Сали Сабыров

13 ақпандағы жарыс кестесі: Михаил Шайдоровқа медаль бұйыра ма?

13.02.2026 13:05

 Бүгін Италиядағы қысқы Олимпиада ойындарында спорттың сегіз түрінен жарыс өтеді. Соның ішінде қазақстандық спортшылар үш спорт түрінен сынға түседі. 13 ақпандағы жарыс кестесін ұсынамыз.

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Олимпиада медаліне қол созып көрмек. Оның жолында Илья Малинин (АҚШ), Юма Кагияма (Жапония), Адам Сяо Хим Фа (Франция), Даниэль Грассль (Италия) бар. Ресейдегі спорт сарапшылары Петр Гуменник пен Джун Хван Чаны (Оңтүстік Корея)  да қатардан шығарып тастамау керегін жазып жатыр. Бүгін түнде еркін бағдарлама қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталады. 

Негізгі тартыс Илья Малинин, Юма Кагияма, Адам Сяо Хим Фа арасында өтеді. Меніңше, Малинин алтын алады. Ал Юма Кагияма мен Адам Сяо күміс медальді сарапқа салады. Десе де, қысқа бағдарламада төрешілер италиялық Даниэль Грасслді сүйрегенін ұмытпайық. Әйтпесе, Михаил Шайдоров қысқа бағдарламада таза секірді. Бірақ тиісті ұпай берілмеді. Сол үшін төрешілер Грасслге қола жүлде "дайындап" жатуы мүмкін. Егер Шайдоров білгенінен жаңылмай, таза секірсе, бірдеңеден дәмеленуге болады. Жалпы бәсеке жоғары, барын салуы тиіс", – дейді спорт журналисі Шамкен Байырбек.

Спорт сарапшысы Руслан Меделбектің жазуынша, Илья Малинин (АҚШ) жеті рет төрт айналым элемент жоспарлайды. Егер Малинин жоспарлаған жеті элементті де таза орындаса, олимпиада тарихына енеді. Ол – олимпиадада жеті мәрте төрт айналым секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы болмақ. Малинин төрт айналым аксель (мәнерлеп сырғанаудағы ең қиын элемент) секіруді жоспарлап отыр. Ал Петр Гуменник (бейтарап атлет) бес рет төрт айналым секіру элементіне тапсырыс берген. Михаил Шайдоров (Қазақстан) төрт рет төрт айналым элементін жоспарлайды. Бірінші элементі – үш айналым аксель+төрт айналым сальхов. Қазір әлемде үш айналым аксельге төрт айналым элемент қосып секіре алатын тек Шайдоров қана. Егер сәтті секірсе бұл каскады үшін өте жоғары ұпай алмақ. Юма Кагияма (Жапония) мен Адам Сяо Хим Фа (Франция) да төрт рет төрт айналым элемент секіруді жоспарлап отыр. Ал Даниэль Грассл (Италия) үш рет төрт айналым элементке тапсырыс берген.  

Әрине, бұл тек жоспар. Мәнерлеп сырғанаушылар тапсырыс берген элементтерін таза секіруі тиіс. Бірақ мұзда элементтерін өзгертіп жіберуі де мүмкін. Мысалы, қазір Шайдоров төрт рет емес бес рет төрт айналым элемент секіруі мүмкін екені айтылып жатыр, – деп жазды Руслан Меделбек Telegram парақшасында. 

Қысқа бағдарламадан кейінгі ахуал мынандай: 

1. Илья Малинин (АҚШ) — 108,16
2. Юма Кагияма (Жапония) — 103,07
3. Адам Сяо Хим Фа (Франция) — 102,55
4. Даниэль Грассль (Италия) — 93,46
5. Михаил Шайдоров (Қазақстан) — 92,94
6. Ча Чун Хван (Корея) — 92,72
7. Кевин Аймоз (Франция) — 92,64
8. Эндрю Торгашев (АҚШ) — 88,94
9. Сун Сато (Жапония) — 88,70
10. Стефен Гоголев (Канада) — 87,41
11. Кирилл Марсак (Украина) — 86,89
12. Петр Гуменник (Бейтарап атлет) — 86,72

 

Спорт түрі: Шаңғы жарысы, жеке уақыт бойынша жарыс (ерлер)

Қатысушылар: Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало, Наиль Башмаков

Басталу уақыты: 15:45

 

Спорт түрі: Биатлон, спринт (ерлер)

Қатысушылар: Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов

Басталу уақыты: 18:00

 

Спорт түрі: Мәнерлеп сырғанау, еркін бағдарлама (ерлер)

Қатысушы: Михаил Шайдоров

Басталу уақыты: 23:00