Жаңалықтар

2022 жылдың ең үздік отандық фильмдер топтамасы

2022 жылдың ең үздік отандық фильмдер топтамасы
Фото: El.kz 01.01.2023 14:00 9640

2022 жылы отандық кинематография саласы үздік туындылармен толықты. Олардың бірқатары елімізде ғана емес, көрші елдерде де топ жарды. El.kz ақпарат агенттігі көрермен көңілінен шығып, талқыға түскен ең үздік фильмдерді назарларыңызға ұсынады.    

Дос-Мұқасан – аты аңызға айналған ансамблдің 55 жылдығына арналған көркем туынды. «Дос-Мұқасан» – рок пен дәстүрлі ән жанрын бір арнаға тоғыстырып, қазақ эстрадасына жаңа леп әкелді. Қазақ өнерін алғашқылардың бірі болып мұхит асып, Америкаға таныстырған тұңғыш аспапты ансамбль болды. Фильм ансамбль мүшелерінің достығы туралы оқиғаны баяндайды. Режиссері – Айдын Сахаман.  Туындының түсірілімі алғашқыда ансамблдің 50 жылдық мерейтойына арналып жоспарланған. Дегенмен,  қазақстандықтар асыға күткен фильм қыркүйек айында еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартты. Түсірілім жұмыстары 1,5 жыл уақытқа созылған. Туынды отандық фильмдердің кассалық жинағында рекордтық көрсеткіш орнатып, ең көп қаралым мен қаржы жинады.

Қаш – 1930 жылдардағы ашаршылық кезеңінен өрбіген оқиға желісін қамтитын тарихи туынды. Басты кейіпкер мола қазушы Исатайдың ішкі арпалысын бейнелеу арқылы ашаршылықтың қазақ ұлты үшін қаншалықты терең жарақат екенін көрсетеді. Фильмнің трейлері мамыр айында шыққаннан бастап ерекше стилімен көзге түсіп, көрермен арасында қызу талқыланды. Ал, туынды 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларына жол тартты.  Фильмде елімізге белгілі тұлғалар Еркебұлан Дайыров, Толғанай Талғат, Ісбек Әбілмәжінов, Ондасын Бесікбаев және Варвара Шмыкова мен Александр Паль сынды ресейлік актерлерде ойнайды. Туындының режиссері Айсұлтан Сеитовтың бұл дебюттік жұмысы. Мамандар туындыны отандық алғашқы этно-хоррор жанрындағы фильм деп атады. Түсірілім үшін локацияны таңдау қиынға соққан. Мамандар ол үшін 3 ай уақыттарын жұмсаған. Сонымен қатар, сарапшылар фильмдегі актерлердің гримі мен туындының «краскасына» жоғары баға берген. Жақын арада фильмді әлемнің үлкен кино фестивальдерін көру мүмкіндігі бар, себебі, туындының авторлары кино жобаларға өтінім жолдаған.

Паралимпиец – 2022 жылдың спорт саласы бойынша түсірілген үздік туындысы. Туынды сәуір айында көрерменге жол тартты. Фильмнің басты кейіпкерлері – Асқар Ильясов, Жалғас Жангазин, Карина Кудекова және Еркен Губашев. Туындының негізгі кейіпкері  Мақсат Қуанышбаев бала кезінен Олимпиада алтынын алуды армандаған жас әрі болашағы зор шаңғышы. Сочи олимпиадасына қатысар алдында үлкен жол апатына тап болып, аяғынан айырылады. Болашағынан үміт көрмеген спортшы параолимпиадашы достарының қолдауымен спортқа қайта оралып, Пхёнчхан олимпиадасында боп жарады. Туынды өмір желісінен алына отырып, спортшылардың үлкен белестерге барар жолы мен қайсарлығын көрсетеді. Фильмнің түсірілімі Алматыда, Алматы облысында және Щучинск қаласында өтті. Қолайсыз ауа райына қарамастан -40 температурада да түсірілімді тоқтатпаған. Фильмнің дайындығына қатысып, актерлерді шаңғыда жүруге олимпиада чемпионы Елена Густалеваның өзі үйреткен. Туындының режиссері Алдияр Байракимовтың бұл дебютті үздік жұмысы деп танылды. 

Келінжан – қарапайым қазақ отбасының өмірін көрсететін комедия жанрындағы туынды. Фильмнің басты кейіпкерлері – Лейло Бекназар, Рүстем Жаныаманов, Дариға Бадыкова, Назар Шархан, Нұргүл Мыңғатова, Дәулет Үсербай және Сара Амангелді. Қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленген «Келінжан» телехикаясы толық метражды фильм болып, үлкен экранға жол тартты. Шығармадағы кейіпкерлер өзгермегенімен оқиға желісі мүлде басқаша өрбиді. Фильм ағайындар арасындағы түсініспеушілік пен абысындар арасындағы ақша үшін талас арқылы өрбиді.  Күнделікті өмірдегі келеңсіздік пен қызықты оқиғаларды әзіл арқылы жеткізеді. Көрерменге осы тұсымен ұнаған туындыдағы әр кейіпкердің сөздері әлеуметтік желіде хитке айналып, трендтен түспейді.  

Қазақша бизнес Үндістанда – 29 желтоқсаннан бастап үлкен экраннан жол тартқан белгілі туындының бұл 6-шы маусымы. Фильмнің трейлері қараша айында шыққаннан бастап, көрермен ең көп күткен туындылардың қатарына жатқызылды. Туындының авторы, продюсер, актер Нұрлан Қоянбаевтың әлеуметтік желідегі парақшасынан көрермен түсірілім барысын бақылап отырды. Оқиға желісіне тоқталатын болсақ, Жомарт есімді кәсіпкер өзінің туыстарымен бірге әлемнің түкпір-түкпірінен қоңақ үй ашып, бизнес жасайды. Кезекті бизнесін Үндістанда ашып, сол елде бастарынан өткен келеңсіз де, қызықты сәттерін әзілді түрде көрсетеді. Фильм Қазақстанда ғана емес, барша ТМД елдерінде белгілі шығармаға айналған.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға