1,5 млрд қаралым: Димаш Құдайбергеннің шоуы жаһандық феноменге айналды
Әнші Димаш Құдайберген ұсынған «Voice Beyond Horizon» музыкалық реалити-шоуы қысқа уақыт ішінде халықаралық медиажобаға айналып үлгерді.
Екі айдың ішінде жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменді біріктіріп, музыка мен мәдениетті, Қазақстанның табиғаты мен болмысын қатар насихаттап жатыр. Бар болғаны сегіз эпизодтың өзінде шоу 1,5 миллиардтан астам қаралым жинап, рекорд орнатты.
«Voice Beyond Horizon» – Димаш Құдайбергеннің продюсерлік жобасы әрі халықаралық музыкалық шоу. Оның премьерасы 2026 жылдың 5 ақпанында өтті. Жоба тек вокалдық байқаумен шектелмей, Қазақстанның мәдениеті мен туризмін таныстыруды да мақсат етеді. Шоуға Қазақстан, Қытай, Италия, Малайзия, Сербия және Қырғызстаннан келген 8 орындаушы қатысып жатыр. Түсірілім жұмыстары 22 күнге созылып, 7400 шақырымнан астам аумақты қамтыған. Көрермен Түркістан, Ақтау, Бозжыра, Қайыңды және Көбейтұз көлдері, сондай-ақ Алматы мен Астана секілді өңірлердің табиғатын тамашалай алады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жоба Қытайда Hunan TV мен Mango TV платформаларында, ал Қазақстанда «Qazaqstan» телеарнасында көрсетіледі. Алғашқы екі айдың өзінде шоу интернет кеңістігінде 1,5 миллиардтан астам қаралым жинаған.
Миллиардтық қаралым және толық қолдау
Сараптамамен айналысатын CMMR компаниясының дерегінше, шоуға берілген қолдау индексі 100%-ға жеткен. Барлық платформалардағы жалпы аудитория 1,59 миллиард қаралымды құрады. Жоба бірден Dengta, Vlinkage және Endata секілді ірі платформаларда көш бастады. Бұл танымалдықты ғана емес, көрермен қызығушылығының тұрақты екенін көрсетеді.
Сегіз апта бойы шоу төрт түрлі рейтингте бірінші орынды сақтап қалды. CSM ұлттық желісі мен 71 қала бойынша жүргізілген өлшемдер нәтижесінде жоба Қытайдағы аймақтық спутниктік телеарналар арасында көшбасшы атанды. Kuyun Data және Huanwang Data сараптамалары да бағдарламаның тікелей эфирдегі көрермен саны бойынша алда екенін көрсетеді. Бұл көрерменнің жоғары деңгейде қызығушылық танытқанын дәлелдейді.
Вирустық эффект және эфирден тыс қызығушылық
Қатысушылардың жеке өнер көрсеткен видеолары миллионнан астам қаралым жинап жатыр. Контент әлеуметтік желілерде кең таралып, эфирден тыс та жаңа аудиторияны қамтуда. Халықаралық блогерлер қатысушылардың өнеріне реакция жасап, үздік сәттер YouTube секілді платформаларда жиі жарияланып отыр. Бұл жобаның жаһандық медиакеңістіктегі ықпалын күшейтті. Қытайлық музыка сыншылары мен инфлюенсерлер шоуға жоғары баға беріп, оны «музыкалық және мәдени құндылықты қатар үйлестірген сапалы жоба» деп атады.

