Жаңалықтар

2018 жылы ақша үнемдеудің 10 әдісі

Ақшаны қалай үнемдеу керек?
2018 жылы ақша үнемдеудің 10 әдісі
12.01.2018 11:46 47244

Ешқандай да ырым емес. Кәдеңізге жарайтын кеңестер.

Табысыңыздың 10% жинаңыз

Барлық табысыңыздың оныншы бөлігін бірден жинақ сандықшасына немесе жинақ шотына жіберіңіз. Егер ай сайын осы әдісті әдетке айналдырып, ақшаңызды үнемдей бастасаңыз, жыл соңында еш қиындықсыз қомақты қаражат жиналғанын байқайсыз.

Шығындардың 3 түрін қысқартыңыз

Бәлкім сізді ұдайы шығынға батыратын, алайда сіз үшін пайдасы шамалы шығындар бар шығар. Мәселен, жыл сайын спорт залға абономент алатын шығарсыз, алайда айына бір-ақ рет барудың реті келер. Сонымен қатар кабельді телеарнада көп каналдарды көрсететін премиум-пакет пайдаланатын шығарсыз. Сіздің сол каналдардың бәрін көруге уақытыңыз тапшы болуы мүмкін. Соларды сұрыптай келе тек сізге пайдалысын ғана қалдырыңыз. Бір жылдан кейін таңқалмай қоймайсыз.

Несие картасынан бас тартыңыз

Барлық несие картасын лақтырып тастаңыз деген сөз емес, тек өзіңізбен бірге алып жүрмеуге тырысыңыз. Олар қалтаңызда жүргенде, әмияныңыздағы ақшадан тыс, несие картасындағы ақша туралы иллюизия пайда болады да, сіз керегі бар, керегі жоқ заттарға ақша шығындай беруіңіз мүмкін.

Қарыздардан құтылыңыз

Несиеден құтылуға асығыңыз. Неғұрлым несиенің уақытын соза түссем, сомасы азаяды деген түсініктен аулақ болыңыз. Мүмкіндігінше алдымен кішігірім қарыздарыңызды өтеуге талыпыныңыз. Келесі қадам – ірі сомадағы несиеңізді барынша жылдамдатып өтеп тастауға бар күш-жігеріңізді салыңыз.

Қайта қарыз алушы болмаңыз

Бір несиені өтей салып, келесі несиеге қол созу – көп адамдарда кездесетін әдет. Егер қайта-қайта несие алуды әдетке айналдырсаңыз, өмір бойы қарыз жабумен өтуіңіз ықтимал. Қолыңыздағы бар табысыңызды үнемшілдікпен жұмсауды үйренсеңіз, тіпті азын-аулақ ақшаңызды жинаудың реті шығып қалар. Мүмкін саяхаттау туралы жоспарлауға мүмкіндік туар.

Несиеңізді қайта қаржыландырыңыз

Несиені қайта қаржыландырудың мүмкіндіктерін іздестіріңіз, талаптарымен танысыңыз. Бәлкім ай сайынғы төлемнің сомасын азайтудың реті туар.

Керексіз заттарды сатыңыз

Әлеуметтік желілер мен әлеуметтік сайттарға хабарландыру беріңіз. Үйіңізде артық орын алып тұрған, сізге енді қажеті жоқ дүниелер болса құтылудың ретін қарастырыңыз. Сатылған жағдайда одан түскен қаражатты жинақ сандықшасына салуға тырысыңыз.

Міндетті төлемдерді кейінге ысырмаңыз

Коммуналдық шығындар мен телефонның ақысын уақтылы төлеуді әдетке айналдырыңыз. Мұндай тәртіптің екі жақты пайдасы бар. Біріншіден, айыппұл төлеуден аулақ боласыз, екіншіден дер кезінде төлеп тастағаныңыз үшін ақшаңызды өзге қажеттілікке жұмсайтын мүмкіншілік қалмайды.

Зиянды әдеттерден құтылыңыз

Мәселен, күніне бір қорап шылым шегесіз деп есептейік. Орта есеппен, бір қорап темекі – 300 теңге болса, айына 9000 теңге, ал жылына 108 000 теңге жұмсайсыз деген сөз. Егер шылымнан бас тартсаңыз, қанша қаражат қалтаңызда қаларын есептей беріңіз. Салыстырмалы түрде, дәл осы ретпен алкогольді ішімдіктерді де есептей берсеңіз болады.

Бюджетіңізді дұрыс жоспарлап үйреніңіз

Негізі отбасылық бюджетті ойша жоспарлау тиімсіз. Егер әрбір кіріс-шығысты есептеп, қойын дәптерге тіркеу қиындық тудырса, телефоныңызға арнайы қосымша жүктеңіз. Ерінбей күн сайынғы шығындарыңызды дұрыс жоспарлауды үйренсеңіз, үнемшілдікке үйренесіз.

Ендеше, іске сәт!   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға