Жаңалықтар

2015 - Ассамблея жылы!

Татулық, бірлік, келісім - ең асыл іс кез келген ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді.
08.02.2015 12:12 7389

2015 - Ассамблея жылы!

Татулық, бірлік, келісім - ең асыл іс кез келген ел үшін. Қазақстан азаттық алғалы бері осы ұранды ту етіп келеді. Ассамблея дербес қоғамдық институт болып құрылғанына да алты айдан кейін 20 жыл толмақ. Елбасының бастамасымен қолға алынған бұл идея елімізге не берді? Президент Жарлығымен 2015 жыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жарияланды. Бүтіндей бір жылды Ассамблеяға арнаудың себебі не? Осы бастамалардың мән-маңызы жайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалы төрағасының орынбасары Сейсембай Жетпісбаев әңгімелейді: 

- Әңгімені әріден бастайық. 1995 жылдың 1 наурызында тәуелсіз еліміздің тарихында «Қазақстан халқының Ассамблеясы» атты жаңа институт пайда болды. Тоқсаныншы жылдар егемендігін енді алған ел үшін оңай кезең емес еді. Мемлекетімізді аяғынан тік тұрғызу үшін қыруар күш қажет болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мемлекеттің алдымен экономикасын көтеруді басты мақсат еткені де белгілі. Бірақ бұл мақсатқа бірліксіз, ынтымақсыз қол жеткізу мүмкін еместігін әу баста айқындап алды. Экономикалық дамумен қатар еліміздегі татулықтың тамырын тереңдету керектігін тәуелсіздік алғаннан бері халыққа түсіндірумен келеді Мемлекет басшысы. Бастаманың мән-маңызын ұғынған еліміздің барлық облысы идеяны іліп әкетті. Алғашқылардың бірі болып сан алуан ұлысқа ортақ шаңырақ көтерген өңірлердің ішінде Павлодар облысы да бар. Біздің филиалға да келесі жылы 20 жыл толады.

90-шы жылдары аймағымызда 11 этномәдени бірлестік құрылса, 2013 жылы олардың қатары 23-ке жетті. Қазіргі таңда барлығы «Достық үйі» атты шаңырақ астында кейінгі буынға ұлттық салт-дәстүрін дәріптеп, тілін үйретіп, тарихымен таныстыруда. Өшкенін жаңғыртып, мол мұрасын өскелең ұрпағына аманат етуде. Осы ретте, 1996 жылы құрылған ассамблея жанындағы ұлттық жаңғырту мектебінің алар орны зор. Достықты нығайтуға мол еңбек сіңірген белгілі жерлесіміз Қанат Даржұмановтың есімі берілген бұл мектепке.

Облыста 80-нен астам этнос өкілдері тұрады. Облыстық бірлестіктерден бөлек, 9 филиалымыз бар. Оған қоса, қалалар мен аудандарда, ауылдық округтерде ұзын саны 50 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ассамблеяның қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында оның аясы кеңеюде. Мәселен, үлкен-кішіге ақыл-кеңесін аямайтын «Ақсақалдар алқасының» орны бөлек. Барымызды саралап, оң мен солды таразылайтын ғылыми-сараптамалық топ, этносаралық қатынас мәселелерін ортаға салатын «Журналистер клубы» бар. Жастар бірлестіктерінің үйлестіру кеңесіне де артылған жүк жеңіл емес.

Жергілікті ерекшеліктеріміз ескеріле келе, облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекіді. Ұлтаралық келісімді нығайтуды көздейтін кез келген шара қоғамда жылы қабылданады. Аймақтың түкпір-түкпірін аралап, ассамблея қызметінің мәнін түсіндіретін «Біз - Қазақстан халқымыз» атты үгіт пойызы көпке мәлім. Екібастұз қаласынан бастау алған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» жобасы биыл жыл бойы облыстың қалалары мен аудандарында өтеді. Аталмыш шара 2015 жылдың қаңтар айында мәреге жетпек. Павлодар қаласының Естай атындағы мәдениет сарайында үлкен думан ұйымдастырылады. Ассамблея жылын павлодарлықтар осы шарадан бастап кетуді жоспарлап отыр. Әрине, алдағы Ассамблея жылын алаулатып-жалаулатып өткізуден гөрі, қоғамдық институттың ел үшін атқарған ісін халық арасында насихаттап, мән-маңызын ашып көрсету басты назарға алынады. Этносаралық қатынас, ынтымақ пен келісім тұрғысында ассамблеяның алар орны айшықталып, көпке жеткізіледі.

«Ертіс – достық өзені» атты Ресейдің шекаралас аймақтарымен ынтымақтастықты нығайтуды көздейтін дәстүрлі халықаралық фестиваль қолға алынды. 2008 жылы әсем ғимарат Достық үйі қолданысқа берілді. Екі жылдан кейін оның жеке концерттік залы ашылды. Достық үйі жанынан 50 клуб және шығармашылық бірлестік жұмыс істейді. Өнерпаздарымыз өңіріміздегі кез келген салтанаттың сәнін келтіруде. Жыл сайын облыстық ассамблея 400-ден астам іс-шараға қатысады.

Ағымдағы жылдың наурызында С.Торайғыров атындағы ПМУ-да Қазақстан халқы ассамблеясы кафедрасы, ал Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтта Қазақстан халқы ассамблеясы және Еуразиялық интеграция орталығы ашылды. ИнЕУ жанынан студенттік ассамблея құру жоспарланып отыр. Мұның барлығы - жиырма жыл бұрын негізі қаланған қоғамдық институттың қанатын кеңге жайғанының айғағы. 

Әр бірлестіктің емін-еркін жұмыс істеп, ойлаған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Өзге елдерден келіп, біздің жұмысымызбен танысып, таң қалысып, таңдай қаққандар аз емес. Барлығы ешбір мемлекетте баршаның баласын қанатының астына алып, қамқорлық танытып отырған Қазақстандай ел жоқ екенін тілге тиек етеді. Кейде замандастарымыз «сол жақсылықты түрлі ұлт өкілі түсіне ме екен?!» деп кейитіні бар. Мен «түсінеді» деп сеніммен айта аламын. Себебі әр бірлестіктің жетекшісімен, өкілімен тілдескен кезде, олар Елбасының сонау тоқсаныншы жылдары көрегендік танытып, экономикамен қатар татулықты алдыңғы шепке қойғанына жиі ризашылық білдіреді. Кез келген кездесуде осыны айтумен келеді. Іспен де дәлелдеп жүр. Қазіргі таңда әлемнің қаншама елінде тұрақсыздық белең алуда. Бейбіт тұрғындар жапа шегіп жатыр. Осындай оқиғаларды сөз еткенде, ылғи Қазақстанның ұстанымының түп-төркінін терең ұғынады. Қысқасы, бейбітшілік пен келісімнен асқан дүниенің жоқтығын түсінеді. Бұл асыл қазына болмаса, ешбір істің алға баспайтынына көптің көзі жетуде. Ассамблея осылайша елдің басын біріктіруші күш екенін көрсетті. Бірлік бар жерде тірлік болатынын дәлелдеді.


Жазып алған - Г.МАҒЖАН

Материал мына жерден алынды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға