©El.kz коллажы

2016 тренді: адамдар неліктен өткенді аңсайды және ол несімен қауіпті?

2026 жылдың басында әлеуметтік желілерде ерекше тренд қарқын алды. Жылдың басталғаны сол-ақ екен, жұрттың бәрі он жылға кері шегініс жасауға көшіп, «2016 жылдың вайбына» енді де кетті. TikTok, Instagram және басқа платформаларда қолданушылар он жыл бұрынғы суреттерін жаппай жариялап, сол кезеңнің музыкасын, мемдерін, визуал стилін қайта тірілтіп жатыр.

Әлемді жаулаған тренд

Ескі фильтрлер, қарапайым селфилер, орта мектептегі кадрлар, алғашқы смартфон сапасындағы бейнелер – бәрі қайта айналымға шықты. Ал плейлистерге 2010 жылдардың ортасындағы хиттер оралды.

Оқи отырыңыз:

Психолог Серікгүл Сали 2016 тренді өзіңді ғана емес, айналаңдағы адамдарды да өткен кезеңмен салыстыруға әдемі мүмкіндік екенін айтады.

10 жыл деген көп уақыт емес, бірақ аз да емес. Бұл кәдімгідей тарих. Өзін сабырлы, салмақты ұстай алатын адам деген қанадй адам? Өзінің кешегі күні тек өзімен емес, әкесі, атасымен, жақындарымен байланысты екенін сезіну адамға психикалық тұрақтылық сыйлайды. Сонда бейсаналы түрде әрбір адам «кеше мен кім болдым?» деген сұрақтың жауабын көруге, білуге іштей сұраныс бар. Ал бұл тренд сол сұранысқа әдемі жауап секілді. Өз-өзіңді өткеніңмен салыстыру дегеніміз – адамдағы рефлексияның дамуы. Бұл соған әсер ететін әдемі бір факті. Мен ғана емес, танымал адамдар қандай болды дегенге сауалға түйіндеме тәрізді. Сол үшін де бұл халық үшін жағымды тренд, оның белең алуының себебі де сонда, – дейді маман.

Бұл тренд бірден әлемді жаулап, оған танымал жұлдыздар да қосылды. Қазақстандық өнер иелері де қалыс қалған жоқ.

Отандық актриса Динара Бақтыбаева 2016 жылы қызыққа толы кезең болғанын айтады.

Қатарынан жеті жобаға түсіп жатқанмын, бірақ шаршау дегенді білген емеспін, бәріне үлгеруге тырысатынмын. Немерелеріме айтып беретін қызықты сәттер көп болды, – дейді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Dinara Baktybayeva | Актриса (@dika_strai)

«КешYou» тобының бұрынғы солисі, әнші Айдана Меденова да 10 жыл бұрынғы суреттерін бөлісті.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Айдана Меденова (@aidanamedenova_officialpage)

Тележүргізушілер Ләйлә Сұлтанқызы мен Динара Сәтжан да 2016 жылды еске алған.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Ләйлә Сұлтанқызы (@sultankyzy)

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Динара Сатжан (@dinarasatzhan)

Танымал продюсер Баян Алагөзова да трендтен тыс қалған жоқ.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Bayan Alaguzova (@bayanmaxatkyzy)

Цифрлық кезеңге іштей қарсылық

Бір қарағанда, бұл кезекті ретро-толқын секілді. Алайда сарапшылар мен мәдениет зерттеушілері бұл құбылысты жай ғана сән емес, қазіргі цифрлық және экономикалық шындыққа берілген психологиялық жауап деп бағалап отыр. Себебі ностальгияның астарында тек сағыныш емес, бүгінгі интернет пен өмір салтына деген ішкі қарсылық та жатыр.

Әлеуметтік желілердегі деректерге сүйенсек, 2026 жылдың қаңтар айының алғашқы апталарында TikTok-та «2016» деген іздеу сұранысы бірнеше есе өскен. #2016 хэштегімен миллиондаған жазба жарияланды. Instagram-да да он жыл бұрынғы эстетикаға арналған ондаған миллион жазба бар.

Қолданушылар тек ескі фотолармен шектелмей, сол кездегі музыкалық топтамаларды жинап, 2016 стиліндегі өңдеу фильтрлерін қолданады. Одан қалды POV-видеолар түсіріп, ескі мемдерді қайта жаңғыртады және Snapchat дәуіріндегі AR-фильтрлерге ұқсас эффектілерді қайта пайдаланып жатыр. Қанық түстер, ерекше өңдеу, жарқ-жұрқ еткен кадрлар – мұның бәрі әдейі «ескілікті» көрсету үшін жасалады.

Ресейлік танымал психолог Екатерина Булгакова «Менің 2016-м» трендінің мәнін тек ретроға әуестік деп қарастыру қате екенін айтады. Оның пікірінше, бұл – әлеуметтік желідегі жеке болмысты қайта «іске қосуға» жасалған талпыныс.

«Менің 2016-м» тренді миллениалдар мен ересек зумерлер буынының ортақ цифрлық өмірбаяны іспетті. Архивтегі селфилер, студенттік шақтағы суреттер, алғашқы түсірілімдер, аңғал стиль – және «сол кезде қандай едік» деген қысқа жазба. «Бұл – қараңдар, мен қалай өзгердім» деген нарциссизм емес, керісінше, шектен тыс өз-өзіне талап қою және өнімділік қысымы басталмай тұрған кездегі көңіл күйді қайтару әрекеті, – дейді Булгакова.

Мұндай толқын жайдан-жай тумайды. Сарапшылар мұны «цифрлық эскапизмнің» жаңа формасы деп бағалайды, яғни қазіргі күрделі шындықтан психологиялық түрде шегініс жасап, таныс әрі қауіпсіз болып көрінетін кезеңге ойша оралу.

Мәдени естеліктер

Әрине, көпшілік үшін таңдау неліктен 2016 жылға түскенін білу қызық. Мамандар сөзінше, 2016 – поп-мәдениет тұрғысынан да, цифрлық орта үшін де айрықша кезең болды. Бұлай дейтініміз, сол жылы:

  • Beyoncé – Lemonade альбомын шығарды
  • Netflix – «Stranger Things» сериалын бастады
  • Леонардо Ди Каприо көптен күткен «Оскарын» алды
  • Pokémon Go ойыны адамдарды жаппай көшеге шығарды
  • Instagram мен Snapchat ең «тірі» кезеңін бастан кешірді

Дегенмен психолог өткенге көз жүгіртудің ешқандай қаупі жоқ екенін айтады. Ол сонымен қатар бұл бастаманы өткенмен өмір сүру деп те қарастырмауға шақырды.

Бұл трендтің ешқандай қаупі жоқ. Оның тіпті өткен шақта қалып қойған адамдарға да зияны жоқ, себебі оларға бәрібір. Олар өзгермейді. Өткенмен ғана өмір сүретін адамдар – бүгінде өздерінің әлеуетін аша алмағандар. Бір кездері табысты болып, сол уақытта қалып қойғандардың мәселесі бөлек, олар заман талабына ілесе алмай қалғандар, – дейді Серікгүл ханым.

Бұл – әлеуметтік желі әлі толық коммерцияланып үлгермеген, ал контент әлі «жеке бренд» құралына айналмаған уақыт еді. Адамдар желіде алгоритм үшін емес, бір-біріне арнап жазба жариялайтын.

Сондықтан 2016 жыл бүгінгі қолданушылар санасында «жеңіл», «тірі», «адамға жақын» интернет кезеңі ретінде сақталды.

Vogue журналының бұрынғы редакторы, мәдениет пен сән тоғысындағы үрдістерді зерттеп жүрген журналист Лиа Фэй Купердің айтуынша, адамдар шынымен де өмір қарапайым әрі болашаққа сенім молырақ болған кезеңдерді сағына бастады. Ол бұл құбылыстың жай ғана ескіге әуестік емес, кең ауқымды мәдени трендке айналғанын атап өтеді.

Адамдар расымен де қарапайым уақытты аңсайды. Өткенге сағыныш – біраз уақыттан бері трендке айналып келе жатқан құбылыс. Мұны сән әлемінен де анық көруге болады. Ескі стильдердің қайта оралуы, телехикаялардың жаңа нұсқада түсірілуі, фильмдердің ремейктері – соның дәлелі, – дейді Лиа Фэй Купер ABC News арнасына берген сұхбатында.

Рас, қазір мәдени тұрғыдан да айырмашылық бар. 2010 жылдардың ортасындағы интернетті көп адам «мономәдениет» дәуірі деп сипаттайды. Мемдер, трендтер, челлендждер түрлі аудиторияға бірдей таралатын. Ортақ цифрлық алаң сезілетін.

Pokémon Go феномені – соның айқын мысалы. Бұл қосымша миллиондаған адамды көшеге шығарды. Бейтаныс адамдар бір ойын арқылы байланыс орнатты. Бұл цифрлық технологияның адамдарды офлайн кеңістікте тоғыстырған кезеңі еді.

Экономикалық фактор

Трендтің астарында тек мәдени сағыныш емес, экономикалық фактор да бар. Мамандар дерегінше, сол кезде цифрлық сервистердің басым бөлігі шығынын да жаба алмайтын, компаниялар пайдадан бұрын аудитория жинауға жұмыс істеді. Бұл құбылысты кейін сарапшылар «миллениалдардың субсидияланған өмір салты» деп атады.

Салыстырмалы түрде такси арзан болды, жеткізу қызметтері қолжетімді еді, жазылым бағалары төмен әрі комиссиялар аз еді. Яғни 2016 жыл – технология бар, бірақ қолжетімді кез.

Ал қазір жағдай мүлде бөлек, жеткізу құны күрт артып, тегін функциялар ақылыға өтті, ал контент тауарға айналды.

Дәл қазір әркім өз алгоритмдерінің арасында өмір сүреді. Контент өндіру кәсібиленді, бәсеке күшейді, ал назар валютаға айналды. Пайдаланушы кез келген дүниені жақын жандарымен бөлісу үшін емес, алгоритмге ұнау үшін ғана жариялайтын кезеңге өттік.

Бұрын кофенің суретін көңіл күйіңізді білдіру үшін салсаңыз, қазір әрбір жарияланым саларда оның концепциясын, кімдерге бағытталғанын, метрика мен позициясын алдын ала ойластыруыңыз керек. Бірақ биылғы тренд сол талаптардың өзі көпшілікті шаршата бастағанын аңғартқандай.

AI дәуірі және сенім дағдарысы

Психологтар бұл трендті мазасыздыққа қарсы психиканың қорғаныс реакциясы деп түсіндіреді. Соңғы он жылда ақпараттық орта түбегейлі өзгерді. Ал 2022 жылдан бері жағдай тіпті күрделене түскендей. Себебі жасанды интеллект құралдары жаппай таралғалы бері контент өндіру жеңілдеді. Ал «Думскроллинг», AI-контенттің шамадан тыс көбеюі – жалған мен шынайылықтың арасын бұлыңғырлатты. Бұл да адамды қажытатын фактор.

Психолог Екатерина Булгакованың сөзінше, мұндай флешмоб арқылы қолданушылар қарапайым әрі шынайы кезеңге қайта оралуға тырысуда.

Бұл – бақылауды қайта сезіну тәсілі. Шынайы өмір тым жылдам өзгерген кезде, адамдар ережелері түсінікті кезеңге қайта үңіледі. Осы тұрғыдан алғанда, 2016 жылға деген сағыныш – ересек өмірден қашу емес, қазіргідей цифрлық әлемге қайта жан бітіруге ұмтылыс, – дегенді алға тартады ол.

Әлеуметтік желіні, жаңалықтарды ашсаңыз, дабыл, дағдарыс, қауіп туралы ақпарат көп. Ал 2016 жыл адамдардың есінде «шынайы» кезең ретінде қайта құрастырылып жатыр. Бұл жерде жадтың да өз логикасы бар: адам миы уақыт өте жағымсыз сәттерді ығыстырып, эмоциялық жағымды кадрларды алға шығарады.

Психология: ностальгия – қорғаныш механизмі

Мәдениеттанушылар да ностальгияның күшеюі сән, кино, музыкадағы ремейктер мен қайта оралған стильдерден анық көрінетінін айтады. Себебі қоғам белгісіздік артқан сайын өткенге жиі үңіледі екен. Бірақ ностальгия шындықтан қашу емес, ол – ішкі тұрақтылық іздеу.

Психологтар бұл құбылысты цифрлық эскапизм деп түсіндіреді. Белгісіздік күшейген кезде адам психикасы тірек іздейді. Ал он жыл бұрынғы «өзің» – ең сенімді тірек.

Мұндайда салыстыру механизмі жұмыс істейді:

«Мен сол кезде де қиындық көрдім – бірақ өттім, демек қазір де өтемін».

Парадокс: саяси күрделі кезең басталған жыл

Бір қызығы, 2016 жылды тыныш кезең болды деп айта алмайсың. Керісінше, жаһандық саяси және әлеуметтік сілкіністердің біразы сол жылы басталған.

Айталық, Ұлыбритания Еуроодақтан шығу туралы шешім қабылдады (Brexit), ал АҚШ-та Дональд Трамп президент болып сайланды, Солтүстік Корея ядролық сынақтар жүргізді, Еуропаның бірқатар елінде террорлық шабуылдар болды.  

Кей сарапшылар 2016 жылды «жаңа турбулент дәуірдің алғашқы доминосы» деп атайды. Одан кейін пандемия, геосаяси дағдарыстар, технологиялық серпіліс пен әлеуметтік күйзелістер тізбектелді. Бірақ бүгінгі трендте бұл күрделі жайт көмескі тартқан – оның орнын фильтрленген эстетика басқан.

Себебі адамның жады қиындықты ұмытуға, жағымды сәттерді алға шығаруға бейім. Бұл – психологиялық сүзгі.

Үлкен технологиялық компанияларға көзқарас өзгерді

Тағы бір маңызды фактор – ірі технологиялық компанияларға деген қоғамдық көзқарастың өзгеруі. Бұрын олар «әлемді жақсартатын инноваторлар» деп қабылданса, қазір дерек пен мінез-құлықты капиталға айналдыратын алпауыт құрылымға айналып бара жатқандай.

Жасанды интеллекттің қарқынды дамуына қатысты көзқарас та екіұдай: жұмыс жеңілдей түскенімен, алдағы уақытта көптеген маман қажетсіз болып қалуы мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, «2016 вайбы» –эстетика ғана емес, технологиялық романтизмнің соңғы кезеңіне деген сағыныш болса керек.

Бұл трендті тек жеңіл-желпі сән деу қате. Ол – цифрлық ортаның шамадан тыс коммерциялануына, қысымға, ақпараттық шабуылға берілген әлеуметтік жауап.

Мамандар 2016 тренді көпшіліктің алгоритмге емес, адамға бағытталған контентті, ортақ мәдени кеңістік пен шынайылықты аңсау деп түсіндіреді.

Бұған дейін елімізде 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынуы мүмкін екені туралы жазғанбыз. Сонымен қатар биыл әлеуметтік желілер қалай өзгереді деген сауалға жауап іздедік.