Жаңалықтар

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жарды

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жарды
Фото: Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы 31.05.2024 11:02 1071

Қазақстандық садақшы қыз Айкөркем Батихан Түркияның Стамбұл  қаласында өткен "Фетих купасы" халықаралық турнирінде топ жарған. Бүгін жеңімпаз спортшыны  Астана қаласының әуежайынан ұлттық спорт жанашырлары мен қолдаушылары күтіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының спортшысы Айкөркем Батихан 25-30 мамыр аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен «Fetih Kupası» («Жеңіс кубогі») турнирінде топ жарып, садақ атудан қазақ спорты тарихындағы алғашқы алтын жүлдеге ие болды.

Айкөркем Батихан – 19 жастағы астаналық спортшы. Оның дәстүрлі садақ атумен айналысып жүргеніне небәрі 1,5 жыл болған. Ол Түркияда  50 метр қашықтықта диаметрі 50 см болатын Пута нысанасы бойынша жеңіске жетті.

Бұл менің бағымды сынап отқан алғашқы ауқымды жарысым. Алғашқы сайыстан осылай сүрінбей өтіп, алтын жүлдеге иеленіп отырмын. Елім үшін маңызды жеңіске қол жеткізгенім үшін қуанышым шексіз. Әріптестеріме және қазақстандық садақшылардың барлығына бұл жеңісім жұғысты болсын. Алдымызда әлі дүбірлі додалар келе жатыр. Соларға тыңғылықты дайындалып, қазақтың көк туын желбіретуге бар күш-жігерімді жұмсаймын. Бұл тек менің ғана емес, сонымен қатар, барша қазақстандықтардың, бапкерлерім мен қолдаушыларымның ортақ жеңісі, - деді Айкөркем Батихан.

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жардыСурет: Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы

 «Fetih Kupası» халықаралық турнирі – дәстүрлі садақ ату бойынша ең ірі жарыстардың бірі. Жарыс 25 мамыр күні басталып, финалдық сайыс 29 мамыр күні Стамбул қаласының азат етілгеніне 571 жыл қарсаңында өтті.

«Fetih Kupası» – Түркияда 12 жыл бойы үзбей өтіп келе жатқан іс-шара. Қазақстандық спортшылар бұл сайысқа 2017 жылдан бері қатысып келеді. Алайда, биылға дейін жеңіс тұғырынан көріне алмадық. Осы жылы ғана біздің спортшымыз финалға шықты. Финалда Айкөркем Батихан Түркияның ең мықты садақшысымен кездесіп, оны 5:4 есебімен тізе бүктірді. Айкөркемнің жеңісі – бүкіл командамыз үшін үлкен жетістік, - деді дәстүрлі садақ атудан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.

Айта кетейік, 12 мәрте ұйымдастырылған «Fetih Kupası» халықаралық турнирінде әлемнің 20 елінен 300-ге жуық спортшы бағын сынады.

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жарды

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жарды

18 жастағы қазақ қызы садақ атудан Түркиядағы халықаралық жарыста топ жардыСуреттер:Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға