Жаңалықтар

12 қазан кинопремьералары

Осы аптада қандай фильмге барасыз?
12 қазан кинопремьералары
12.10.2017 13:19 1853

Аптаның басты премьерасы ретінде екі фильмді қарастыруға болады, екеуі де өмірден алынған оқиғалар: есірткі картеліне қызмет ете жүріп Америка билігінің тыңшысы болған, Эскобардың есірткісін тасымалдаған пилот Барри Силдің өмірбаяны (рөлде Том Круз) және «Салют-7» ғарыш орбитасын Жерге құлаудан аман қалу үшін ғарышқа қауіпті сапарға аттанған орыстың екі ғарышкері туралы тарихи картина. Одан бөлек Қайрат Нұртас пен әйелі ойнаған экшн-драма, Ресейде көп талқыланып жатқан «Аритмия» драмасы және басқа да кереметтер бар.

Егер сіз «Narcos» сериалын көрсеңіз, Барри Силды білуіңіз керек. Ол наркобарон Пабло Эскобардың есірткісін Америкаға бір өзі таситын есерсоқ ұшқыш ретінде белгілі. Барри – ойдан құрастырылған персонаж емес, өмірде болған адам. Universal Pictures студиясы оның қауіп пен қызыққа толы өміріне арналған «Америкада жасалған» («Сделано в Америке») фильмін Том Круздың орындауында ұсынады. Режиссері – Джейсон Борн туралы фильмдерді жасаушы Даг Лайман.

Ресейдің «Салют-7» картинасы да өмірден алынған оқиғаға құрылған: 1985 жылы ғарыш станциясымен байланыс үзіледі. «Салют-7» - КСРО ғылыми мен космонавтикасының зор жетістігі, бәсекелесі Америка алдында ұялмай көрсете алатын мақтанышы еді. Ол құласа Кеңестер Одағы әлем алдында масқара болады, оның үстіне жерге құлаған аппарат елді мекенді қиратып, кісі шығынына алып келуі мүмкін. Билік оны қалай да құтқармақ болады. Сол үшін ғарышқа өз ісінің білгірлері - Владимир Джанибеков (айтпақшы, Оңтүстік Қазақстанның тумасы) пен Виктор Савиных аттандырылады. Фильмде екеуінің есімдері өзгертілген, алайда жоғарыда баяндалған оқиға экрандалған. Екі батырды актерлер Владимир Вдовиченков пен Павел Деревянко ойнайды.

Соңғы жылдары Ресейде кино тақырыбындағы кинофильмдер өндірісіне ден қоя бастады. Ол туралы арнайы материалымыздан оқи аласыздар.

Еліміздің белгілі режиссері Рашид Сүлейменов түсірген «Арман» экшн-драмасы шықты. Орысша атауы «Когда ангелы спят». Басты рөлдерде әйгілі әнші Қайрат Нұртас пен оның жары Жұлдыз Әбдікәрімова. Әрине бұл «Өкініш» секілді Қайрат Нұртастың өмірбаяны емес, бірақ жаңа жобаға, бәрібір, қызығушылық бар. Ал қызығушылықтың басты объектісі – Қайраттың әйелі. Бұрын көзге көп көріне бермейтін тұлғаның бірден басты рөлмен көрінуі шынымен таңсық жағдай.

Сюжетте Арман есімді қалыңдық пен Құрман деген оның жігіті туралы баяндалады. Арманды бірде ішіп алған төрт мажор ұстап алып, зорлап кетеді. Құрман сүйіктісін құтқарамын деп жүріп құқық қорғау органдарымен келіспей қалады. Ол зорлықшылардың тиісті жазасын алғанын қалайды. Алайда байдың балаларына ешкімнің тісі батпайды. Тіпті көпшілік жәбір көрушінің өзін айыптай бастайды. Бірақ Арман бұндай әділетсіздікке көнбейді.

Соңғы жылдары көрінбей кеткен Голливуд актері Джош Хартнеттке өзін көпшіліктің есіне бір салып қоюға тағы бір мүмкіндік бар. «На глубине 6 футов» картинасы да өмірде бар адамның басынан өткен оқиғасын баяндайды. Әңгіме француз хоккейшісі, Олимпиада чемпионы Эрик Лемарк туралы. Карьерасын аяқтаған соң зеріккеннен есірткіге құмартып, сноубордты серік етеді. Бірде Маммот тауында сырғанап жүріп адасып кетеді. Осы оқиға картинаға арқау болған.

Ресей режиссері Борис Хлебниковтың «Аритмиясы» биыл көп талқыланып жатқан картиналардың бірі. Фильм «Кинотавр» фестивалінің Гран-приін, Карловы Вары халықаралық кинофестивалінде жүлде алды. Сюжетте жедел жәрдемде қызмет ететін талантты дәрігер туралы айтылады. Ол өмірінде пайда болған ең күрделі жағдайды реттеуге талпынады. Авторлық кино, жалпы ақылды, ойлантатын киноның көрермендері үшін бұл премьера – үлкен оқиға.

Жаңа фильмдер қатарында «Hasbro» компаниясына тиесілі «My Little Pony» медиафраншизасының жаңа дүниесі де бар. Бұл атаумен бұрын ойыншықтар шығарылса, кейін франшиза кино өнімдерімен кеңейген еді. «My Little Pony» сериясына кіретін мультсериалдар мен мультфильмдер бар. «My Little Pony в кино» - сол сериялардың соңғы өнімі. Мультфильм кейіпкерлерін Эмили Блант, Зои Салдана, Лив Шрайбер, Майкл Пенья секілді атақты жұлдыздар дыбыстапты.

«Заклятье. Наши дни» - Румынияда түсірілген британ хорроры. Орысша атауы «Заклятье» болғанымен, Джеймс Ванның әйгілі «Заклятье» фильмдер сериясына қатысы жоқ. Бірақ сценарийшілер Чад Хэйес пен Кэри Хэйес екеуінің де жұмысына атсалысқан. Ал фильмнің түпнұсқа атауы «The Crucifixion» деп аталады, қазақшаласақ – «Креске керілген» немесе «креске керу».

Сюжет бойынша бойына жын қонған әйелге экзорцизм рәсімі жасалады, бірақ нәтижесінде ол қайтыс болады. Осы рәсімді жасаған бес шіркеу қызметкері кісі өлімі бойынша айыпталып, қамауға алынады. Николь есімді журналист қыз бұл оқиғаға қызығып, өз зерттеуін жүргізеді. Оқиғаға қаныға түскен сайын жынның бар екеніне көз жеткізе бастайды және экзорцизм – дін өкілдері мен жынның арасындағы күрес екенін біледі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға