Коллаж El.kz

15 жаста ішкен энергетик 30 жаста бедеулікке апаруы мүмкін. Дәрігер қорқынышты болжам айтты

15 жастағы бала күнде бір-екі банка энергетик ішіп, емтиханға дайындалып жүр. Ол «энергия алып жатырмын» деп ойлайды. Шын мәнінде, өзінің болашағын біртіндеп жойып жатқанын білмейді. Өйткені энергетик сусындар жасөспірімнің  денсаулығына өте ауыр соққы береді, ал бұл зардабы 10-15 жылдан кейін ғана білінеді, бірақ денсаулық кері қайтарылмайды.

Бұл туралы толығырақ «Астана медицина университеті» КЕАҚ жанындағы академик Е.Д.Даленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, диетолог-дәрігер Жанна Нұрберген айтып берді.

El.kz: Жанна ханым, жасөспірімдер арасында энергетиктерді күнделікті тұтыну қалыпты жағдайға айналды. Бұл қаншалықты қауіпті?

– Иә, өкінішке қарай, бүгінде бұл көп талқыланып жүрген жоқ. Энергетик – жай ғана «күшті кофе» емес. Бұл бір банкада 80-ден 300 мг-ға дейін кофеин және таурин, оған қоса глюкуронолактон, синтетикалық дәмдеуіштер, қышқылдар, қант немесе қант алмастырғыштардың коктейлі қосындысынан тұрады.

Ең басты қауіп – қазір жасөспірімнің гормондық жүйесі әлі қалыптаспаған. 12-19 жас аралығында гипоталамус гипофиз-жыныс бездері өте нәзік реттеледі. Ал энергетиктер осы жүйенің бәрін бұзып жібереді.

El.kz: Нақты қандай механизмдер арқылы репродуктивтік денсаулыққа зиян келеді?

Бірнеше жолмен бірден:

  • Кортизолдың ( күйзеліс гормоны) күрт көтерілуі – ол тестостерон мен эстрогенді басады
  • Ұйқының REM және терең фазаларының бұзылуы – тестостеронның 70%-ы түнгі 02:00-ден 06:00-ға дейін бөлінеді.
  • Инсулинге төзімділіктің пайда болуы – поликистозды аналық без синдромы мен сперматогенездің бұзылуына әкеледі.
  • Окислительный күйзеліс және қабыну – сперматозоидтар мен жұмыртқа жасушаларының ДНҚ-сы зақымдалады.
  • Эндокриндік бұзушы заттар (кейбір бояғыштар мен консерванттар) – тікелей жыныс гормондарының синтезіне кедергі келтіреді.

Соңғы 10 жылдағы зерттеулер жасөспірім кезінде аптасына үш банкадан артық энергетик тұтынғандарда 25-30 жаста бедеулік қаупі 38-56%-ға жоғары екенін көрсетті.

El.kz: Бірақ бұл зиян бірден сезілмейді ғой. Жасөспірім неден қорқуы керек?

©Pixabay.com

 – Дәл солай міне, ең қорқыныштысы да осы. 16 жаста жүрек соғуы жиілеп, қолы дірілдесе де, «емтиханнан өтсем болды» деп ойлайды. Ал 29 жаста ЭКҰ-ға барғанда дәрігер «сперматозоидтар саны аз, морфологиясы нашар, ДНҚ фрагментациясы жоғары» немесе «аналық без резервтері төмен» деп диагноз қояды. Ешкім оған «бұл сенің 10-сыныпта күнде ішкен энергетигіңнің салдары» демейді. Себебі байланыс тікелей емес, бірақ ғылыми тұрғыда өте айқын.

El.kz: Неге дәл жасөспірімдер осы өнімнің негізгі тұтынушысы?

–  Өйткені жасөспірім – маркетологтардың армандаған тұтынушысы.

  • импульсивті
  • қалтасында ақшасы бар
  • әлеуметтік желіде «крутой» болғысы келеді
  • миы әлі толық дамымаған, сондықтан ұзақ мерзімді салдарды ойламайды

Ал энергетик – заңды түрде сатылатын, қолжетімді «допаминдік бомба». Бір банка іштің де, 3-4 сағат «құдайсың». Ал зардабын 15 жылдан кейін жүрек аритмиясымен, депрессиямен немесе бала сүйе алмауымен көресің.

El.kz: Ата-аналар, мұғалімдер, мемлекет не істеуі керек?

– Үш нәрсе міндетті түрде:

  • Энергетиктерді «қарапайым газдалған сусын» емес, алкоголь және темекі сияқты жас шектеулі өнім ретінде қарастыру керек.
  • Көптеген Еуропа елдерінде 18 жасқа дейін сатуға тыйым салынған немесе қатаң шектеу бар.
  • Ата-аналар балаларымен ашық сөйлесуі керек: «Сен қазір бір банка ішіп, бүгін емтихан тапсырасың,
  • бірақ 30 жаста немере сүйгізбеуің мүмкін».
  • Мектептерде, дүкендерде, спорт залдарында сатуға тыйым салу немесе кем дегенде «18+» белгісін міндетті ету.

El.kz: Жасөспірімдерге қазір не айтар едіңіз?

– Бір банка энергетик – бұл сенің болашақ отбасыңа қарсы жасалған кішкентай диверсия. Сен қазір «энергия» деп ойлап ішіп жатқан сусын 15 жылдан кейін сенің балаң болмауының бір себебі болуы мүмкін.

Ойланып іш. Немесе мүлде ішпе. Сенің болашақ балаң саған осы сәтте қарап тұр. Ең бастысы – бұл сөздер жасөспірімдер мен ата-аналардың құлағына жетсін. Болашақ ұрпақтың денсаулығы қазір шешіледі.