Жаңалықтар

2023 жылдан бастап елімізде кәріздік-тазарту ғимараттары салынады

Бұл туралы Үкімет отырысында айтылды
2023 жылдан бастап елімізде кәріздік-тазарту ғимараттары салынады
Фото: kk.unansea.com 27.12.2022 11:11 1847

Елімізде 2023-2028 жылдар аралығында кәріздік-тазарту жұмыстары жүргізіледі. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Республика бойынша 89 қаланың 27 қаласында кәріздік-тазарту ғимараттары жоқ. 41 қаладағы кәріздердің 60 %-ы тозған.

«Бүгінде 3 қалада кәріздік-тазарту жұмыстары бойынша жобаларды іске асыру басталып кетті. Атап айтқанда, Сарыағаш, Атырау және Форт-Шевченко қалаларында жұмыс жүріп жатыр. Келесі жылы Ақтау, Ленгер және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асырамыз. Ол үшін қаражат есебі қарастырылды», - деді министр.

Кәріздік-тазарту ғимараттары жоқ 62 қалардағы жұмыс келесі жылдан басталатынын атап өтті.

«Халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілмен тарту арқылы халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қаладағы кәріздік-тазарту ғимараттарының құрылысына жұмсаймыз. Халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қаладағы құрылыс республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылатын болады», - деді Қайырбек Өскенбаев.

Мемлекеттік кепілдікпен тартылатын халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражаттары 15 жылға дейінгі мерзімге берілетінін атап өтті.
Сондай-ақ, халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қаладағы жобаларды іске асыру үшін 403 млрд теңге қаражат кетеді деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға