Жаңалықтар

2023 жылға Орнықты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі жоспар мақұлданды

Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлім етті
2023 жылға Орнықты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі  жоспар мақұлданды
Фото: Үкімет 21.12.2022 19:47 2231

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстандағы орталық мемлекеттік органдар басшылығы мен дипломатиялық корпус, БҰҰ және БҰҰДБ өкілдерінің қатысуымен Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі үйлестіру кеңесінің 6-отырысын өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Отырысқа қатысушылар биылғы ведомствоаралық жұмыс топтары қызметінің қорытындысын, Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін ТДМ бойынша БҰҰ өңірлік хабын ашу жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалу барысын қарады, сондай-ақ ОДМ-ды іске асырудың 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспарын мақұлдады.

Премьер-Министр өз сөзінде Орнықты даму мақсаттарының қағидаттарын енгізу азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және экономиканың барлық саласында үздік халықаралық стандарттарды қабылдауға бағытталғанын атап өтті.

«Бүгінгі таңда келесі жылға арналған нақты міндеттер белгіленді, оларды біртіндеп іске асыру керек», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр биылғы шілде айында Қазақстан Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өткен жоғары деңгейдегі саяси форумда ведомствоаралық жұмыс топтарының, үкіметтік емес сектордың, сарапшылар қоғамдастығының және халықаралық ұйымдардың белсенді қатысуымен жасалған 2030 жылға дейінгі орнықты даму саласындағы екінші Ерікті ұлттық шолуды сәтті таныстырғанын атап көрсетті. Оның айтуынша, құжат ҚР-ның өткен үш жылдағы жетістіктерін кешенді бағалайды.

2023 жылға Орнықты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі  жоспар мақұлдандыШетелдік әріптестер республикада жүргізіліп жатқан реформаларға қолдау білдіріп, әлеуметтік-экономикалық саланың негізгі бағыттарын одан әрі дамыту жөнінде ұсыныстар айтты.

Отырысты қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Үйлестіру кеңесінің мүшелері айтқан ұсыныстар әрі қарай Үкіметтің жұмысында ескерілетінін атап өтті, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға 2023 жылға арналған орнықты даму мақсаттарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Анықтама: Біріккен Ұлттар Ұйымы Орнықты даму мақсаттарын 2015 жылы кедейлік пен теңсіздікті жою, қоршаған ортаны қорғау, адамзаттың өркендеуін қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылға шақыру мақсатында  қабылдады. Барлығы 17 бағыт анықталды, оларды іске асыру экономика мен әлеуметтік өмірдің негізгі салаларының дамуына әсер етеді. ТДМ жетістігінің мониторингі – БҰҰ және ҚР Үкіметі өкілдерінің тұрақты бақылауында.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға