Жаңалықтар

15 жанның өмірін сақтаған өшпес ерлік

Әскери қызметші Қ.Қанатовтың қайсарлығы
15 жанның өмірін сақтаған өшпес ерлік
20.02.2020 12:23 5826

Отанды қорғау – азаматтың басындағы көп боршының ең киелісі болып есептеледі. «Қызметтік борыш» дегеннің өзінде жұмыстан тыс уақытта да кез келген қауіпке басын тігіп, жанұшыра жәрдемге асығатындар да жанымызда жүр. Солардың бірі – «Отанды сүю – міндетің, Отанды қорғау – парызың» деген сөзді жанына серік еткен Қуандық Қанатов – өрттен 15 адамның өмірін арашалаған бүгінгі күннің батыры.

Безымянный.png

(Суретте: Қуандық Қанатов)

Қуандық қашанда сабырлы қалпынан таймаған, қызметіне адал, жауапкершілігі жоғары жан.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығының 35411 әскери бөлімінің қызметшісі Қуандық Қанатов 2019 жылдың ақпан айында жанып жатқан үйдің тұрғындарын эвакуациялауға қатысып, Семей қаласындағы жатақханалардың бірінде болған өрттен 15 жанның өмірін қызыл жалыннан арашалап қалды. Тура бір жыл бұрын орын алған оқиға жайында бұқаралық ақпарат өкілдері жарыса жазып, Қ.Қанатовтың ерлігі туралы барша елге мақтана жеткізген болатын.

Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Шынқожа ауылының тумасы Қуандық бала кезінен қандай мамандық иесі болатынын білген. Барлық өмірлік жолын Отан қорғауға арнаймын деген оның арманы алдамағандай.

– Ерлік жасап, атымды шығарайын деп еш ойлаған емеспін. Ондай сәтте тіпті қара басыңның қамын ойламай, көмекке жүгіреді екенсің, – дейді Қуандық.

Қақаған қыс мезгілі. Түнгі 02:00-де тұрғындардың барлығы қалың ұйқыда жататыны белгілі. Сондай, алаңсыз сәтте Селевина көшесінде орналасқан №15 үйді тілсіз жау шарпып кетеді.

– Қателеспесем, ақпанның 8-і еді. Қызыл жалын бес қабатты дәліз тәзірдес тұрғын үйдің бірінші қабатынан басталып, екінші қабатқа да жылдам тарай бастапты. Аумағы шамамен жиырма шаршы метрдей бөлмеден өрт шыққан екен. Онда тұрмыстық техника, жиһаздар мен терезе, есіктер жанған. Ол жалын бірінші қабаттың дәлізіндегі электр сымдарына да тиеді.

Сол үйде тұрып жатқан Қуандық қайсарлығы мен қайтпастығы арқасында он бес адамды жанып жатқан жерден аман алып шығуға атсалысады. Оның ішінде қариялар да бар еді. Өрт кезінде өзінің жеке заттарын жоғалтқанына қарамай, ол бірінші кезекте адамдардың өмірін ойлаған.

– Менің орнымда басқа бір біреу болса да, көмекке жүгірер еді. Бастысы ондай сәтте саспай, жылдам шешім шығарып, тез әрекет ету керек. Бұл жерде менің әскери адам болғаным көп көмегін тигізген секілді. Себебі, қызмет барысында түрлі жағдайларда ұрыс алаңдарынан өз әріптестерімізді құтқару бойынша жаттығулар жүргізіп, әбден шыныққанбыз.

Бұл өрт кезінде жалпы сексенге жуық адам құтқарылса, соның жиырмасы бала болған. Өздігінен 162 адам сыртқа шығып үлгерген екен. Ғимаратқа айтарлықтай залал келтірген қызыл жалынды ауыздықтауға 45 өрт сөндіруші қатысып, алты бірлік техникасы пайдаланылыпты. Осыған қарап, тілсіз жаудың қаншалықты қауіп келтіргенін түсіну қиын емес сияқты.

Жалпы, Қуандық әскери саланы таңдағанына еш өкінген емес. Себебі, ер-азаматтың парызы Отанды қорғау деп біледі.

– Бейбіт күнде өмір сүріп жатырмыз дегеннің өзінде, мемлекетіме шын жүректен қызмет еткім келеді. Қандай тапсырма берілсе де, жан аянып қалмайтыным рас. Әскери салаға әлеуметтік тұрғыдан қарар болсақ, тұрақты жұмыс пен тұрақты жалақым бар. Бұл қызметтің басқа толып жатқан тиімді тұстарын да көріп жүрміз. Шүкір, өз отбасымды асыруға толық мүмкіндігім жетеді. Отағасы үшін бастысы осы емес пе?!

47903wide1550812530129.jpeg

(Суретте: Қуандық отбасымен)

Ол әскери қызметші болу үшін елге, Отанға деген сүйіспеншілік, табандылық, жігерлілік, қайсарлық, нaмыс пен төзім керектігін айтады.

– Сол сияқты өз өміріңді арнаған қызметіңді жақсы көруің керек. Ол тек біздің сала емес, барлық кәсіп иелеріне арналады деп ойлаймын.

Қуандықтың әр жұмыс күні белгілі тәртіп, белгіленген жоспармен өтеді.

– Таңертең 9:00-де жұмысқа келемін. Егер апта басы болса, таңғы сап түзеу 9:10 – 9:50-ге дейін жүретін болады. Ал 10:00 – 10:50 аралығында мемлекеттік құқықтық дайындық сабағы өтеді, 11:00-де мамандық бойынша арнайы дайындық сабағынға кірісіп кетеміз. Ол шамамен бір сағатқа жалғасады. 12:00 – 12:50 физикалық дайындық: қыста шаңғымен жүру, жазда үш шақырымға дейін жүгіру. 13:00 – 15:00 түскі ас. Түскі үзілістен кейін 17:00-ге дейін өз қызметтік міндеттерді атқару бойынша іске кірісеміз. 17:00-17:50 аралығында тәрбие және мәдени жұмыстармен айналысамыз. 18:00-де жұмыс аяқталады.

Қ.Қанатов ілгеріде айтып кеткен ерлігінен кейін Қазақстан Республикасының наградасы – «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Одан бөлек, Қазақстан Республикасының Қорғаныс Министрінің алғыс хаты, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасарының мақтау қағазы, Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығының 35411 әскери бөлімінің командирінен алғыс хаты, Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталып үлгерді. Оған қоса Қуандық, 2019 жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасында жеңімпаз атанған болатын.

– «100 жаңа есім» жобасына қатысып жатқанымда жеңімпаздардың қатарынан табыламын деп ойлаған жоқпын. Себебі, онда қаншама талантты жастар, өнертапқыштар, өз ісінің білікті мамандары, әр саланың үздіктері бақ сынап жатыр екен. Жеңіске жеткенімді естігенде қуанғаным рас. Бұдан кейін де еліме, Отаныма адал қызмет ете бермекпін. Үздіктер қатарынан табылу – жаңа жауапкершілік артқандай. Жоба арқылы Қазақстанның бетке ұстар жалынды жастарымен, білікті мамандармен, талантты жандармен таныстым. Олардың жетістіктерін көріп, біздің арамызда да сондай жандардың жүргеніне риза болдым. Еңбек – әрдайым өрге сүйрейтініне көзім жетті. Мен сияқты талай жанның еңбектері еленіп, осындай жобада жеңімпаз болғандары қандай қуаныш.

Әскери қызметші өзіне дауыс беріп, тақымдарын қысқан барлық қазақстандықтарға алғысын білдіреді.

– Отандастарымның маған берген әрбір даусы жеңіске жетелегеніне сенімдімін, – дейді өзі.

Бос уақытында отбасымен серуендеп, футбол ойнап, балық аулап, аңға шығатын кейіпкеріміздің қолөнерге деген қызығушылығы да бар екен.

– Жұмыстан тыс уақытта түрлі заттарды жинап, жиһаз жасайтыным бар. Әрине, керемет жиһазшы деп қалмаңыз, бірақ ондай шаруаларға ер адам болған соң, ептілік болу керек деп есептеймін.

Қуандық үшін жастар жылы тек жақсылықтармен есте қалды. Бүгінгі күннің батыры бұл жеткен жетістігімен тоқтап қалмайтынын айтып отыр.

– «Отаным маған не береді емес, мен Отаныма не беремін» деген ұстаныммен өмір сүру керек. Әрбір жас ұрпақты патриоттыққа тәрбилеп, оларды келешекте елі мен жерін қорғайтын намысты азамат етіп шығаруға бүгіннен бастап жұмыс істеуіміз керек.

«ХХІ ғасырдағы кәсіби қарулы күштер әскери саланың сапалы мамандарынан, шынайы патриоттардан, еліміздің психологиялық тұрғыдан байыпты және моральдық жағынан мінсіз азаматтарынан құралуға тиіс» – деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан қасиеттерді Қуандықтың бойынан көруге болатындай.

(Суреттер Қ.Қанатовтың жеке мұрағатынан)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға