16 өңірде бала құқығы жөніндегі омбудсмен тағайындалды
Қазақстанның 16 өңірінде Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің жетекшілері, балалар құқығын қорғауда тәжірибесі бар азаматтар бар, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Кандидаттар облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдерінің шешімімен тағайындалады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл баланың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекеттеріне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдарды қарайды.
Олар сондай-ақ балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын ілгерілетуге қатысады.
Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер балаларға арналған ұйымдарға кедергісіз кіре алады. Сондай-ақ олар қоғамдық негізде жұмыс істейді.
«Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жетісу, Жамбыл, Павлодар, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Абай, Алматы облыстарында балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Ал қалған 4 облыста кандидаттар тізімі әлі қаралып жатыр. Біз комитет өкілдері ретінде балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдермен белсенді жұмыс істейміз» , - деді Оқу-ағарту министрлігі бала құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.