Жаңалықтар

1 наурыз кинопремьералары

Отандық киноиндустрия қуанта ма?
1 наурыз кинопремьералары
01.03.2018 18:58 5498

Екі отандық картина – музыкалық мелодрама мен Нұртас Адамбайдың кезекті комедиясы, дауылды күні «құтырған» тонаушылар туралы триллер, Алисия Викандер мен  Джеймс МакЭвой ойнаған мелодрама, жапонның әйгілі Toho студиясы өндірген аниме, жазушы Довлатовтың өміріне арналған картина.

 «Бойжеткен. Всё из-за неё» - Абдель Фифтибаев деген псевдонимі бар режиссердің қолынан шыққан жастар киносы. Картина музыка, қала, жастық, махаббат жайында. Сондықтан да фильм жұмысына Алматының жас музыканттары тартылған екен. Негізі фильм режиссердің аттас қысқаметражы (https://www.youtube.com/watch?v=rFGwcDsiky4) негізінде жасалыпты.

Сюжеті Анель есімді бойжеткен мен Ден деген музыкант жігіттің төңірегінде өрбиді. Анель шетелде оқиды. Туған қаласына тек жазғы каникулда ғана келеді. Айналасында болып жатқанның бәрі оған іш пыстырарлықтай, қызықсыз болып көрінеді. Алайда Денмен кездесуі оның көзқарасын өзгертеді. Ден - көшеде ән айтатын қарапайым жігіт. Ол бойжеткеннің назарын өзіне аударту үшін музыкалық топ құрады.

 

Бүгін шығып жатқан тағы бір отандық картина – «Я - жених!» ромкомы. Нұртас Адамбайдың студиясы өндірген жобада жұлдыздар жетерлік: Гүлнар Силбаева, Санжар Мәди, Қадырбек Демесінов, Жанна Қуанышева, Алдабек Шалбаев , Динара Әбікеева , Данияр Алшынов. Адамбайдың өзі фильмге режиссер, сценарий авторы, продюсер және басты рөлдің актері ретінде қатысты.

Фильмде Тимур есімді жігіттің басынан өткен қызықтары баяндалады. Ол Әлия деген әріптесіне көмектесуге келісім береді. Қыздың нағыз жігіті ата-анамен танысуға келе алмайды, бұл соның орнына бару керек. Тимурды қатал әкемен кездесу күтіп тұр. Ол бес күн бойына болашақ күйеу баланың рөлін атқарып шығуы тиіс.

 

Алғашқы «Форсаж» және «Три икса» боевиктерін түсірген Роб Коэн бас айналдырар экшны бар тағы бір жұмысын ұсынады. «Ограбление в ураган» («The Hurricane Heist») фильмінің тақырып өзегі де қызық – ең күшті дауыл және сол дауыл кезінде қазына тонамақ болған банда. Яғни апокалипсис пен қылмыстық боевиктің қосындысы.

Сюжетте Америка жағалауында  тұрған дауылды пайдаланып, керемет тонау жоспарын ойластырған  ұрылар бандасы жайында баяндайды. Олар табиғат апатын пайдаланып АҚШ қазынасынан 600 миллион доллар ұрлауды көздейді. Алайда дауылдың күші ең қауіпті саналатын - 5 категорияға жеткенде жоспар күйрей бастайды.

 

«Погружение» («Submergence») - АҚШ, Франция, Германия, Испания бірігіп түсірген, белгілі неміс режиссер Вим Вендерстің қолынан шыққан махаббат драмасы. Басты рөлдерде - Алисия Викандер мен Джеймс МакЭвой.

Британ барлаушысы Джeймc Мoр мен oкeaнoлoг Дaниэль бір көргеннен бір-біріне ғашық болған еді. Алайда екеуінің романы ұзаққа созылмады. Дaниэль мұхитқа ғылыми экспедицияға аттанбақ, ал Джеймс Сомали боевиктерінің қолына түседі. Қиын уақытта екеуі алғашқы кездескен сәттерін, бақытты күндерін еске алады.

 

Жапон аниматорлары ұсынған, оқиғасы қызық - «Мэри и ведьмин цветок» («Mary and the Witch's Flower»). Аниме көрерменді ертегі әлеміне алып барады.

Сюжеті Мэри деген қыз туралы. Ол үшін алыс ауылдағы каникул көңілсіз өтеді. Алайда жаздың соңғы аптасында бәрі өзгереді. Мэри тауып алған ғажап гүл оны алыстағы сиқырлы әлемге алып кетеді. Бір қызықты да ғажайыпқа толы осы әлемге қауіп төніп тұр еді. Қыз ертегі әлемнің тұрғындарын құтқару үшін басын қатерге тікпек.

«Довлатов» - жақында ғана өткен 68 Берлин кинофестивалінің лауреаты: кино өнері саласындағы жарқын жетістіктер үшін қоюшы-суретші Елена Окопная марапатталса, картинаның өзі Berliner Morgenpost газетінің арнайы сыйлығына ие болды.

Фильм жазушы Сергей Довлатовтың 1970 жылдар басындағы Ленинградтағы өмірінің бірнеше күні суреттеледі. Осы кезде оның досы, Нобель сыйлығының болашақ лауреаты Иосиф Бродский шетелге көшкелі жатыр еді. Бұл парадоксқа толы және күлкілі оқиғалар легі: қылмыс әлемімен бетпе-бет келу, Ленинградтың зайырлы да әдеби өмірі, "Ленфильм" киностудиясы, музыка, өлең оқу, журналистік кәсіп, қызына табыла бермейтін қуыршақ іздеу.

Басты рөлде – серб актері Милан Марич.

Тағы бір ресейлік фильм өмірде болған оқиғаға негізделген. «Со дна вершины» - мүгедек болып қалған спортшы туралы.

Алексей Царёв - он жеті жасар көшбасшы, тау шаңғысынан жасөспірімдер құрамасының үміт арқалаған чемпионы. Оның сүйген қызы Лина мен досы Костя бар. Костя - басты кейіпкердің спорттағы және махаббатағы бәсекелесі. Бірде Алексей кездейсоқ болған қайғылы оқиғаға ұрынады, бұған Костяның кінәсі бар еді. Осыдан бастап екеуінің достығы сынға түспек.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға