастаған. Ол басынан ауыр соққы алып көз жұмған.

Ақтауда әкесі 3 баланы бауыздап өлтірген

24 наурызда Маңғыстау облысы Ақтау қаласында әкесі өзінің 3 баласын өлтірді деген дерек тіркелді. Оқиға қаладағы 27 шағын аудандағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Олар 2011, 2014 және 2016 жылы туған балалар.  3 баласын өз қолымен өлтірген қылмыскер 36 жастағы Жәнібек Есенов. Ол әйелі Айдана Қасиевамен өткен жылдың қараша айында ажырасып кеткен. Есеновтың әпкесінің айтуынша, жантүршігерлік қылмысқа бауыры әйелімен болған жанжалдан кейін барған. Оның туыстары мен жақындары олардың өзге ағым өкілі екенін де айтқан.

Жантүршігерлік жағдайдан кейін журналистер балалардың анасымен тілдесті. Анасы сұхбат беруден бас тартқан.

«Айта берсін, мен ешкімнің алдында ақталмаймын. Намаз оқитыным рас, намаз оқимын. Қоғамда қазір бәрі «вахабист» дейді, айта берсін. Маған бәрібір, сөйлей берсін, мен ешкімнің аузына қақпақ болмаймын. Өз ісіме жауап беремін, болды, басқасына жауап бермеймін. Балалар Аллахқа қайтты, сол адамның себебімен Аллахқа қайтты, болды», - деді Айдана.

Полицейлердің мәліметінше, күдікті «Жусан» операциясы аясында Сириядан қайтарылған болатын. Атырауда деструктивті ағымның өкілі ретінде есепте тұрды.

Сот үкімімен сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды және оған кәмелетке толмаған балалармен қызметке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

Өгей шешесінің қолынан қаза тапқан

Алматы тұрғыны Балжан Тұрлыбек 7 жастағы өгей қызы Каринаны 4 ай бойы ұрып келген. Ал туған әкесі оған мүлде араша түспеген. Деректерге сүйенсек, 47 жастағы өгей шешесі  соңғы рет дәретін жіберіп қойғаны үшін, қыздың басын қабырғаға ұрған. Карина қатты соққыдан миына қан құйылып жан тапсырыпты. Көршілерінің айтуынша, Каринаның әкесі ішімдікке жақын болған және оны өгей шешесімен бірге әкесі де ұратын болған.

Жантүршігерлік оқиға болған күні Каринаның өгей шешесі күйеуіне хабарласып, оны өлтіріп алғанын айтқан. Әкесі сол күні жұмыста болған екен. Қыз ваннада аяғы тайып құлап жарақаттанды деп айтуға әкесін көндірген.  Дегенмен тергеу барысында әкесі бұлай айтуға әйелі итермелегенін мойындады. Каринаның әкесі сол күні жұмыстан келгенінде оны өгей шешесі ваннаға жатқызып қойыпты, киім-кешегі еденде жатқан. Басы ісіп кеткен және денесінде көгерген іздер болған. Сөзінше, қыздың кіші дәретін жіберіп қойғаны оның анасына ұнамаған. Басын қабырғаға ұрған. Қыз алған жарақатынан көз жұмған.

Тергеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр.  

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға