11,8 млрд теңге, «Арсенал» қақпасына салынған тарихи голдар: «Қайрат» Чемпиондар лигасындағы жорығын аяқтады
УЕФА Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы жалпы кезең матчтары толық мәресіне жетті. Плей-оффқа шыққан клубтар анықталды, ал алматылық «Қайрат» өз тарихында алғаш рет қатысқан негізгі кезеңдегі жорығын аяқтады. Турнир кестесінде соңғы орын алғанымен, бұл маусым қазақстандық клуб үшін тарихи матчтармен қатар үлкен сабақ және қаржылық әлеуетін жақсартуға мүмкіндік болды.
Шынын айту керек: жеребе тартылған сәттен бастап-ақ «Қайраттың» плей-оффқа шығуы аса қиын екені белгілі еді. Дегенмен жанкүйер де, сарапшылар да команда кем дегенде бірнеше ұпай жинап, сенсациялық нәтиже көрсетеді деп үміттенді. Әсіресе өз алаңындағы ойындарда батылдық танытады деген сенім болды. Бірақ Еуропаның элиталық деңгейі мен біздің клубтық футболдың нақты мүмкіндігі арасындағы айырмашылық бұл жолы анық көрінді.
Оқи отырыңыз:
- Футболдан әлем чемпионаты: 2026 жылғы турнирдің басты ерекшелігі туралы не білеміз
- Жасанды интеллект төреші бола ала ма? Футболдағы жаңа эксперимент
- «Ата-анасын діни радикалдар өлтірген». «Қайсарға» келген Виктор Мозес кім?
«Эмирейтстегі» матчта әдемі нүкте қойылды
Сегізінші турда «Қайрат» Лондонда турнирдің ең мықты командаларының бірі – «Арсеналмен» кездесті. Матч 3:2 есебімен ағылшын клубының пайдасына аяқталды. «Зеңбірекшілер» бұл кезеңдегі сегіз матчтың сегізін де жеңіп, 24 ұпаймен жалпы кезеңде үздік шықты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ойын жоғары жылдамдықпен өтетіні белгілі еді, солай болды да: екінші минутта Виктор Дьёкереш есеп ашты. Бірақ «Қайрат» абдырап қалған жоқ. Жетінші минутта VAR арқылы расталған пенальтиді Жоржиньо мүлтіксіз орындап, таразы басын теңестірді. Бірінші таймда Кай Хаверц пен Габриэл Мартинеллидің голдары алаң иелерін алға шығарды. Екінші таймда «Арсенал» тағы мергендік танытқанымен, бұл жолы офсайд тіркелді. Матч соңында Рикардиньо есепті қысқартып, әдемі нүкте қойды – 3:2. Әрине, жеңбеген соң, оның несіне қуанамыз деп айтуыңыз мүмкін, бірақ Артета шәкірттерінің негізгі кезеңде 23 гол соққанын және өз қақпасына 4 гол ғана жібергенін ескерсек, соның екеуі «Қайратқа» тиесілі. Оның үстіне сегіз матчта бір де бір клуб «Арсенал» қақпасына екі гол салмаған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Арсенал» – «Атлетик» (2:0),
«Арсенал» – «Олимпиакос» (2:0),
«Арсенал» – «Атлетико» (4:0),
«Арсенал» – «Славия» (3:0),
«Арсенал» – «Бавария» (3:1),
«Арсенал» – «Брюгге» (3:0)
«Арсенал» – «Интер» (3:1)
«Арсенал» – «Қайрат» (3:2).
Бұл кездесу алматылық ұжымға ұпай әкелмесе де, мазмұны жағынан «Қайраттың» ең тәуір ойындарының бірі болды.
Бас бапкер Рафаэль Уразбахтин матчтан кейін ойыншыларына ризашылығын білдірді:
«Арсенал» – Еуропаның ең мықты командаларының бірі. Бізге өте ауыр болды. Бірақ жігіттер қысымға шыдады, лайықты ойнады, екі гол соқты. Бұл – үлкен тәжірибе. Осындай матчтар футболшылар деңгейін өсіреді, – деді ол УЕФА-ға берген сұхбатында.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Нәтиже неге төмен болды?
«Қайрат» жалпы кезеңде сегіз матчта бір ғана ұпай жинады.
Нәтижелер мынадай:
«Спортинг» – 1:4
«Реал» – 0:5
«Пафос» – 0:0
«Интер» – 1:2
«Копенгаген» – 2:3
«Олимпиакос» – 0:1
«Арсенал» – 2:3
Барлығы 7 гол соғылып, 22 гол жіберілді. Турнирлік кестеде – 36-орын.
Мұнда бірнеше факторды ашық айту керек.
Біріншіден – қарсыластар деңгейі. «Қайрат» ойнаған клубтардың басым бөлігі өз елдерінің үздігі ғана емес, Чемпиондар лигасының тұрақты қатысушылары. Бұл дегеніміз – бөлек деңгейдегі жылдамдық, басқаша қарқын, басқаша тактикалық мәдениет.
Екіншіден – ойын тәжірибесінің үзілуі. Қазақстан чемпионаты қазан айының соңында аяқталды. Желтоқсанда «Олимпиакоспен» матчтан кейін команда ресми ойын өткізген жоқ. Ал Чемпиондар лигасында қарсыластар қызу маусым ортасында жүрді. Мұндай жағдайда функционалдық дайындықтың айырмасы бірден білінеді.
Үшіншіден – ойыншылар құрамы. Еуропаның топ-клубтары ротация жасаса да, сапа төмендемейді. «Қайратта» ондай мүмкіндік шектеулі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
1,8 млрд теңге табыс тапты
Спорттық нәтиже көңіл көншітпегенімен, экономикалық тұрғыдан маусым клуб үшін табысты болды. УЕФА жүйесі бойынша негізгі кезеңге қатысқан әр клубқа 18,62 млн еуро базалық төлем беріледі. «Қайрат» бұған қоса тең ойын үшін 700 мың еуро және турнир кестесіндегі соңғы орын үшін 275 мың еуро алды.
Жалпы табыс шамамен 19,6 млн еуроға (11,8 млрд теңгеге жуық) жетті. Кейін бұған телетрансляция мен маркетингтік түсімдер қосылады.
Бұл – қазақстандық клуб үшін өте үлкен қаржы. Енді мәселе – осы ресурсты дұрыс бағыттай білуде. Бірақ клуб жеке адамға – Қайрат Боранбаевқа тиесілі болғандықтан, қаражаттың қалай жұмсалатынын басшының өзі шешеді.
«Карабахтың» тарихи нәтижесі бізге де үлгі
Биылғы маусымда Әзербайжанның «Карабах» клубы плей-оффтың өтпелі кезеңіне шығып, соңғы он жылда бұл межеге жеткен ТМД аймағындағы алғашқы команда атанды. Бұл – аймақ клубтарына да жүйелі жұмыс арқылы нәтиже жасауға болатынын дәлелдейтін мысал.
Көпшілікті қызықтыратын сұрақ – «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы бұл дебюті бір реттік оқиға ма, әлде тұрақты еурокубоктық стратегияның басына айнала ма? Бәрі стратегияға, мақсатқа байланысты. Егер ұжым бұл маусымды сылтау емес, сабақ ретінде қабылдаса, алдағы жылдары да алматылықтардың Еуропа алаңында алып клубтармен тайталасқанын көруіміз бек мүмкін.
Бұған дейін еліміздегі стадиондар мәселесіне тоқталғанбыз.

