Жаңалықтар

13 шілдеде білім беру гранттарына құжат қабылдау басталады

Бакалавриатқа түсу үшін 73 мыңнан астам грант бөлінді
13 шілдеде білім беру гранттарына құжат қабылдау басталады
Фото: baq.kz 12.07.2022 19:00 1507

Бакалавриатқа түсу үшін 2022-2023 оқу жылында 73 мыңнан астам грант бөлінді.  Бұл туралы  Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдейді, деп хабарлайды El.kz

Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 17 794 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 10 810 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 9 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына– 6 288 грант тиесілі. Осылайша, техникалық бағыттар бойынша мемлекеттік тапсырыстың үлесі 60% - ға дейін ұлғайды.

ҰБТ қорытындысы бойынша кемінде 65 балл жинаған талапкерлер ұлттық жоғары оқу орындарына, кемінде 50 балмен басқа жоғары оқу орындарына түсе алады. Бұл ретте «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» білім беру салалары бойынша шекті балл кемінде 75 балл, «Денсаулық сақтау» − кемінде 70 балл, «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» – кемінде 60 балды құрайды.

Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдау 13 шілде күні басталып, 20 шілдеге дейін жалғасады. Қабылдау жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылатын болады. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлердің ыңғайы үшін жоғары оқу орындарында виртуалдық қабылдау комиссиялары жұмыс істеп, талапкерлерге бейне байланыс арқылы кеңес береді. Сонымен қатар құжаттарды қабылдау кез келген жоо (орналасқан жері бойынша) арқылы жүзеге асыруға болады.    

Оқуға түсушілер 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өткен ҰБТ-ның екі нәтижесінің біреуін конкурсқа ұсына алады.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға құжаттарды электронды түрде тапсыру үшін талапкерлерге келесі құжаттар қажет:  

  1. жеке куәлік;
  2. ҰБТ сертификаты;
  3. 3х4 көлеміндегі фото;
  4. орта білім туралы аттестат (техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін диплом);
  5. № 075/у нысанындағы медициналық анықтама және № 063/у нысанындағы профилактикалық екпелер картасы;
  6. ер жігіттер үшін әскери тіркелу куәлігі;
  7. жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар.

Егер талапкер «Алтын белгі» иегері немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталған болса, онда ол басқа үміткерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады. Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары үшін де осындай басымдылық қарастырылған. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға