Жаңалықтар

11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні

11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні
Фото: Turkystan.kz 11.11.2022 10:55 3849

2008 жылы «Ресурстар мен энергияны пайдалану жөніндегі мектеп жобасы» (SPARE) экологиялық желісінің бастамасымен 11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні атауымен күнтізбеге енгізілді.

Жобаны жиырма ел мақұлдап, бұл күн халықаралық мәртебе алды. «Энергия үнемдеу күнінің енгізілуінің басты себебі – табиғи ресурстарды мейлінше тиімді, үнемді пайдалануды насихаттау.

«Біз табиғи байлықты сарқи пайдаланбай, ұрпаққа тиімді жеткізуіміз тиіс. Энергия – өркениетті қоғамның негізгі нышаны. Олсыз даму мүмкін емес. Егер электр энергиясы бір күн емес, бірнеше сағатқа, тіпті бірнеше минутқа сөнсе, бүкіл әлемнен ажырап қалғандай күй кешеміз. Ал саналы түрде энергияны үнемдейтін болсақ, мемлекет артық шығыннан арылар еді. Міне, Халықаралық энергияны үнемдеу күні осындай маңызымен құнды», – деді кәсіби энергетик Әсет Наурызбаев.

Оның сөзінше, дәстүрлі энергия өндіруде көмірді пайдаланып отырмыз. Бұл ресурс бізде арзан болғандықтан, оның үнемдеуді көп жағдайда ойлай бермейміз.

«Қазақстанда энергияның 80 пайызы көмір негізінде өндіріледі. Бұл ресурсқа біздің елде қолжетімді. Сондықтан өте көп мөлшерде пайдаланып, қажетті энергияны өндеуге болады. Мұның салдарынан ауаның ластануы артады. Біз осыны да ескеруіміз тиіс», – деді ол.

Энергетика министрлігі бұл саланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бағдарламасын дайындады. Оны іске асыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін министр Болат Ақшолақов Үкімет отырысында айтты.

«Ең маңызды фактор – электр энергиясының қымбаттауы. Қазір электр энергетикасын реформалау жүріп жатыр. Реформа жобасында біз жылу мен электр энергиясын жоғары бағаға алып, тиісінше энергияны үнемдеуге аса мән береміз деген ойдамын», – деді ведемоства басшысы.

Энергетик Әсет Наурызбаевтың айтуынша, пайдалы қазбаларды және қалпына келтірілмейтін ресурстарды жағудың орнына жаңартылатын энергия көздерін дамыту маңызды.

«Өкінішке қарай, біздің үлкен зауыттарымыз осы уақытқа дейін қол жетімді ең жақсы технологияға көшкен жоқ. Осыған байланысты біз энергияны басқа елдерге қарағанда бірнеше есе көп жұмсаймыз, тек электр энергиясының арзандығы бұл кәсіпорындарға бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді», – дейді эксперт.

Елдің энергетика саласын дамытудың ескі парадигмасы көптеген блоктық станциялар салынғандығына байланысты болды деп санайды Әсет Наурызбаев.

«Қазір технологиялық парадигма ретінде бүкіл ел бойынша жел және күн электр станцияларын салу керек, бұл көмірді тұтынуды азайтады. Энергияны үнемдеу үшін технологияны өзгерту керек, яғни өткен ғасырдың ескі құрылғылармен энергияны үнемдеу мүмкін емес», – деді энергетик.

Еліміздің энергиясын үнемдеу күнінің мақсаты – қоғамды энергетика ресурстарын бағалап, тым болмағанда үйдің тұрмысында энергияның қолдануын азайту.

«Үй жағдайында энергия үнемдеудің бірнеше тәсілдері бар. Жалпы, қалалық энергия үнемдеу бағдарламасы қолданылған кезде әртүрлі қаланың тәжірибесін ескеру қажет», – деді Әсет Наурызбаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға