Жаңалықтар

12 сәуірде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы өтеді

12 сәуірде Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойы өтеді
Фото: «Халықаралық Сәтбаев қорының» баспасөз қызметі. 05.04.2024 17:40 1546

12 сәуір – Ұлт мақтанышы, Қазақ Елінің қазына байлығын ашушы, Қазақстан ғылым академиясының негізін қалаушы әрі тұңғыш президенті, алғашқы академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған күні және осы датаға орайластырылған Ғылым қызметкерлерінің күні, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

12 сәуір күні Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойын жыл көлемінде  атап өту рәсімінің ресми ашылу салтанаты өтеді. Бул туралы Халықаралық Қаныш Сәтбаев қоры хабарлады.

ҚР Үкіметі бекіткен ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған Жалпыреспубликалық жоспар өткен жылы бекітілген. Осы құжат аясында 12 сәуір күні, сағат 14.00-де Астана қаласындағы Қаныш Сәтбаев көшесі бойындағы академиктің зәулім ескерткішіне («Қазақстан» спорт кешені маңы) гүл шоқтары қойылады және  осы ескерткіш алдына  ғұлама Мәшһүр Жүсіптің жас Қанышқа 22 жасында берген Батасы жазылған гранит белгітастың ашылу салтанаты өтеді.   Шараға ҚР Үкіметінің мүшелері, Сенат және Мәжіліс депутаттары, министрлер мен қала және аймақ әкімдері, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Ғылым академиясы басшылығы мен Ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразия Ұлттық университетінің профессор-оқытушылар құрамы және қала тұрғындары қатысады деп күтілуде.

Сондай-ақ, аталған шараның жалғасы Қ.Сәтбаев көшесіндегі алғашқы академиктің барельефінің ашылуы, одан кейін Л. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Планетарлық деңгейдегі тұлға» атты көрмемен ұласады. Сағат 15.00-де  «Қаныш Сәтбаев – ұлт мақтанышы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастайды. Қала тұрғындары мен БАҚ өкілдерін шараны ақпараттық қолдауға шақырамыз. 

Айта кету керек, Қаныш Сәтбаев – есімі мемлекет тарихында алтын әріппен жазылған Ұлттың біртуар перзенті, ЮНЕСКО деңгейінде 100-жылдығы тойланған аса көрнекті геолог-ғалымы, мемлекет және қоғам қайраткері, ХХ ғасыр ғұламасы!

Ғұлама-ғалымның мерейтойын атап өтуге арналған ҚР Үкіметінің Жалпыреспубликалық жоспары аясында биыл республикалық және халықаралық деңгейдегі 50-ден астам іс-шара өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға