Жаңалықтар

112 медаль, көкпардағы дау. Көшпенділер ойыны несімен есте қалды?

112 медаль, көкпардағы дау. Көшпенділер ойыны несімен есте қалды?
Фото: Коллаж El.kz 19.09.2024 13:09 1585

Көшпелілер көшін жалғаған дүбірлі дода бұл жолы Ұлы түркі жұртының қара шаңырағы қазақ жерінде өтті. Қазақ халқы қонақжайлық танытып, атаулы шараға келген қадірлі меймандарды жоғары деңгейде қарсы алды. 8-13 қыркүйек күндері өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына 89 мемлекеттен 2500-ден астам спортшы қатысып, 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығын сарапқа салды. El.kz тілшісі сарапшылардан көшпенділер ойынының қорытындысы және қазақ пен қырғыздың ойыны туралы сұрап көрді.

Елорда төрінде 8-13 қыркүйек күндері 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары дүркіреп өтті. Апта бойы 21 спорт түрінен спортшылар сынға түсті.

Алғаш рет Қырғызстанда ұйымдастырылған халықаралық спорттық шара әлемдік мәртебеге ие болды. Барған сайын Еуразия кеңістігінде ғана емес, басқа да көптеген мемлекеттерді қамтып, әлемнің назарын өзіне аударды. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу құқығының Қазақстанға берілуімен ойындарды өткізетін елдердің тізімі де кеңейді.

Айта кетейік, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда өтті. Чолпон-Ата қаласы халықаралық жарыстарды үш рет қабылдады:

2014 жылы – 19 елден 10 спорт түрінен 583 спортшы.

2016 жылы – 62 елден 26 спорт түрінен 1 200 спортшы.

2018 жылы – 82 елден 37 спорт түрінен 2 000 спортшы.

IV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өткізілді. 102 елден 13 спорт түрінен 3 000 спортшы қатысты. Ал  Астанаға додаға 89 мемлекеттен 2500-ге жуық спортшы қатысып, 100 мыңнан астам турист келді. Дүбірлі дода жұмысына 1600-ге жуық волонтер жұмылдырылды.

21 спорт түрі  қамтылған сайыстар алты күн бойы 6 түрлі нысанда «Қазанат» ипподромы, «Арғымак» спорт алаңы, этноауыл, Ж. Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз сарайында өтті. Қазақстан спортшылары 112 медальмен көш бастады. Оның 43-і алтын, 32-і күміс және 37-сі қола жүлде.

Павлодар облысы «Joryq» ат спорты федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Батырбек Қошқарбаев көшпенділер ойыны аясында «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесіне қатысқандардың бірі.

112 медаль, көкпардағы дау. Көшпенділер ойыны несімен есте қалды?

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында 500 км шақырымды қамтыған бәйге өтті. Биыл бұл жорық осымен үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биылғы жорықтың ерекшелігі халықаралық деңгейде өтуі. Яғни, оған сегіз мемлекеттен командалар келіп қатысты. Өте тартысты және жоғары деңгейде тәжірибе жинайтындай жорық болды. Екі жыл қатарынан бірінші орын алып жүрген Талдықорған қаласынан «Жетісу» командасы, Маңғыстаудан «Көкмойнақ» командасы, Алматы, Ақтөбе сынды еліміздің мықты-мықты деген іріктелген командалары қатысты, – дейді Батырбек.

Ал шетелден алғаш рет Оңтүстік Африка, Венгрия, Қырғызстан, Иран сияқты біраз мемлекеттен келгенін айтты. Ресей Федерациясынан келген Қабардин-Балқар командасы 500 км жолды еңсеріп, топты жарып бірінші орынды иеленгенін мәлім етті.

Олар өте тәжірибелі, бұрыннан осы марафонға 20 жылдай қатысып жүрген команданы әкелген бапкер екен. Ол кісіден үйренеріміз көп болды. «Бап шаба ма, бақ шаба» дегендей, Қабардин-Балқардың үш қызы мәрені бірінші болып өтті. Басында Қырғызстаннан да келген команда үш күн қатарынан алдында тұрған еді, бірақ тәжірибенің аздығынан жарыс жолынан шығып қалды. Екінші орынға Алматы, үшінші орынға Ақтөбе жайғасты. Ұлы дала жорығы жоғары деңгейде өтті. Шабандоздарға, жылқыларға да барлық жағдай жасалды. СҚО Ботай деген жерден бастау алып, Астанаға дейін шауып келді, – дейді Батырбек Қошқарбаев.

Ұлы дала жорығы тарихи жарыс болғанын, келген елдің барлығы қызығушылық танытқанын, келесі жолы ұйымдастырылатын болса, бұдан да көп мемлекет қатысады деп есептейді. Өйткені бұл жылқының мықтылығын, аттың үстіндегі шабандоздың ептілігін  анықтайтын үлкен жарыс болғанын жеткізді.

Ал көшпенділер ойынындағы көкпарға келетін болсақ, ашылу салтанатының өзі осы күнге дейін өткен көшпенділерден жоғары деңгейде өтті. Өте ерекше, олимпиаданың ашылуындай болды. Мұның барлығы жақсы бір әсер берді. Шеттен келген қонақтың бәрі оң пікірде, біразымен сөйлесіп, тілдестік. Жорықта жүргенде де өзім Иран командасына ат апарған болатынмын. Сол жігіттермен жақын дос болып араласып кеттік. Ойынның өте жоғары деңгейде өткенін, алғыстарын айтып кетті, – дейді.

Сондай-ақ сарапшы көшпенділер ойынында этноауыл құрылғанын, ол жерде тек бір ғана сайыс емес, бірнеше жерде жарыс ұйымдастырылғанын тілге тиек етті.

Мәселен көкпардың ең қызық жері ақтық сын қырғыз бен қазақтың ойыны болды. Бұл ойынды өзім көріп, ішінде болдым. Қырғыздар жарыстан кейін де екі-үш күн тоқтамай, әлеуметтік желіде болсын әділетсіз өтті деп бүкіл елге тіл тигізумен болды. Бірақ бұл жерде волейбол емес, ер азаматтар арасындағы көкпар болғасын бір-бірімен эмоциямен қақтығысып, атпен ат соғысады. Сол себепті көкпаршылар кішкене жігерленіп, бір-біріне қамшы жұмсап жіберу ол қалыпты жағдай деп ойлаймын. Адам кейбір кезде эмоциясын ұстай алмай қалатын жағдайлар болады. Қамшы салғаны бұл әділетсіздікке жатпайды деп ойлаймын, – дейді «Joryq» ат спорты федерациясы республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының директоры Батырбек Қошқарбаев.

Шеңбердегі көкпар ойынында қазақ жігіттері басым болғаны айдан анық көрінгенін айтып, көкпардан еліміздің командасы анық жеңгенін жеткізді.

Сәл енді ортадағы жекпе-жекте ысқырықсыз басталып кетті деген сылтаулар айтылды. Біз дәл жанында болмаған соң, төрешінің ысқырығы естілмеді. Былай сырттан қарағанда, әділетсіздік байқалмады. Қамшы салып жібергені үшін біздің шабандоз кешірім сұрап, кейін екі минуттық қара нарға да жіберілді. Ойын барысында өзінің жазасын алды деп ойлаймын. Ал қырғыздардың біздің жігіттерді реваншқа шақырып жатқаны бұл қатты маңызды емес. Достастық ойыны деп айтып жатыр. Ол жерге барған кезде таза жүз пайыз әділ өтетініне ешкім кепілдік бере алмайды. Әлі де талай жарыстар көп. Сол үшін ресми жарыстарда кездескен дұрыс, – деді Батырбек Қошқарбаев. 

Қазақстан құрамасы Қырғызстанды 5:4 есебімен ұтты. Десе де, қырғыздар осал емес екенін және өте тәжірибелі, мықты ойыншыларын іріктеп әкелгенін тілге тиек етті.

Мен қырғыз көкпаршысы Рустам Тыналиев пен сұхбаттасқан едім. Сонда айтқаны осы көкпарға ең мықты аттар мен ойыншыларды іріктеп әкелгенін айтты. Себебі қазақтар бұл көкпар түріне мықты ойыншыларды қоятынын біліп, біз соған қарсыласып келдік деп айтқан болатын. Әрине, олар жеңіс үшін келді. Көкбөріден бізді 10:4 есебімен ұтып, айқын басымдықпен жеңді. Көкпарда да бізді жеңіп кетуге сәл қалды. Өйткені аттары бізден бір саты жоғары болды. Оны бәрі көрді. Қатты қаққан кезде біздің аттарды кәдімгідей құлатып тастауға дейін барып жатты, – дейді шабандоз.

Мұндай дау-дамай шықпас үшін екі жақтан да қатысы жоқ тәжірибелі төрешіні басқа елден дайындап қою керек деп санайды. Ал жақсы меңгерген төрешінің көбі қырғыз бен қазақта ғана екенін айтты.

Сол үшін «Тура биде туған жоқ» деген ұстанымдағы әділ төрешіні қойса, ойын ешқандай дау-дамайсыз өтеді деп ойлаймын. 5:4 пен бір ғана салымның басымдығымен ұттық. Өзіміздің жерде өткесін, намыс, қаншама көрермен қолдап тұрғасын есе жібермедік. Әйтпесе ойын тең өтті. Біздікілер айқын басымдықпен жеңіске жетті деп айта алмаймын. Ал біздің жігіттердің мықтылығы, қарулы екендігі қырғыз ойыншыларынан бір басым жоғары екені көрінді. Егер аттарымызды қырғыздың аттарындай теңестіріп алсақ, көкпар түрінен келесі жарыстарда айқын басымдықпен жеңеміз деп ойлаймын, – дейді ол.

Егер ат мықты болса, қазақ көкпаршылары қырғыздардан бір бас жоғары деп санайды.

Спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы көшпенділер ойындары сәтті өтті деп есептейді.

112 медаль, көкпардағы дау. Көшпенділер ойыны несімен есте қалды?

кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Олимпиада деңгейінде ұйымдастырылған. Шетелдік қонақтар солай баға беруде. Ал жарыстарға келетін болсақ, 89 елдің спортшылары бақтарын сынады. Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің спортшылары өте мықты дайындықпен келгенін көрсетті. Сондай-ақ қазақ спортшылары өз елімізде өтіп жатқандықтан бар күштерін салды. Нәтижесінде жалпы командалық есепте бірінші орынға тұрақтады, – дейді сарапшы.

Спорт сарапшысының айтуынша, қазақ күресінен өзге елдің балуандарының деңгейлері өскен. Мәселен Үндістан балуандары бұған дейінгі жарыстарда алғашқы айналымнан аса алмайтын, олар жартылай финалға дейін жетіп, медаль үшін де күрескенін айтты. 

Сонымен қатар Италия елінің қызы чемпион атанды. Бұл дегеніміз ұлттық күресіміз әлемдік деңгейде жақсы көтерілгеннің белгісі. Сол жағы қуантты. Барлық спорт түрінен төрешілер тарапынан бұра тартулар болмады. Бәрі әділ түрде өтті деуге болады. Шетелдің спортшыларынан төрешілерге қарсы шағым бола қойған жоқ. Тек көкпардың финалында түсінбеушіліктер орын алды. Ойын кезіндегі дау сол жерде шешілген. Бұзылған ережені төрешілер тарапы видеодан қарап, ақылдасып кінәліні жарыс ережесіне сай жазалады, – дейді Анық Көкенайұлы. 

Нақтырақ айтқанда жарыс ережесін бұзған көкпаршы (2 минут қаранарға тұрған). 

Бірақ қырғыздың арандатушылық тобы ойын біткен соң жағдайды ушықтырып, жанкүйерлер арасына іріткі салды. Сол дау әлі де жалғасуда. Осымен тоқтамайтыны анық. Бұл дау бірнеше жылға жалғасатыны айқын. Қырғыз көкпаршылары марапаттау кезінде медаль мен берілген ақшаны ала сала Қазақстан әнұраны ойналмастан кетіп қалды. Бұл спорттың қағидатына сай әрекет емес, – деді ол.

Спорт сарапшысы бұл ауылдың тойы емес, әлемдік деңгейдегі жарыс болғандықтан мұндай әрекетке бару дұрыс емес екенін жеткізді.

Бұлай жасамаулары керек еді.  Халықаралық талаптарға сай көкпаршыларды жазалау керек деген пікірдемін, – деді.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынында көкпар спортындағы жайтқа байланысты бас төреші Тастанбек Есентаев өз ойымен бөлісті.

Көкпардағы ереже бұзылған сәтті 10 мәрте қарадық. Ойынның ішінде қамшымен ұрдық дегенді көрмедік. Бірақ бұл жайт ойыннан тыс уақытта болды. Қырғыздардың басты талабы біздің ойыншыны қызыл қағазбен шеттету еді. Бірақ біздің ережеде ондай көрсетілмегендіктен, 2 минут алаңнан шығардық. Әріқарай бәсеке таза өтті деп ойлаймын. Екі команда да мықты. Төрешілер тарапынан ешқандай өрескел қателік болмады, – деді Тастанбек Есентаев.

Бас төрешінің сөзінше, наразылық марапаттау сәтінде де жалғасып, қырғыз көкпаршылары мерзімінен бұрын кетіп қалды. Бұл мәдениетсіздік екенін айтты. Осындай жайттар үшін міндетті түрде шара қолданылатынын жеткізді.

Айта кетейік, ең көп 11 мың жанкүйер жиналған көкпар бәсекесінің финалында Қазақстан құрамасы тартысты кездесуде Қырғызстанды 5:4 есебімен жеңген болатын.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға