20 қазаннан бастап қазақстандықтар арнайы техника мен автобустарды елге әкеле алмайды
EL.KZ Информационно-познавательный портал
Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Мұхамед Андаков Қазақстанға кейбір көліктерді әкелуге енгізілетін шектеулер туралы түсіндірме берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Андаковтың айтуынша, 2025 жылғы 20 қазаннан бастап Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің шешімімен Кеден одағының «Дөңгелекті көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» техникалық регламентіне өзгерістер күшіне енеді.
23 мамырда Еуразиялық экономикалық комиссия 74 актіге өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл өзгерістер автокөліктерді Қазақстан аумағына әкелу тәртібін нақтылайды. Енді жеке тұлғалар арнайы техниканы елге әкеле алмайды. Мұндай көліктерді тек заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер ғана әкеле алады. Ол үшін Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ аумағында жарамды қауіпсіздік сертификатын алу қажет, - деді комитет өкілі.
Сонымен қатар, жеке тұлғалар 20 қазаннан кейін бұрын пайдаланылған арнайы техника мен автобустарды елге кіргізе алмайды. Бұл шектеу жеңіл автокөліктерге қатысты емес.
Яғни, арнайы техника мен автобустарды тек тиісті сертификаты бар заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер ғана импорттай алады, ал жеке тұлғалар үшін мұндай мүмкіндік болмайды.

