Жаңалықтар

2016 жылғы ҰБТ қорытындысы

2016 жылғы ҰБТ нәтижесі
17.06.2016 06:08 24866

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. 2-9 маусым аралығында өткізілген ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл 81,2  болды, бұл 2015 жылмен (79,4) салыстырғанда 1,8 %-ға жоғары. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

 2016 жылғы ҰБТ қорытындысы

Биыл жалпы орта мектепті 86999 түлек тәмамдаса, тестілеуге 84079 бітіруші қатысты. Оның ішінде 61739 оқушы тестіні қазақ тілінде тапсырса, 22340 түлек орыс тілінде білімдерін сарапқа салды.

Тестілеу республиканың барлық облыс және басым көпшілігі аудан орталықтарындағы 165 тестілеуді өткізу пункттерінде өткізілді.

Бес пәннен 100 баллдан жоғары жинаған түлек саны – 16565. Мүмкін болған 125 балды 19 бітіруші жинады. Олар:

- Маткалиева Динара Маратқызы, Ш.Уәлиханов атындағы №12 мамандандырылған гимназия, Алматы қ.;

- Меирханова Аружан Ерланқызы, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия, Алматы қ.;

- Оспанова Рамзия Рамазановна, Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназия, Алматы қ.;

- Мухаметкали Еркежан Досенқызы, №175 «Жаңа ғасыр» гимназиясы, Алматы қ.;

- Махамбетов Қалдыбек Ибрагимұлы, №169 мектеп-лицей, Алматы қ.;

- Беркинова Акнур Нурболовна, Қаратөбе мектеп-гимназиясы, Батыс Қазақстан облысы;

- Болат Кәмшат Болатқызы, №17 Семей мектебі, Семей қ.;

- Ержанов Нұрасыл Ержанұлы, №72 мектеп-лицей, Астана қ.;

- Исмаилова Дана Суюндыковна,  Х.Оспанов атындағы №3 мектебі, Павлодар обл.;

- Маратова Ақерке Маратқызы, Абай атындағы мектеп, Шығыс Қазақстан облысы;

 - Усин Адиль Куатович, Қызылқақ мектебі, Павлодар обл.;

- Балтабай Ерасыл Айтбекұлы, Б.Момышұлы атындағы №120 мектеп, Шымкент қ.;

- Әбубәкір Ақмарал Кенжеханқызы, А.Шерімқұлов атындағы мектеп, Оңтүстік Қазақстан облысы;

- Кеңесбеков Абылай Еркінұлы, Мухамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған мектебі, Шымкент қ.;

- Тортай Аяжан Қайратқызы, М.Әуезов атындағы мектеп, Оңтүстік Қазақстан облысы;

- Түгелбай Фариза Абайқызы, «№178 лицей» (Алматы қ.);

- Әбішев  Тілекберген Абдыманапұлы, №3 Қазақ – түрік лицкей-интернаты, Жезқазған қ.;

-Асан Ақтолқын Болатқызы, Д.И.Менделеев ат.№15 мектеп-лицей, Шымкент қ.;

-Турдиева Мерей Хайроллақызы, үш тілде оқытатын №2 мамандандырылған мектеп-иетернаты, Шымкент қ.

Осы жылы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар саны 14252 түлек (16,95%), оның ішінде қазақ тілді оқыту бойынша 10267, орыс тілді оқыту бойынша 3985 оқушы жинай алмады.

Биыл «Алтын белгі» белгісіне 4 768 оқушы үміткер болды. Алайда 2 371-і үмітті ақтап, айрықша белгіні (50%) растады. Бұл көрсеткіш 2015 жылы – 44% құраған еді.

Тестілеудің жеті күнінің нәтижесінде тыйым салынған заттарды қолданған және аудиторияда тәртіп бұзған үшін 38 бітіруші тестілеуден шығарылды және нәтижелері жойылды.

Тестілеу нәтижесі ҰБТ өткізу пункттеріндегі тақтайшаларға ілінумен қатар Ұлттық тестілеу орталығы сайтына www.testcenter.kz енгізіледі.

2016 жылғы ҰБТ қорытындысы

Қарағанды қаласы

2016 жылдың 3-7 маусым аралығында Қарағанды облысының 15 ҰБТ өткізу пунктінде (ҰБТ ӨП)  ұлттық бірыңғай тестілеу өтті. Тестілеуге 4475 мектеп бітіруші түлек қатысты.

«Алтын белгі» аттестатына үміткер 218 мектеп бітіруші түлектің 121-і білімін дәлелдеді.

Үздік аттестатқа үміткер 97 мектеп бітіруші түлектің 41-і білімін дәлелдеп шықты.

ҰБТ-ны өткізу кезінде түлектерді аудиториядан шығарып жіберу, нәтижесін жою немесе басқада  төтенше жағдайлар орын алмады. Бүгінгі күні республикалық көрсеткіш – 81,3 балл. Алдына ала берілген деректер бойынша облыстағы орташа көрсеткіш 81,9 баллды құрайды (өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 2,5 баллға өскен).

Облыс бойынша ең жоғарғы нәтиже – 125 баллды жинаған № 3 КТЛ түлегі  Әбішев Тілекберген Абдыманапұлы.

Ең жоғарғы нәтиже көрсеткен «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернаты  - 114,7 балл және Жамбыл атындағы  мамандандырылған мектеп-интернат – 111 балл.


Атырау облысы

Ұлттық бірыңғай тестілеу (әрі қарай - ҰБТ) Атырау облысында 3-7 маусым аралығында жүргізілді. ҰБТ-ға қатысуға Атырау облысы бойынша 3168 түлек өтініш берген. ҰБТ Атырау облысы бойынша 9 пунктте өтті. Тестілеудің обьективтілігі пен ашықтығын қамтамасыз ету үшін тестілеу пункттері тиісті техникалық құралдармен жабдықталды. Атырау облысында тестілеуге қатысқан 30 мың 110 түлектің мың 117-сі шектік баллды еңсере алмады. «Алтын белгіге» үміткер 77 оқушының 39-ы ғана үміт үдесінен шықты.  «Үздік аттестатқа» ұсынылған 18 оқушының 12-сі сүрінген. Облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш – 123 балл. Ең төменгісі – 22. Ал 50 балл жинай алмаған талапкерлер тамыз айының 19-24 аралығында тағы бір мәрте бағы мен бабын сынай алады. 


Ақтөбе облысы

Ақтөбе облысы бойынша ҰБТ-ға 4598 түлек қатысты. Нәтижесінде, облыстың орташа балы – 82,8-ді құрап отыр. Өңірдегі жайсыз жағдайлардан кейін Ақтөбе қаласындағы екі тестілеу пунктінде 6 маусымда өткізу жоспарланған ҰБТ 7 маусымға ауыстырылды. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті мен С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің базасындағы пункттердің қауіпсіздігін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің өзі келіп қадағалап, түлектерге қолдау көрсетті. 

Тестілеу нәтижесінде облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттар алдыңғы қатарда тұр. Көш басында — қазақ-түрік лицейі: орташа балл — 104. Одан кейінгі кезекті М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат (100,7  балл) пен облыстық мамандандырылған физика-математика мектеп-интернаты (96,8) иеленеді. Білім сапасы жоғары үш аудан: Алға (96,4 балл), Ырғыз (91 балл), Хромтау (89,5 балл).

Облыс бойынша ҰБТ-да ең төмен көрсеткіш Темір ауданының үлесіне тиеді. Бұл ауданның орташа балы — 70,9. Дегенмен, өткен жылмен салыстырғанда сәл де болса (3,1 балл), ілгерілеу бар.

Ақтөбе қаласындағы мектептердің арасында №15 мектеп көш бастап тұр. Аталған мектептің орташа көрсеткіші — 97,7 балл. Одан кейінгі кезекті №21 мектеп-гимназия мен №50 мектеп иеленеді. Бұл екі мектептің де көрсеткіші бірдей — 95,6 балл.

Тәртіп бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған түлек жоқ.

Мұғалжар ауданы А.Жұбанов атындағы орта мектептің түлегі Қалыбек Құлшар 124 балл алды. Сөйтіп, ол «Алтын белгі» аттестатын қорғап, білімін дәлелдеді. 123 балл жинаған түлек саны — бесеу.

Мектеп бітірушілердің 813-і өту балын (50 балл) жинай алмаған. Бұл — тестілеуге қатысқан түлектердің  17 пайызы.

Жалпы тестілеуге 4598  бала қатысты. «Алтын белгіге» үміткер 355 түлектің біреуі халықаралық олимпиаданың жүлдегері болғандықтан тестілеуден босатылыпты. Қалған 354 үміткердің 155-і сенімді ақтады. Қазіргі мәліметке сәйкес, 244 түлек «Үздік аттестат» алады.


Павлодар облысы

Павлодар облысы бойынша ҰБТ-ға 2564 түлек қатысқан. Тестілеудегі орташа көрсеткіш 88,2 баллды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 8 ұпайға жоғары. Аймақ бойынша ең жоғары балл (100,14) облыстық мамандандырылған мектеп түлектерінің еншісінде. Ал аудандар арасында баянауылдық түлектер тестілеуден 94,83 ұпаймен көш бастады. Екінші орынды Ертіс ауданының мектеп бітірушілері (94,65), үшінші орынды Лебяжі ауданының түлектері (90,02) иеленді.

«Алтын белгіге» үміткер 115 талапкердің 78-і өз білімін растады.  Тестілеу барысында әр пунктте тәртіп сақшылары мен медицина саласының мамандары жұмыс істеп, түлектердің құқығын бұзу фактілері тіркелмеген. Тестілеудің алдында 1133 және аудиторияда 1511 тыйым салынған зат алынған. ҰБТ-ның алғашқы күні «Жас дарын» мамандандырылған мектебінің түлегі  Айдана Әуезханова 124 балл алып, бірінші лекте ең жоғары көрсеткіше қол жеткізді. Еске сала кетейік, ҚР Білім және ғылым министрлігі жариялаған 2015 жылғы ҰБТ-ның қорытындысы бойынша Павлодар өңірі облыстар арасында көш бастады. ҰБТ индексі бойынша Астана қаласы қатысу пайызы жоғары болған үшін бірінші орынға, Алматы қаласы екінші орынға және Павлодар облысы үшінші орынға ие болды.


Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша

Оңтүстік облысы бойынша орташа көрсеткіші 77,7 баллды құрады. Оңтүстікте 1-2 балл жинай алмаған түлектер бар. Ал 1883 оқушы шектік деңгейден өте алмаған. Есесіне 125 бал жинаған үздіктердың саны алтау болып, облыстық  көрсеткішті көтерген. Сондай-ақ, 124 балл жинаған оқушылар саны – 18. Оның 11-і Шымкент қаласынан, тағы төрт оқушы Арыс қаласынан болса, Ордабасыдан – 2, Мақтааралдан 1 оқушы бар.

Биылғы орташа көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 1 балға кем. 2-8 маусым аралығында өткен мемлекеттік сынақтың нәтижесін шығарған облыстық білім басқармасы Сарыағаштық шәкірттердің ең төменгі нәтиже көрсеткенін жеткізді. Ал Кентау қаласының бітірушілері жоғары балмен өңірде көш бастаса, шымкенттіктер екінші орыннан көрініпті.

Биыл алтын белгіден үміткер 1439 оқушының 575-і үмітті ақтап шығыпты. Әсіресе, Мақтаарал ауданындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің 40 оқушысы ел бойынша үздік нәтиже көрсеткені белгілі болды. Ол өңірдің түлектері осымен үшінші жыл қатарынан ел мақтанышына айналған. Ал «Үздік атестатқа» үміткер 608 бітірушінің 167-сі білімін дәлелдеп шыққан.

Оңтүстікте мемлекеттік сынақ кезінде ереже бұзған 3 оқушы аудиториядан шығарылған. Біреуі Сарыағаш қаласының бітірушісі. Ол өзінің орнына өзгені кіргізбек болған. Ал мақтааралдық екі түлек аудиторияға тыйым салынған заттарды алып кіргені үшін сынақтан шығарылды.

Биыл облыста 31 285 оқушы мектеп бітірсе, оның 19 798-і ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Оның ішінде 19 691 оқушы сынаққа кіріп, тест тапсырды.


Маңғыстау облысы

Биыл Маңғыстау облысында 37 озат оқушы ҰБТ-дан босатылып, білім грантын ұтып алды. Олар – халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен ғылыми жобаларын қорғаған түлектер. Ал өңірде үш мыңнан астам мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдірген. 110 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер.

Биыл өңірде 3 мыңнан астам оқушы ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген. 2016 жылғы ҰБТ қорытындысы бойынша жалпы орта көрсеткіш - 74,5 пайыз. Оқушылар облыс бойынша жалпы 4 пунктте Ақтау қаласында,  Жаңаөзен, Бейнеу, Маңғыстау ауданында тест тапсырды.


Солтүстік Қазақстан облысы

ҰБТ қортындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында орташа балл 79,01-ді құрады. Бұл өткен жылман салыстырғанда 1,13 баллға жоғары. Осы жылы қорытынды аттестаттауды ҰБТ түрінде тапсыруды облыстың 3680 мектеп бітірушісінің 2502-сі таңдаған, бұл көрсеткіш орта мектеп түлектерінің жалпы санының 68%-ын құрайды.

Солтүстік Қазақстан облысында ҰБТ 8 ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу пунктерінің базасында (ҰБТӨП) өтті: Петропавл қаласында және аудан орталықтарының 7-еуінде – Булаево, Новоишимское, Пресновка, Тайынша, Саумалкөл, Талшық, Явленка.

Облыстық білім басқармасының мәліметі бойынша, облыста ең үздік көрсеткішке қол жеткізген қалалық жалпыбілім беретін № 1-ші лицейдің оқушысы Валерия Кревсун. Ол 123 балл жинады. Мектептер арасында ең жоғары 104,1 баллды қазақ-түрік лицейі көрсетті. Абу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған гимназия 103,6 балл, Петропавл қаласындағы «БЭСТ» гимназиясы 101,4 балл көрсетікішімен дараланды. Аудандар арасында орташадан жоғары 86,67 балл жинаған Уәлиханов ауданының түлектері озық тұр.

«Биыл ҰБТ бойынша оқушылардың білім сапасының жақсарғаны байқалады. Өткен жылмен салыстырып қарасақ, 100 және одан жоғары балл жинаған оқушылар саны 14,32 %-ды құраса, 2015-ші жылы 13,2% болған. Өткен жылман «Алтын белгі» бойынша салыстыратын болсақ, биыл 56 адам иеленіп, өткен жылдағыдан 19-ға артық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Үздік аттестатты биыл 26 түлек иеленсе, 2015-ші жылы 23 оқушы алған болатын.


Қостанай облысы

2016 жылғы ҰБТ-ға Қостанай облысы мектептерінің 2541 түлегі (59,58%; түлектердің барлығы - 4265) қатысты. Тестілеу қорытындысы бойынша орташа балл – 83,81. Облыс бойынша жалпы орта білім туралы аттестат алуға 102 түлек үміткер, үздік аттестат алуға - 25. Тестілеуге 102 үміткер қатысты, оның 49 (48,04%) білімін растады.

Қазақстан Республикасы білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының 23 түлегі ҰБТ босатылды (ҚТЛ - 11, Қостанай қ. - 6, «Озат» ДБМ - 3, Қостанай ауданы - 2, Арқалық қ. - 1). Жалпы білім беретін пәндер бойынша жалпы орта білім туралы аттестаттың қорытынды бағаларын аудару шкаласына сәйкес осы түлектердің баллдарына ҰБТ сертификаты берілетін болады.


Семей қаласы

Қала бойынша ҰБТ 2016 жылдың 2-6 маусым аралығында 3 ауысымда Шәкәрім атындағы СМУ жанындағы № 836 және Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті жанындағы № 862 ҰБТ өткізу пункттерінде өткізілді.

2016 жылы 11 сыныпты 1539 оқушы аяқтады, ҰБТ-ға қатысқан оқушылар саны - 950 оқушы. Қала бойынша қатысу пайызы - 61,7% ( 2015 ж. - 69,4%) құрайды.

Қала бойынша орташа балл – 82,96 балл.

«Алтын белгі» белгісіне - 36 үміткер болды, оның 26-сы немесе 72,2% қорғады. Үздік аттестатқа - 14 үміткер болды, 6 оқушы немесе 42,85 % үздік аттестатты қорғай алды.

ҰБТ қорытындысы бойынша ең жоғары 125 баллды үздік аттестатқа үміткер Болат Кәмшат Болатқызы (№17 жалпы орта білім беретін мектеп» КММ) алды.

Ең төменгі балл - 23 (№ 37 мектеп-гимназиясының оқушысы). 149 оқушы немесе 15,6% конкурстық пәндер бойынша қажетті деңгейдегі баллды ала алмады, бұл көрсеткіш 2015 жылға қарағанда 185 оқушыға кем ( 2015 ж. -334 оқушы).

100 және одан жоғары балл алған оқушылар саны – 192 (2015 ж. – 150).

ҰБТ қорытындысы бойынша, 50 және одан жоғары балл алған 801 немесе 84,3% (2015 ж. - 859 түлек немесе 72%) түлек сертификат бойынша Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуге үміткер бола алады.

Халықаралық олимпиадалар және ғылыми жобалар конкурстарының жүлдегерлері мен қатысушылары болған 10 түлек Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 25 мамырдағы № 335 бұйрығы негізінде, ҰБТ тапсырудан босатылып, емтихан қорытындысы бойынша ҰБТ сертификаттарына ие болды (2015 ж. - 23 оқушы).


Батыс Қазақстан облысы

Ұлттық бірыңғай тестілеу жылдағыдай облыстың 9 пунктінде – №771 Ақжайық,  №769 Бөрлі, №810 Жаңақала, №811 Жәнібек, №768 Казталовка, №846 Қаратөбе, №770 Сырым аудандары орталықтарында, №720 М.Өтемісов атындағы БҚМУ және №721 Жәңгірхан атындағы БҚАТУ базасында өткізілді.

Тестілеуге облыстағы 4514 мектеп бітірушінің 3322-сі қатысты. Бұл жалпы бітірушілердің 73,6%-ы.  Мектеп бітірушілердің облыс бойынша орташа балл көрсеткіші – 82,11. Тестілеу күні арыз берген оқушылардың 94-і келген жоқ, олардың 22-сі халықаралық олимпиадалар мен сайыстардың жүлдегерлері.  «Алтын белгі» алуға үміткер 192 адамның 89-ы өз білімдерін дәлелдей алды.  
Облыс бойынша ең жоғары 125 балл алған  Каратөбе ауданы Қаратөбе гимназиясының түлегі  - Акнур Беркенова.

ҰБТ-ға қатысқан оқушылардың 17,6%-ы  100 ден жоғары балл алса, 13,1%  шекті деңгейден өте алмады. Бірақ олардың осы жылдың тамыз айында қайта тест тапсыруға мүмкіндіктері бар.


Қызылорда облысы

Биылғы оқу жылында 6 570 түлек мектеп бітірсе, оның 70 пайызы ҰБТ-ға қатысты. Былтыр Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектердің орташа балы 81,7-ні құрап,  облыстар рейтингісінде 13 орыннан 5 орынға көтерілген. Ал, биыл орташа көрсеткіш 1 балға жоғарылап, 82,7 болды. 2015 жылы облыс бойынша 100-ден жоғары балл жинаған оқушы саны 653 болса, 2016 жылы 722 түлек 100-ден көп балл жинады. 4 түлек 122 балға ие болды.

Осылайша Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысқан 4 507 бітірушінің 93 пайызы 50-ден жоғары балл жинап, жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік алды. Өткен жылмен салыстырғанда «Алтын белгі» иегерлерінің саны артты. 11 жылғы білімінің деңгейін дәлелдеп 143 баланың жұлдызы жанып, ең жоғары баға алды. Сыр өңірінің балалары үшін білім алуға барлық жағдай жасалып отыр. Мемлекеттік білім гранттарынан бөлек облыс әкімінің және Ресей Үкіметінің гранттары бар. Биыл Ресейлік оқу орындарының қабылдау емтихандарына 2000-нан аса бала қатысып, оның арасынан 452 түлек оқуға жолдама алды.

Биыл Халықаралық ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздары атанған 37 түлек ҰБТ-ден босатылып, қалаған жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, облыс әкімінің грантымен әлеуметтік жағдайы нашар отбасынан шыққан 365 бала Қазақстанның алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жатыр. Биыл бұған тағы 135 грант қосылды. Яғни, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына берілетін облыс әкімінің гранты 500-ге жетті. «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2 жылда сырбойылық 2500 бала еліміздің түкпір-түкпіріндегі орта арнаулы және жоғары оқу орындарында білім алуда. Жалпы өткен жылы Қызылорда облысында мектеп бітірген түлектердің 93 пайызы оқу орындарына түсіп, білімін жалғастыруда.


 Дерек:

  • Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізіле бастаған 13 жылда оған 1 миллион 587 мың мектеп бітіруші қатысты. Бұл осы жылдардағы түлектердің жалпы санының 77 пайызы.
  • Биыл ҰБТ 165 пункте өтті. Оған қатысуға 121 092 мектеп бітірушінің 86 999-сы (72 %) өтініш берген. Олардың 83 330-сы қазақ тілінде, 37 762-сі орыс тілінде оқығандар.
  • Тестілеуге 84 079 түлек қатысты. Оның ішінде 61 739 мектеп оқушысы қазақ тілінде, 22 340 адам орыс тілінде тапсырды.
  • Бірнеше рет тәртіп бұзғаны үшін 38 мектеп бітіруші тестілеуден шығарылды. Олардың нәтижелері жойылды.
  • Биыл тест кезінде 52 982 тыйым салынған заттар тәркіленді. Былтыр 51 370 болатын.
  • Ұлттық бірыңғай тестілеуде орташа балл 81,2 болды. 2015 жылы 79,4 балл еді.
  • 19 мектеп бітіруші 125 балл жинады. Өткен жылы 5 түлек 125 балл алған.
  • Биыл 100 балдан жоғары жинаған түлектер саны – 16 565 адамға жетті. Бұл тест тапсырғандардың 20 пайызы. 2015 жылы 14 420 оқушы 100-ден аса балл (17,4 % ) жинады.
  • Ұлттық бірыңғай тестілеуде «Алтын белгі» белгісіне 4 768 үміткер болды. Соның 2 371 немесе 50 пайызы «Алтын белгі» алды.
  • Республикалық аппеляциялық комиссия тест тапсырмаларының мазмұны бойынша 547 өтінішті қарады. Соның 141-і қанағаттандырылды (44,3 % ) .

Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу соңғы рет өтті. Енді келесі жылдан бастап түлектер мемлекеттік емтихан тапсырып, аттестат алатын болады.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға