140 балл және «Алтын белгі» мектебі: жоғары нәтиженің құпиясы неде?

 Коллаж El.kz
Фото: Коллаж El.kz

Түркістан облысындағы бір мектептің аты аталғанда, көпшіліктің ойына бірден жоғары нәтиже келеді. Өйткені бұл білім ордасында түлектердің басым бөлігі ҰБТ-да үздік көрсеткішке қол жеткізіп, жыл сайын «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегері атанып шығады. Ал елдің батысындағы талапкер түлектерге үлгі боларлық нәтиже көрсетіп, таңдаған пәнімен жұртты таңғалдырды. Жоғары нәтижеге жетудің шынайы құпиясы неде? Осы сауалға жауап іздеп, мектеп директоры мен талапкерді сөзге тарттық.

Мақсат қойды – межені бағындырды

Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназиясының 11-сынып оқушысы Жазира Кеңесова 2026 жылдың наурыз айындағы ҰБТ-да барлық сұраққа мүлтіксіз жауап беріп, ең жоғары 140 балл жинады. Оның таңдаған пәні – қазақ тілі мен әдебиет. Жазираның айтуынша, бұл жетістік кездейсоқ емес.

Қаңтар айындағы ҰБТ-да 138 балл жинаған соң, наурызда 140 балл алуды мақсат еттім. Нәтижені көргенде өз көзіме өзім сенбедім. Бұл – жылдар бойғы еңбектің, отбасымның қолдауы мен ұстаздарымның сенімінің нәтижесі, – дейді талапкер.

Жазира Кеңесова өз жетістігінің артында жүйелі дайындық пен дұрыс бағыттың тұрғанын айтады. Оның сөзінше, ҰБТ-ға дайындықты 10-сыныптың жазынан бастаған.

darynatyrau.kz

Дайындықты ұзақ уақыт бұрын емес, нақты түрде 10-сыныптың жазынан бастадым. 11-сыныпта бұл үдерісті жүйелі түрде жалғастырып, белгілі бір жоспармен жұмыс істедім. Өз бетіңмен дайындалу қиын, сондықтан міндетті түрде бағыт-бағдар беретін ұстаздар мен кураторлардың көмегі қажет. Саған сенетін, түрлі әдіс-тәсілдерді үйрететін мамандар болғаны өте маңызды, – дейді ол.

Осы себепті талапкер JUZ40 білім беру білім беру орталығына тіркеліп, дайындықты нақты жүйе бойынша жалғастырған. Ол бірден барлық пәнге бірдей көңіл бөлудің қиын екенін түсініп, дайындықты кезең-кезеңімен ұйымдастырған.

Алдымен қазақ тілі мен әдебиетіне басымдық бердім. Кейін оған математикалық сауаттылық пен тарих пәндерін біртіндеп қостым. Осылайша, пәндерді рет-ретімен меңгеріп, дайындықты бір жүйеге түсірдім, – дейді Жазира.

Оның қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылығы ерте бастан қалыптасқан. Алайда бұл пәнге деген шынайы қызығушылығы 8-сыныпта ғылыми жобалар сайысына қатысқан кезде арта түскен.

darynatyrau.kz

Сол кезде мен қазақ әдебиетін тек пән ретінде емес, ғылым ретінде таныдым. Белгілі бір тақырыпты зерттеп, оны республикалық деңгейде қорғау мен үшін үлкен тәжірибе болды. Дәл сол сәттен бастап болашақта осы бағытты таңдайтынымды түсіндім, – дейді ол.

11-сыныпта да ғылыми жобаларға қатысып, жүлделі орын иеленген Жазира үшін бұл тәжірибе пәнге деген қызығушылығын одан әрі арттырған.

Ғылыми жобалар, түрлі байқаулар мен олимпиадалар менің қазақ тілі мен әдебиетіне деген құштарлығымды күшейтті. Уақыт өте келе бұл қызығушылық үлкен мақсатқа айналды, – дейді.

Қазіргі таңда ол JUZ40 білім беру орталығында дайындалып жатыр. Орталық талапкердің жоғары нәтижесін бағалап, Жазираға 3 млн теңге, ата-анасына 2 млн теңге сыйақы табыстауды жоспарлап отыр.

Жоғары көрсеткіштің құпиясы қандай?

Ал Түркістан облысындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясы жыл сайын «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерін көптеп шығарып, рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Бұл – кездейсоқ жетістік емес, жүйелі еңбектің нәтижесі.

Шоқан Сәкенұлының жеке мұрағатынан 

Бұл білім ордасының жетістіктері нақты көрсеткіштермен дәлелденген:

  • 2003 жылдан бері 1472 түлек бітірген
  • 511 оқушы – «Алтын белгі» иегері
  • 268 түлек – үздік аттестат иесі
  • Орташа ҰБТ балы – 103,3
  • 1067 түлек – мемлекеттік грант иегері

Соңғы 5 жылда:

  • 353 түлек ҰБТ-ға қатысқан
  • Орташа балл – 103,28
  • 213 оқушы 100 балдан жоғары нәтиже көрсеткен
  • 308 түлек грантқа түскен

Бұл – жүйелі жұмыстың, талап пен табандылықтың айқын көрінісі.

инфографика El.kz

Мектеп директоры Шоқан Сәкенұлының айтуынша:

Мектебіміздің жыл сайын «Алтын белгі» иегерлерін көптеп шығаруы – нақты жоспар мен тұрақты еңбектің нәтижесі. Біз үшін ең бастысы – білім сапасына қойылатын жоғары талап. Ұстаздарымыздың кәсіби біліктілігі, ата-анамен тығыз байланыс және оқушылардың білімін үнемі бақылап отыру – осы жетістіктің негізгі факторлары. Сонымен қатар тұрақты мониторинг те үлкен рөл атқарады. Соңғы жылдары негізгі ҰБТ нәтижесі 131 баллды құрады, – дейді мектеп басшысы.

Бұдан бөлек, директор мектеп түлектерінің халықаралық білім кеңістігіне шығуы да ерекше мақтаныш екенін жеткізді. Оның сөзінше, соңғы жылдары бірқатар түлек шетелдік жоғары оқу орындарына түсіп, білімін жалғастыруда.

Шоқан Сәкенұлының жеке мұрағатынан 

Мәселен Бексұлтан Сүлеймен Польшада маркетинг мамандығы бойынша білім алуда. Дариға Уәлихан Малайзияда халықаралық бизнес мамандығына оқуға түсті. FLEX бағдарламасы арқылы бір оқушымыз АҚШ-қа барып, бір жыл оқып келді. Қазір ол 11-сыныпта оқиды. Наурыздағы ҰБТ-да 127 балл жинады, «Алтын белгіге» үміткер, – дейді мектеп директоры Шоқан Сәкенұлы.

Жазира Кеңесованың 140 баллдық жетістігі мен Жетісайдағы №6 мектеп-гимназиясының тұрақты жоғары көрсеткіштері бір ғана шындықты дәлелдейді. Жоғары көрсеткіштің басты құпиясы – жүйелі білім, табандылық және үздіксіз еңбек екенін айтады.

Оқи отырыңыз