Жаңалықтар

2018 жылдың спорт хроникасы

Ірі бәсекелердегі Қазақстан спортшыларының жетістігі
2018 жылдың спорт хроникасы
28.12.2018 12:58 5685

2018 жылы спорт әлемінде көптеген сайыстар өтіп, шын мықтыны тағы бір іріктеп алды. Қазақстан спортшылары үшін бұл жыл жарқын жеңістерімен қатар, ащы жеңілістерге де толы болды. Сонымен, Ит жылында отандастарымыз елімізге қандай табыс әкелді?

9-25 ақпан аралығында Оңтүстік Кореяның Пхенчхен қаласында өткен Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына жалғыз медальды Юлия Галышева салды. Ол фристайл спорт түрінен қола медальге қол жеткізді.

27 ақпан мен 4 наурыз аралығында Қырғызстанның Бішкек қаласында күрестен Азия біріншілігі болып өтті. Қазақстан жалпы есепте 4 алтын, 2 күміс, 11 қола медаль жеңіп алып, 4-орыннан көрінді. Еркін күрестен Нұрислам Санаев, Дәулет Ниязбеков чемпион атанса, грек-рим күресінен Алмат Кебіспаев пен Асхат Ділмұхамедов бірінші тұғырдан көрінді.

9-18 наурыз аралығында Пхенчхендегі қысқы Паралимпиадалық ойындарда Қазақстан атынан 6 спортшы қатысып, шаңғы жарысынан Александр Колядин алтын медальді қоржынға салды.

Тамыз айында Астана қаласында қазақ күресінен Азия біріншілігі өткен еді. 11 мемлекеттен келген 77 споршы өзара кім мықтыны анықтады. Ел спортшыларының қоржынына 5 алтын жүлде түсті. Оны еншілегендер: Ербол Алдухан, Оспан Дәулетбай, Ерсын Сейітқазинов, Әділжан Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров.

19-26 тамыз аралығында Алматы қаласында мини-футболдан студенттер арасында әлем чемпионаты болды. Қазақстан теңбілдопшылары 2-орыннан көрініп, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Олар финалда Ресейден келген футзалшыларға есе жіберді.

18 тамыз бен 2 қыркүйек айларында Индонезияның Джакарта қаласында өткен жазғы Азиада ойындарында ел спортшылары 15 алтын, 17 күміс, 44 қола медаль алып, жалпы есепте 9-орынға тұрақтады. Бұл барлық Азиада ойындарындағы еліміз көрсеткен ең нашар көрсеткіш болып отыр. Сонымен, Қазақстанға алтын жүлде сыйлағандар: Алексей Луценко (велоспорт, 2 алтын); Илья Голендов, Алексей Дергунов, Сергей Токарницкий, Евгений Алексеев (ескек есуден командалық сайыс);  Инна Клинова (ескек есуші); Дархан Нортаев (джиу-джитсу); Руслан Исраилов (джиу-джитсу);  Бағлан Ибрагим (самбо); Ділдаш Құрышбаева (самбо);  Даяна Әбдіребекова, Алина Әділханова және Адиля Тлекенова (көркем гимнастика, командалық сын); Алина Әділханова (көркем гимнастика);  су добынан ерлер құрамасы; Дидар Хамза (дзюдо); Гузалия Гафурова (каратэ); Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру);  Дмитрий Алексанин (семсерлесу).

Ал 6-16 қазан аралығында өткен ІІІ Пара Азиада ойындарында Қазақстан құрамасы 33 медальды қоржынға салды (5 алтын, 15 күміс пен 13 қола). Алтын жүлде суда жүзушілер Сиязбек Далиев, Дмитрий Ли, Ержан Сәлімгереев (екі алтын), Зульфия Габидуллиналардың еншісінде.

6-18 қазан күндері Аргентинаның Буэнос-Айрос қаласында жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындарының алауы жағылды. Қазақстан спортшылары 4 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль еншілеп, жалпы командалық есепте 14-сатыдан көрінді. Бекарыс Сәдуақас (дзюдо), Глеб Брусенский мен Евгений Федоров (велоспорт, командалық сын), Айбек Оралбай (бокс) мен Диас Бахраддин (ескек есу) Олимпиада чемпиондары атанды. Ал Талғат Шайкен, Дамир Тойбай (екеуі де бокс), Маргарита Гриценко (дзюдо) күміспен күптелсе, Надежда Рябец (бокс), Әбілмансұр Батырғали (каратэ), Стелла Суханова (ескек есу) үшінші орыннан көрінді.

1-10 қарашада Түркменстанның Ашхабад қаласында ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы бір күміс пен бір қола медаль алып, сәтсіз өнер көрсетті. Арли Чонтей күміс жүлде алса, Надежда Лихачева қола медаль еншіледі.

8-12 қараша аралығында Бухарест қаласында өтен самбодан әлем чемпионатында қазақстандық спортшылар жоғары жетістіктерге қол жеткізді. 68 келі салмақта Нұрбол Серіков чемпион атанса, әйелдер арасынан Гүлнұр Ерболова қола медальді жеңіп алды. Ал әскери самбодан 82 келі салмақта Темірлан Иқсанғалиев алтыннан алқа тақса, Нұргелді Қиялбеков күміс жүлдені олжалады. Нұркен Домбаев пен Серікжан Түсіпов үшінші орыннан көрінді.

15-24 қараша аралығында Үндістанның Нью-Дели қаласында бокстан әйелдер арасында әлем чемпионатының жалауы желбіреді. Ел атынан сынға түскен бұрымды былғары қолғап шеберлері бір күміс пен бір қола жүлде еншіледі. Жайна Шекербекова екінші орынға тұрақтаса, Карина Ибрагимова қола медаль алды.

30 қараша мен 2 желтоқсан аралығында Малайзияның астанасы Куала-Лумпур қаласында таэквандодан Азия чемпионаты өткен еді. Қазақстан спортшылары барлығы 22 медаль жеңіп алды, оның 14-і алтын, екеуі күміс, алтауы қола жүлделер. Анохин Степан, Талғат Сайдалин, Екатерина Нұрперзентовалар Азияның абсолютті чемпиондары атанды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға