Жаңалықтар

11 мыңға жуық қандас пен қоныс аударушыға бейімдеу және интеграциялық қызмет көрсетілді

11 мыңға жуық қандас пен қоныс аударушыға бейімдеу және интеграциялық қызмет көрсетілді
Фото: ҚР ЕХӘҚМ 05.11.2024 11:53 337

Жыл басынан бері ҚР Үкіметі айқындаған қоныстандыру өңірлеріне тұрақты тұруға өз еркімен көшіп келген 10,9 мың қандас пен қоныс аударушы бейімдеу және интеграциялық қызметтердің 25 түрімен қамтылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

ЕХӘҚМ мәліметінше, қоныс аударушылар мен қандастарға ақпараттық, құқықтық, әлеуметтік, медициналық әрі білім беру қызметтері көрсетіледі, бұл олардың қоныстану аумақтарында бейімделуі мен интеграциялануына және жаңа тұрғылықты жерінде орнықтыруына ықпал етеді. Осы жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша аталған қызметтермен 8 719 қандас және 2 161 қоныс аударушы қамтылды.

Бейімдеу және интеграциялық қызметтер тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына ерікті түрде қоныс аударудың мемлекеттік шараларына қатысуға ниет білдірушілер өтініш білдірген сәттен бастап көрсетіледі. Мансап орталығының қызметкері қоныс аудару аумақтарына қоныс аудару шарттары және қажетті құжаттар тізімі бойынша алғашқы кеңес береді.

Қоныс аудару өңірін айқындау алдында қоныс аударушыға не қандасқа: өңірлік квотаға енгізу туралы, уақытша орналастыру орталықтарының қызметтері, бейімдеу және интеграциялық қызметтер мен басқа да қолдау шаралары туралы барлық қажетті ақпарат беріледі.

Құжаттарды қабылдау «Қандас» немесе «Еңбек нарығы» автоматтандырылған ақпараттық жүйелері арқылы электрондық форматта жүргізіледі. Қоныс аударушымен және/немесе қандаспен бірлесіп бейімделу және интеграциялау жөніндегі жеке жоспар қалыптастырылады, оған сәйкес жаңа тұрғылықты жеріне көшу және жайластыру өтеді.

Бұл жоспар мына іс-шараларды міндетті түрде реттейді:

- қоныстандыру өңіріне көшу және орналастыру (келу күні, тасымалдау түрі, келетін отбасы мүшелерінің саны);

- материалдық көмекті, оның ішінде экономикалық мобильділік сертификатын ресімдеу;

- тұрақты жұмысқа орналасу, сондай-ақ қажет болған жағдайда кәсіптік даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру;

- экономикалық мобильділік сертификаты арқылы төлем жүргізе отырып, отбасының тұруы үшін тұрғын үй іздеу және іріктеу;

- отбасы мүшелерінің бейімделуі және интеграциясы.

Бейімделу және интеграциялық қызметтерді көрсету мониторингі Отбасының цифрлық картасы және FSM Social мобильді қосымшасы арқылы бес жыл бойы жүзеге асырылады.

Қандастарды қоныстандыру үшін келесі өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін: Ұлытау, Абай, Қостанай, Павлодар, Қарағанды, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.

Белгіленген квота шеңберінде еңбек күші тапшы өңірлерге өз еркімен көшіп келген қоныс аударушылар мен қандастарға мынадай мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады:

- көшуге субсидия – отағасына және отбасының әрбір мүшесіне бір реттік 70 АЕК мөлшерінде (258 440 тг);

- елді мекен мен отбасы мүшелері санына байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау (55 380 теңгеден 110 760 теңгеге дейін);

- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;

- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;

- экономикалық мобильділік сертификаттарын беру.

Бұдан басқа өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.

2023 жылы ҚР Үкіметі айқындаған қоныс аудару өңірлеріне тұрақты тұруға өз еркімен көшіп келген қоныс аударушылар мен қандастарды бейімдеу және интеграциялық қызметтер көрсету тетігі Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында пилоттық режимде сыналғанын естеріңізге сала кетейік.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға