Жаңалықтар

2019 жылдың үздік спортшылары кімдер?

Altyn Samǵaý-2019 – өз иелерін тапты
2019 жылдың үздік спортшылары кімдер?
12.12.2019 14:39 7233

ҚР Ұлттық Oлимпиада кoмитeтiнiң бастамасымен oсымeн үшiншi жыл қатарынан өткiзiлiп кeлe жатқан «Altyn Samǵaý-2019» спoрттық жүлдe кeшiндe биылғы жылы xалықаралық турнирлeрдe eл намысын абырoймeн қoрғаған спoртшылар арасындағы үздiктeр анықталды.

Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы – Бекзат Нұрдәулетов (бокс)

Бекзат Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен әлем чемпионатында алтыннан алқа тағып, ел мерейін асырған еді. Жеңіс жолында отандық спортшы төрт дүркін әлем және Олимпиада чемпионы кубалық Хулио Сесар Ла Крусты қапы қалдырған болатын. Ол осы бәсекеде чемпиондық тәжді киген жалғыз қазақстандық болды. 81 келі салмақта өнер көрсететін маңғыстаулық былғары қолғап шеберінің жойқын соққылары үшін оған боксшы-достары «Зілбалға» деген лақап ат таққан екен. 1998 жылдың 10 сәуірінде Жаңаөзен қаласында дүние келген Бекзат Әділ Басығараев, Мақсат Бақтыбазаров пен Марат Жәкиев сынды жаттықтырушылардың қарамағында жаттығу жүргізеді. Бұған дейін Нұрдәулетов жастар арасында әлем біріншілігінде (Санкт-Петербург, 2016 жыл) қола жүлдегер атанған еді. Айта кетейік, Бекзат Қазақстан чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы атанған.

«Ұлттық спорттық премияны жеңу – мен үшін күтпеген жаңалық болды. Маған дауыс берген барлық жанкүйерлеріме шын жүректен алғыс білдіремін. Бұл жетістік мені одан әрмен еңбектеніп, шабыттануыма үлкен себепкер болады», – деді боксшы.

Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы – Элизабет Тұрсынбаева (мәнерлеп сырғанау)

Элизабет Жапонияның Сайтамасында өткен әлем чемпионатында күміс медаль еншілеп, осы спорт бойынша жүлде алған алғашқы қазақстандық ару атанды. Ол, ол ма? Отандық спортшының есімі негізгі бағдарламада төрт айналым сельхов элементін орындаған алғашқы әйел мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихқа енді.

Элизабет 2000 жылы 14 ақпанда Мәскеу қаласында дүниеге келген. Бала кезінен әлсіз болған оны ата-анасы спортқа алып келеді. 2013 жылы Мәскеуде жасөспірімдер арасында алтын алған Э.Тұрсынбаеваға Ресей атынан өнер көрсету ұсынылады. Алайда, отбасылық кеңестен соң, ол Қазақстанның атынан сынға түсуге шешім қабылдаған.

Элизабет төрт құрлық чемпионатының (2019 жыл), қысқы Универсиаданың (2019 жыл) күміс жүлдегері, ІІ Қысқы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының қола медаль иегері, Қазақстан чемпионатының төрт дүркін чемпионы, Қысқы Азия ойындарының (2017 жыл) қола жүлдегері.

«Бұл жылы көптеген жұмыстар атқарылды. Мен үшін дауыс бергендеріңізге көп рахмет айтқым келеді. Әрине, мықты спортшылардың арасынан үздік деп таныламын деп ойламағаным рас. Күні ертең Мәскеуге аттанып, дайындыққа қызу кірісетін боламын, барлықтарыңызға рахмет!» – деді мәнерлеп сырғанаушы.

Үздік пара спортшы ­–  Нұрлан Домбай (паратаэквандо)

Осы жылы алғаш рет ұсынылып отырған үздік пара спортшы номинациясы паратаэквандошы атыраулық Нұрлан Домбайға бұйырды. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өткен таэквандодан әлем чемпионатында 75 келіге дейінгі салмақта алтын жүлдегер атанып, әлем чемпионы атағына ие болды. Айта кетейік, Нұрлан 2017 жылы жолындағы барлық қарсыласты қапы қалдырып алғаш рет осы сында биік тұғырдан көрінген. Оған қоса, ол үстіміздегі жылы Еуропа біріншілігінде де жеңімпаз атанды. Н.Домбай 2019 жылы Африка чемпионатында тең келер қарсылас таппаса, Азия біріншілігінде күміс медаль жеңіп алды.

Ең үздік жас спортшы – Әбілмансұр Батырғали (каратэ)

Чилиде өткен жастар арасындағы әлем біріншілігінде атыраулық Әбілмансұр Батырғали 67 келі салмақта (U-21) қарсылас шақ келтірмеді. Ол алтын медаль жолында Австралия, Ресей, Бразилия, Морокко мен Түркия елдерінен келген спортшыларды жеңіп шықты. Ол «Қайсар» спортклубында Сансызбай Тұрғаев пен Болат Ізбасқанов секілді бапкерлердің қарамағында жаттығады. Әбілмансұрды каратэге достары алып келіпті. Бір қызығы, осы спортқа махаббатын ашқан балалардың барлығы да өз бақыттарын басқа спорттан іздеуге кеткен.

17 жастағы Әбілмансұр кадеттер мен жастар арасында өткен Азия чемпионатының чемпионы, 2018 жылы Буэнос-Айроста өткен жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола жүлдегер атанған.  

«Жоспар жалғыз – психологиялық және техникалық дайындықты талап ететін өзімді-өзім жетілдірумен айналысу. Келер жылы өтетін бәсекелерде топ жарып, ұлттық құраманың сапына қосылуға жұмыс жүргізетін боламын. Әрі қарай жылжу керек!» – дейді спортшы.

Жыл жаңалығы – Әлішер Ерғали (еркін күрес)

Қыркүйек айында Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатында 97 келі салмақта өнер көрсететін Әлішер Ерғали Токио Олимпиадасына жолдама алды. 20 жастағы еркін күрес шебері елордадағы байрақты бәсекеде бесінші орынға тұрақтаған болатын. БАҚ-қа берген сұхбатында палуан бұл салмақта әлемдік деңгейде мықты спортшылар көптігін алға тартып, өз астанамызда жалауын желбіреткен додада қалай да жақсы қырынан көрініп, медальға қол созатынын айтқан еді. Қола үшін тартыста ол македониялық М.Нуровқа 5:8 есебімен есе жіберіп алған-тын.

Әлішер 1999 жылы 12 сәуірде дүниеге келген. Жетістіктері: кадеттер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2016 жыл), жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының қола медаль иегері (2018 жыл), Азия чемпионатының қола жүлдегері (2019 жыл), ҚР спорт шебері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері.

«Номинанттар қатарында болғанымды дауыс беру аяқталар тұста ғана білдім. Мені таңдап, еңбегімді бағалап, жетістігімді көріп отырған жанкүйерлерге алғысым шексіз. Келер жылы Токио Олимпиадасы өтетіндіктен, Қазақстан жалауын көкте желбіретуге барымды салатын боламын», – деді палуан.

Altyn Samǵaý-2019-дың басқа да нoминациясында жeңiскe жeткeндeр:

Үздiк cпopт кoмaндacы Xoккeйдeн Қaзaқcтaнның epлep құpaмa кoмaндacы; Ғылыми кeшeндi тoптың үздiк мaмaны Иpeк Caтoв (Бoкcтaн ұлттық құpaмaның дәpiгepi); Үздiк пapa cпopт жaттықтыpyшы Жaндoc Қиянoв (Пapaдзюдaдaн ұлттық құpaмa жaттықтыpyшыcы); Үздiк cпopт қayымдacтығы Шaйбaлы xoккeй қayымдacтығы; Үздiк cпopттық облыс Қызылopдa oблыcы; Қaзaқcтaн cпopтының мaйтaлмaны  Әмин Тұяқoв (жeңiл aтлeтикa); Жaзғы cпopт түpлepi бoйыншa үздiк жaттықтыpyшы Әceт Cepiкбaeв (еpкiн күpec); Қыcқы cпopт түpлepi бoйыншa үздiк жaттықтыpyшы Eлeнa Кpyглыxинa (фpиcтaйл);

(Суреттер ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтынан  алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға