20 жылда мегаполис: Алатау Қазақстанның жаңа экономикалық орталығына айнала ма?
Қазақстанда жаңа экономикалық өсім нүктесіне айналуы ықтимал тағы бір қала пайда болуы мүмкін. Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Билік өкілдерінің айтуынша, бұл құжат Алатауды «қарқынды дамитын қала» ретінде қалыптастырып, оған арнайы құқықтық, басқарушылық және инвестициялық тетіктер беруді көздейді.
Заң жобасы мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауында айтылған бастамаларға және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлыққа сәйкес әзірленген. Үкіметтің пайымынша, әңгіме тек жаңа атау немесе әкімшілік мәртебе туралы емес, мүлде жаңа басқару моделін, жеке қаржылық архитектураны және инвестицияға қолайлы ерекше ортаны қалыптастыру жайында болып отыр.
Алатау дербес экожүйе ретінде қарастырылады
Парламенттегі талқылау барысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау жобасының өзге қалалардан бөлек логикамен дамитынын айтты. Оның сөзінше, бұл бастама жай ғана урбанистік жоба емес, Қазақстан экономикасына жаңа серпін беруге арналған институционалдық платформа болмақ.
Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына және Алатау қаласын дамыту туралы Жарлығына сәйкес Үкімет Алатау қаласының арнаулы мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасын әзірледі. Бұл заң жобасы Мемлекет басшысы айқындаған тәсілдер мен қағидаттарға негізделген. Оның негізгі мақсаты – Алатау қаласының жедел және тұрақты дамуына жағдай жасау. Жақында қабылданған конституциялық нормаларда жекелеген өңірлердің экономикасын жеделдету үшін “қарқынды дамитын қала” деген арнаулы құқықтық режимді конституциялық заң арқылы енгізуге болатыны көрсетілген. Осыған сәйкес Алатау жобасы дербес экожүйе ретінде қарастырылады. Ол жеке қаржылық модельге, арнайы басқару режиміне және жаңа институционалдық негізге сүйенеді, – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Үкімет өкілдерінің айтуынша, заң жобасын әзірлеу кезінде халықаралық тәжірибе кеңінен зерттелген. Бұл жұмысқа жетекші халықаралық сарапшылар тартылып, әлемдегі табысты арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтардың моделі қарастырылған.
Әлемдік тәжірибе не көрсетеді?
Алатауды дамытуда Қазақстан билігі бірқатар халықаралық мысалдарға сүйеніп отыр. Атап айтқанда, Қытайдағы Шэньчжэнь мен Хайнань, Оңтүстік Кореядағы Седжон мен Сонгдо, сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха секілді қалалардың тәжірибесі зерделенген. Бұл қалалардың көпшілігі ерекше құқықтық режим, басқарудағы дербестік және инвесторларға қолайлы институционалдық орта арқасында қысқа мерзімде ірі экономикалық хабқа айналған.
Сарапшылар арнайы әкімшілік және экономикалық аймақтар арқылы қалаларды дамыту бойынша әлемдік тәжірибені зерттеді. Атап айтқанда, Шэньчжэнь, Хайнань, Седжон, Сонгдо, сондай-ақ Сингапур, Дубай және Доха сияқты қалалардың тәжірибесі қарастырылды. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, қалаға тек арнайы мәртебе беру жеткіліксіз. Мұнда шешуші рөлді тиімді институционалдық орта атқарады. Мәселен, Шэньчжэнь мен Хайнаньда жергілікті әкімшіліктерге кең өкілеттіктер берілген. Олар салық режимдерін бекітеді, жеңілдіктерді әкімшілендіреді, инвестициялық қолдауды өздері басқарады. Соның арқасында шешімдер жылдам қабылданады, орталық органдармен функциялар қайталанбайды. Біз де осы тәжірибені ескере отырып, Алатау қаласына әкімшілік, салықтық және инвестициялық дербестік беруді ұсынып отырмыз. Бұл әсіресе Қазақстанда әлі толық жолға қойылмаған жаңа салаларды дамыту үшін аса маңызды, – деді Қанат Бозымбаев.
Осылайша, Үкімет Алатауды болашақта жоғары технологиялар, цифрлық инфрақұрылым, жасанды интеллект, логистика және жаңа индустриялар шоғырланатын орталық ретінде қарастырып отыр.
Мәжіліс депутаты: Алатау 20-30 жылда мегаполиске айналуы мүмкін
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек те заң жобасының әлеуетіне ерекше тоқталды. Оның пікірінше, Алатауға арнайы мәртебе беру – кезекті әкімшілік шешім емес, елдің ұзақмерзімді экономикалық картасын өзгерте алатын стратегиялық қадам.
Депутаттың пайымынша, ерекше құқықтық режим инвесторларға сенімділік береді. Нәтижесінде қалаға отандық қана емес, шетелдік капитал да тартылады. Ол Алатаудың болашағын Қытайдағы ірі индустриялық орталықтардың даму траекториясымен салыстырды.
Өз уақытында көп адам «неге Астанаға ерекше мәртебе береміз?» деп қарсылық білдірген еді. Бірақ бүгін біз елордаға қарап, соның дұрыс шешім болғанын көріп отырмыз. Алатау бойынша да дәл сондай жағдай қалыптасуы мүмкін. Егер біз бұл қалаға ерекше құқықтық режим берсек, болашақта оның экономикалық серпіні мүлде басқа деңгейге көтеріледі. Инвесторлар жай ғана әдемі уәдеге емес, нақты кепілдікке қарайды. Олар үшін меншік құқығының қорғалуы, даулардың жедел әрі әділ қаралуы, салықтық және әкімшілік рәсімдердің айқындығы аса маңызды. Мұның барлығы арнайы конституциялық заң аясында бекітілсе, Алатауға капитал тарту әлдеқайда оңай болады. Сондықтан мен 20–30 жылдың ішінде Алатау ірі мегаполиске айналуы әбден мүмкін деп есептеймін, – деді депутат.
Оның айтуынша, қазіргі заманда бәсеке тек қалалар арасында емес, юрисдикциялар арасында да жүріп жатыр. Қай өңір инвесторға сенімді орта мен түсінікті ереже ұсына алса, сол аумақ озып шығады.
Белгілі бір инвесторды тарту үшін біз оған жай ғана жер телімін немесе инфрақұрылымды ұсынумен шектелмеуіміз керек. Бүгінгі инвестор цифрлық ресурстарға, жасанды интеллектіге, жаңа технологияларға қаржы құяды. Ал ондай капитал өте сезімтал келеді: ол құқықтық тұрақтылықты, болжамды саясатты, тәуекелдің аз болуын қалайды. Сондықтан арнайы заңнама, азаматтық және сот дауларын қараудың ерекше тәртібі, меншік құқығын қорғаудың күшейтілген тетіктері қажет. Осы ерекше тәртіптің бәрі Алатау туралы конституциялық заңда көрініс табуы тиіс. Бұл – қаланың ертеңін айқындайтын негізгі алғышарттардың бірі, – деді Бақытжан Базарбек.
Алатаудың бюджеті қалай қалыптасады?
Заң жобасында қаржы мәселесіне де айрықша мән берілген. Қанат Бозымбаевтың мәліметінше, Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қаланың қаржысы басқа бюджеттерге алынбайды. Бұл норма қаланың бастапқы даму кезеңінде ресурстардың шашырап кетпеуін және ішкі қажеттіліктерге бағытталуын қамтамасыз ету үшін енгізіліп отыр.
Alatau City Authority республикалық бюджеттік бағдарламалардың дербес әкімшісі болады. Оның бюджеті республикалық бюджет құрамында блоктық бюджеттеу қағидаты бойынша қалыптасады және негізінен инфрақұрылымды дамытуға, ұзақ мерзімді жобаларды қолдауға бағытталады. Жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тәртібін премьер-министр басқаратын кеңес бекітетін болады. Ал қаланың жергілікті бюджеті әлеуметтік және ағымдағы міндеттерді қаржыландыруға жұмсалады. Алатау өзін-өзі қамтамасыз еткенге дейін қала бюджетінен басқа бюджеттерге қаражат алуға жол берілмейді, – деді вице-премьер.
Бұл тәсіл жаңа қаланы әуелгі кезеңде қаржылық жағынан әлсіретпеуге, оның инфрақұрылымын жоспарлы түрде қалыптастыруға және ұзақмерзімді инвестициялық жобаларды үзіліссіз қаржыландыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Жетігеннен Алатауға дейінгі жол
Алатау тақырыбы қоғамда бұрыннан талқыланып келеді. Бұған дейін бұл аумақ Жетіген атауымен белгілі болған. Кейін елді мекен жаңа мәртебе мен жаңа атауға ие болды. Осы өзгерістерден кейін тұрғындардың тұрмысы, инфрақұрылым жағдайы, әлеуметтік ахуалы және болашаққа деген сенімі жиі сөз бола бастады.
Сарапшылардың айтуынша, кез келген жаңа қала тек қағаз жүзіндегі шешіммен дамып кетпейді. Оның табысы басқару сапасына, инфрақұрылымға салынатын инвестиция көлеміне, жұмыс орындарының ашылуына және ең бастысы – жергілікті халықтың өмір сапасының жақсаруына тікелей байланысты. Сондықтан Алатауға ерекше мәртебе беру бастамасы алдағы уақытта қоғам тарапынан да, экономистер мен урбанистер тарапынан да жіті бақылауда болмақ.
Негізгі мақсат – инвестиция мен жаңа салаларды тарту
Жалпы алғанда, Алатауға берілетін арнаулы мәртебе бірнеше негізгі міндетті шешуге бағытталған. Біріншіден, қалаға жаңа инвесторларды тарту. Екіншіден, жоғары технологиялық және болашағы бар салаларды дамыту. Үшіншіден, жаңа басқару моделін сынақтан өткізу. Төртіншіден, Қазақстанда өңірлік дамудың жаңа үлгісін қалыптастыру.
Егер заң жобасы толық қабылданып, ұсынылған тетіктер тиімді іске асса, Алатау шынында да елдің жаңа экономикалық орталықтарының біріне айналуы мүмкін. Ал Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтқандай, ұзақмерзімді перспективада оның мегаполис болуы да ғажап емес.

