Жаңалықтар

2023 жыл қорытындысы: Қазақстандағы басты мәдени жаңалықтар

2023 жыл қорытындысы: Қазақстандағы басты мәдени жаңалықтар
Фото: Коллаж El.kz 26.12.2023 16:00 2218

Тағы бір жыл түгесілуге жақын. Кез келген елдің абыройын айшықтайтын саланың бірі - мәдениет. 2023 жылы да бұл салада талай айтулы оқиғалар болды. Солардың бір парасын  El.kz ақпарат агенттігі еске түсіріп көрді. 

24 жылдан кейін «Қазақстанның халық әртісі» қайтарылды

Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Қазақстанның халық әртісі» атағын қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын айтты. Соңғы рет 1999 жылы берілген. Сөйтіп, биыл Республика күні қарсаңында бірнеше өнер иесі осы атаққа қол жеткізді. 

Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағы еліміздің көрнекті мәдениет қайраткерлері, театр және кино актерлері Дінмұхаммед Ахимовқа, Михаил Токарев пен Дулыға Ақмолдаға, опера әншілері Шахимардан Әбілов пен Талғат Күзенбаевқа, атақты әншілер Рамазан Стамғазиевке, Димаш Құдайбергенге және күйші Айгүл Үлкенбаеваға берілді. 

«Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі рекорд орнатты

Қоғамда резонанс тудырған «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмі көрерменнің көзайымына айналды. Бастапқыда аталмыш туынды экранға 21 қыркүйекте шығып, 4 қазаннан кейін алынуы тиіс болған. Алайда оның еш себепсіз экрандардан алынуына қазақ қоғамы қарсы шықты. Алғашқы аптада бұл фильм 19 миллион теңгемен 8 орында тұрды. Осылайша 5-10 қазан аралығында 6 орынға көтеріліп, 30 миллион теңге табыс тапқан. Кейінгі аптада рекорд жасап, көрсетілім бойынша I орынға бір-ақ шықты. Сөйтіп, небәрі үш күннің ішінде 107 миллион теңге кассалық кіріс түсірді.

Айта кетейік, аталмыш фильм өткен жылы Qazaqstan телеарнасынан көрсетілген аттас телехикаяның негізінде құрастырылған.

50 Cent Алматыда концерт берді

Көпшілікке танымал америкалық рэпер 50 Cent биылғы жылдың 28 қараша күні Алматыда The Final Lap Tour 2023 әлемдік турне аясында концертін өткізді. Репердің өнерін тамашалауға 10 мыңнан астам көрермен жиналды.

50 Cent Алматыдағы кештен ерекше әсер алған сыңайлы. Алайда ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында тыңдармандарына алғысын жеткіземін деп басы дауға қалған еді.

Алматы, Қазақстан, жандырды! Егер «Борат» фильмі болмағанда, менің не туралы айтып тұрғанымды түсінбеуші едіңіз. Мен – ғаламдықпын, – деп жазды репер.

Осылайша жұлдызының жеке парақшасындағы жазбасы көптің ашуын туғызды.

Айта кетейік, концерттің билет бағасы 75 мың теңгеден басталып, 300 мың теңгеге дейін жеткен.

Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы жарық көрді

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев біраз уақыт көпшіліктен таса қалған. Дегенмен, 1 желтоқсанда ол кітабын шығарды.  Заңсыз некесінен екі ұлы бар екенін жазған кітап «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» деп аталады.

Бүгін Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты кітабы жарыққа шықты», – деп жазды Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Аталмыш кітап қазақ және орыс тілінде «Меломан» және «АлматыКітап»  дүкендері желісінде сатылымға шықты.

 

Қажымұқан Мұңайтпасұлының қанжары табылды

2023 жылы 25 желтоқсан күні балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлына тиесілі құнды жәдігер «Джамбия» қанжары Ұлттық музей қорына табысталды. Қанжарды Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров тапты. Қару 100 жылдан бері жеке адамдардың қолында жүрген.

Бүгін тарихи оқиға. Оны бір кісіден сатып алдым. Бұл жәдігер жекелеген адамда тұрмау керек. Бұл елдікі, халықтікі, рухани мұрамыз. Кәсіпкер Кеңес Хамитұлы ақшасын төлеп, сатып алдық, – дейді депутат.

Тарихшылар қанжарды зерттеуге бір ай уақыт жұмсаған. Джамбия қанжары жүзінің екі жағында араб әріптерімен көне түрік-осман тілінде жазылған мәтіндер бар. Сол жағында «күшті, жеңілмейтін Мұңайтпасұлы Мұқанға», ал оң жағында «Бізден, қажылықтан естелік, Шағыр паша, 1330 жыл» деп көрсетілген.

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы атап өтілді

Осы жылдың 25 маусым күні Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толды. Мерейтойға арналған жиын ақынның туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында өтті. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен аталмыш салтанатты іс-шараға қатысты.

Ерлан Қошанов Мағжан Жұмабаевтың жерлестерін мерекемен құттықтап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.

Мағжан Жұмабаев – қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының мақтанышы. Ақынның Отанға деген шексіз сүйіспеншілікке толы жырлары халқымыздың жүрегіне жол тауып, руханиятымыздың алтын қорына енді. Мен Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда жастардың бойына ізгі қасиеттерді сіңіру қажеттігіне ерекше тоқталдым. Бұл ұлтымыздың жаңа сапасын қалыптастыру үшін өте маңызды. Осы орайда Мағжанды тану, Мағжанды таныту – тәрбиелік әрі тағылымдық мәні бар мәселе. Сол себепті оның шығармашылығын терең зерделеп, жан-жақты дәріптеу керек. Артында өлмейтұғын сөз қалдырған ақынның мол әдеби мұрасы талай буынға өнеге болары сөзсіз. Оның өміршең өлеңдері халықпен бірге жасай береді, – делінген Мемлекет басшысының құттықтау сөзінде.

Мерейтой аясында облыста халықаралық ақындар айтысының финалы, ат спорты мен қазақша күрестен жарыс өтті.

Саты ауылы «Үздік туристік ауыл» деп танылды

UNWTO Дүниежүзілік туристік ұйымы қазақстандық Саты ауылын үздік туристік ауыл деп атады. Бас  ассамблеяның Best tourism Villages by UNWTO 2023 іс-шарасы көршілес Самарқандта өткен.

Саты ауылы – «Көлсай көлдері» ұлттық саябағында орналасқан, сондай-ақ онда туристік нысандар-аттас көлдер тобы және Қайыңды көлі бар.

Бүгінде бұл ауыл қонақ үйлер саны бойынша көш бастап келеді. Оған қоса соңғы 5 жылда мұнда ыңғайлы маршруттар мен серуен жолдары құрылған, төменгі Көлсайға жол салынған. Аудан көлемінде адамдар тоқтап демалатын көптеген орындықтар, арбалар мен айлақтар бар.

Айта кетейік, 2020 жылы Саты ауылы Lonely Planet халықаралық агенттігінің нұсқасы бойынша жергілікті қауымдастықтарға негізделген туризмнің ең жақсы бағыты ретінде танылып марапатқа ие болды.

Атыраулық дизайнер Лондондағы байқаудан бірінші орын алды

Атырауда тұратын баспа дизайнері Назерке Ищанова компьютердік графиканың Digital Art стилінде электронды қаламмен картина салады.

Оның сондай үлгіде салынған «Мұнар күн» картинасы Лондон қаласында өткен «Алтын таланттар уақыты» халықаралық байқауының бірінші жүлдесін иеленді.

Онлайн форматтағы байқауға әлемнің 39 елінен 200-ге жуық үміткер қатысты.

Халықаралық байқаудың жарнамасын әлеуметтік желіден көрген едім. Былтырғы қарашада бірнеше картинаның арасынан біреуін таңдап, бағымды сынап көру үшін жібердім. Бұл байқау 2007 жылдан бері тұрақты өтіп келеді, – дейді дизайнер.

Назерке Ищанованың сөзінше, 1836-1838 жылдары халық азаттық көтерілісінің көсемі Исатай Тайманұлының туғанына 230 жыл толуына орай дайындалған «Асқақ рух» кітабының беттеуші-дизайнері болған. Сол кезде тарихшы ғалымдар мен өлкетанушылардың зерттеу еңбектерімен танысқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға