Жаңалықтар

161 жемқор басшы ұсталды: Антикор басшысы Тоқаевқа есеп берді

161 жемқор басшы ұсталды: Антикор басшысы Тоқаевқа есеп берді
Фото: t.me/aqorda_resmi 29.02.2024 15:31 1080

Президентке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің былтыр атқарған жұмысының нәтижелері жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өткен жылы жемқорлыққа қатысты 1692 қылмыс тіркеліп, 1324 адам әшкереленгені баяндалды. Оның 161-і түрлі деңгейдегі басшылар. 1221 іс сотқа жіберілді.

Агенттік төрағасының айтуынша, 2022 жылдан бері мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,02 триллион теңге (2,2 млрд АҚШ долларынан астам) көлемінде мүліктік активтер мен қаражат қайтарылған.

Мемлекет басшысына бірқатар қылмыстық істі тергеу барысы туралы мәлімет берілді. Атап айтқанда, «ӨКМ» операторы» ЖШС-не қатысты аяқталған қылмыстық істер бойынша Қостанай және Қарағанды облыстарындағы жалпы құны шамамен 20 миллиард теңге болатын 2 зауыт мемлекет меншігіне өтті. Қ.Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында биыл ақпан айында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 млн АҚШ доллары) түсті. Бұдан бөлек, Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтық құны 13 миллиард теңгеден асады.

Сонымен қатар Президентке мемлекеттік сатып алу порталына мониторинг жүргізу барысында 41,3 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына жол берілмегені жайында айтылды. Атап айтқанда, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандандырылған ХҚКО-ларда автокөліктерді тіркеу кезіндегі қулық жасау жолдарын анықтады. Мемлекеттік баж салығы мен автомобильдерді тіркеуден түскен төлемдердің басым бөлігі ақпараттық жүйелердің жұмысындағы олқылықтарға байланысты бюджетке түспеген. Агенттіктің ұсыныстары бойынша кемшіліктер жойылғаннан кейін 2023 жылы бюджетке түскен түсімдер (2022 жылмен салыстырғанда) 9 есе ұлғайып, 91,4 миллиард теңгені құрады. Осы ретте екі жылда да тіркелген автокөліктердің саны бірдей болған.

Асхат Жұмағали спортты қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізіліп жатқанын, тексеру барысында бюджет қаражатының тиімсіз бөлінуіне, соның ішінде сыбайлас жемқорлық сын-қатерлеріне байланысты әрекеттер анықталғанын айтты. Тек осы жылдың өзінде Агенттік аталған саладағы жымқыру фактілері бойынша 18 қылмыстық істі тіркеген.

Бұдан бөлек, «СК «Фармация» ЖШС қызметін талдау жұмыстары аяқталды. Мұнда да медициналық препараттар мен жабдықтарды сатып алуға қатысты айтарлықтай жемқорлық тәуекелдері анықталды. Әлеуметтік маңызы бар проблемалы объектілердің құрылыс барысын қадағалау нәтижесінде бүкіл ел бойынша 32 ғимарат пен нысан салынды.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы аясында сомасы 2 миллиард теңгеден асатын тауарлар мен қызметтердің бағасын көтеру тәуекелдеріне жол берілмеді, 10 мыңға жуық азаматқа тегін құқықтық көмек көрсетілді.

Ұлттық банктің «Цифрлық теңге» жобасы арқылы «ақшаны бояу» тетігін енгізу мәселесі пысықталды. Қазіргі уақытта Цифрлық теңге пилоттық режимде Алматы қаласындағы мектептердің бірінде іске асырылып жатыр.

Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде Қазақстан 2023 жылдың қорытындысы бойынша Transparency International (Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі) рейтингінде 8 позицияға көтеріліп, 180 елдің арасында 93-орынға тұрақтады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдарды және алдын алу шараларын күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастыру жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға