Жаңалықтар

2022 жылы игерілмеген қаражат 325 миллиард теңгені құраған

2022 жылы игерілмеген қаражат 325 миллиард теңгені құраған
Фото: primeminister.kz 07.06.2023 10:57 2686

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевқа 2022 жылы игерілмеген қаражат жөнінде тікелей сұрақ қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, 2022 жылы игерілмеген қаражат 325 миллиард теңгені құраған. Бір жыл ішінде бюджет бойынша қосымша 8 түзету және бір нақтылау жүргізілген. Жүргізілген түзетудің нәтижесінде 281 теңгеге бюджет азайтылып, әкімшілердің шығыстары 628,5 миллиард теңгеге қайта бөлінген екен.

Яғни Парламентте бюджеттің нақтылауын есепке алмағанда, бұл шамамен 1 триллион теңгені құрайды. Бұл мәселе мемлекеттік органдардың, әкімшілердің бюджет қаражатын басқару деңгейінің төмен екендігін және бюджеттік тәртіптің ақсап тұрғандығын көрсетеді. Бұл үкіметтің немқұрайлығынан туындайтын тәуекелдерді болдырмау үшін қандай шара жасайсыздар? – деді депутат Ерлан Саиров.

Сондай-ақ ол Үкімет бюджетті басқаруды өзі тәртіпке келтіре алмаса, заң деңгейінде, яғни Мәжілісте бюджетке түзетулер санын шектеу жөнінде норманы енгізу қажет екендігін айтты.

Бұл тұрғыда премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев расында да қаржы министрі ретінде осыған немесе бюджеттік тәртіпке қатысты ұсыныстың бәрін қолдайтынын айтты.

Десе де сіз айтып отырған түзетулер нақтылау заң аясында жасалған және олар қажеттілікке және бір объективті себептерге байланысты жасалған. Аудиторлық палатаның есептерін көрдіңіздер. Бұл жерде қомақты сомаға ескертулер жасалған. Бірақ Қаржы министрлігінің ішінде де Мемлекеттік аудит комитеті бар. Сол комитетке өткен жылы 5,2 триллион бюджет қаражатына 2300-ден астам аудиторлық жұмыс жүргізілген болатын, – деді қаржы министрі.

Ерұлан Жамаубаевтың сөзінше, қаражат жетпей жатқан нысандарға бос жатқан қаражатты дер кезінде жұмсау керек. Жұмсалған қаражаттың жұмсалу тиімділігін арттыруға тиісті қосымша нормалар енгізілетінін және ұсынысты бюджет кодексінде толығымен қарастыратынын тілге тиек етті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға