Жаңалықтар

«2 млрд теңге». 70 мыңнан астам қазақстандық ақшасын алаяқтарға аударған

«2 млрд теңге». 70 мыңнан астам қазақстандық ақшасын алаяқтарға аударған
Фото: Видеодан кадр 29.05.2024 13:57 598

Мәжіліс депутаты Динара Наумова қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін бірыңғай онлайн-платформа құруды ұсынды, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Биылғы жылдың наурыз айындағы Қаржы мониторингі агенттігінің деректеріне сәйкес, 138 банк картасы түрлі мақсаттарға күмәнді алымдарға тартылды, ал 70 мыңнан астам қазақстандық өз ақшаларын жалған көмекке жіберген.

Депутаттың сөзінше, қайырымдылық мақсатта жиналған қаржы 6 млрд теңгенің 2 млрд теңгесінде алаятық белгілері бар.

Қаскүнемдер жиналған қаражатты әртүрлі мүлікті сатып алуға, тұрмыстық қажеттіліктерге, букмекерлік кеңселердегі ставкаларға, шетелдегі сәнді пәтерлерді жалға алуға және басқа мақсаттарға пайдаланған. Бұл тек ресми деректер. Анықталмаған алаяқтық фактілердің нақты саны айтарлықтай жоғары болуы мүмкін. Әр түрлі платформаларда қаржылай көмек сұрап, өзгелерден қол ұшын созуын сұрайтындар қатары өсіп келе жатқаны байқалады. Алайда осы қарқынды теріс пиғылда пайдаланатын алаяқтардың қызметіне қатысты алаңдаушылық туындайды. Бұл адамдар өзгелердің аяушылық сезімін оятып, қаржылай көмек жолдауы үшін қолдарынан келгенше түрлі амал-тәсілді қолданады, - деді мәжілісмен.

Депутат қайырымдылық қаражаты жиналатын қораптарды тексеру мүмкіндігінің болмауы қаражаттың пайдаланылуын бақылауды қиындататынын да ескеру маңызды екенін айтады. Сөзінше, бұл мақсатты емес шығындарға әкелуі мүмкін және ақшаның жәрдем күткен мұқтаж жандарға жетуін қиындатады.

Қоғамда қайырымдылық қызметке деген оң көзқарастың артуымен бірыңғай реттеуші органның, сондай-ақ ашықтық пен есептілік мәдениетінің болмауы сияқты күрделі проблема туындады. Еріктілердің сенімсіздігі мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Қайырымдылық жасаушылар мен көмек алушылардың қызметі туралы бақылауды жүзеге асыруға және сенімді ақпарат алуға болатын бірыңғай платформаның болмауы күмән тудырады және тиімді бақылау мүмкіндігін қиындатады. Сонымен қатар осы саладағы заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігін атап өту қажет. Бұл қайырымдылық ісіне адал адамдар жұмысының көптеген маңызды аспектісін көлеңкеде қалуына әкеледі, - деді мәжілісмен.

Динара Наумова қайырымдылық ұйымдары мен еріктілердің ізгі аты мен қызметін қорғауды қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауды қарастыру қажет екенін атап өтті.

Депутат осы мәселеге байланысты мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдады:
1. Қайырымдылық саласындағы құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде қажетті жұмыстар жүргізу.
2. Қайырымдылық ұйымдарының қызметін үйлестіретін, реттеудің бірыңғай стандарттарын белгілейтін және қайырымдылық қаражатын пайдаланудың ашықтығына кепілдік беретін бірыңғай реттеуші орган құру.
3. Қайырымдылық ұйымдары мен олардың қызметі туралы ақпараттың қолжетімділігі мен дұрыстығын қамтамасыз ететін, сондай-ақ осы саладағы жосықсыз практикаға тиімді қарсы тұруға ықпал ететін бірыңғай онлайн-платформа құру.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға