Жаңалықтар

10 ең алып ғарыш апаттары

Ғарышты бағындыру тарихы трагедиялық оқиғаларға да толы. Толық видео және фото мұрағатпен таныс болыңыздар
14.01.2016 03:29 13054

10 ең алып ғарыш апаттары

Ғарышты бағындыру тарихы  трагедиялық оқиғаларға да толы. Ғарышқа ұшу, ұшуға дайындық немесе сәтсіздікке тап болған ракеталық ұшырулар кезінде кем дегенде 330 адам қаза тапты. Naked Science журналы 10 ең алып  ғарыш апаттарын таңдады; олардың көбісі космонавтиканы мәңгілікке өзгертті.

10 ең алып ғарыш апаттары

Шаттл Челленджер

Қаза тапқандар саны: 7 адам

Жыл: 1986

Ел: АҚШ

Апат: толық экипажды ғарыш кемесі ұшқаннан кейін ауада жарылды

Ресми себебі: қатты отынды үдеткіш элементтерінің герметизациялануы/сапасы төмен технология

80-жылдардың ортасында «Спейс-Шаттл» дамудың шарықтау шегіне көтерілді. Сәтті миссиялар бірінен соң бірі өтіп жатты, ал аппараттардың ұшырылуы тым жиі болғандағы соншалық, тіпті олардың арасында 20 күн де өтіп үлгермейтін. «Челленджер STS-51-L» шаттлының миссиясы өзгелерден ерекше болатын: ғарыш кемесінде астронавттармен қоса мектеп мұғалімі Криста МакОлифф болатын. «Ғарыштағы мұғалім» жобасы бойынша ол ғарыштан бірнеше сабақ өткізу керек еді. Сондықтан кеменің ғарышқа ұшуының телевидениедағы трансляциясын көп адам тамашалап отырды – Америка тұрғындарының 17%.

28 қаңтарда таңертең шаттл аспанға самғап ұшқанын шапалақ ұрып көрген көрермендер 73 секундтан кейін кеменің жарылған бөліктерін жерге кері құлаған сәтін бақылап отырды. Астронавттар жарылыстан кейін де тірі болатын, алайда 330 км/сағ жылдамдықпен кабинаның суға соғылуынан көз жұмды.

Жарылыстан кейін де операторлар түсірілімді жалғастырған болатын. Кадрлар арасында ұшуды тамашалауға келген жеті астронавттың отбасылары да бар. Міне, осылай, телевидение тарихындағы ең қайғылы репортаждардың бірі пайда болды.

Бұл оқиғадан кейін 32 айға шаттлдар қолдануға тыйым салынды. Қатты отынды үдеткіштер технологиясы күрделі жетілдірілулер процесінен өтіп, шаттлдарға астронавттарды құтқаратын парашютты жүйені орнатады. 

Шаттл Колумбия

Қаза тапқандар саны: 7 адам

Жыл: 2003

Ел: АҚШ

Апат: толық экипажды ғарыш кемесі атмосфераға кіру барысында жанып кетті.

Ресми себебі: аппарат қанатындағы жылу оқшаулағыш қабатының зақымдануы/техникалық персоналдың кішкентай қателіктерді елемеуі

1 ақпанда таңертең «Колумбия STS-107» шаттл экипажы сәтті ғарыш миссиясынан оралып келе жатырды. Атмосфераға кіру алдымен штатты режимде басталды, алайда аппараттың сол қанатының температура датчигі Ұшыруларды басқару орталығына аномаль көрсеткіштерді жіберді. Кейін кеменің гидравликалық жүйесінің төрт датчигі минимумнан түсіп кетіп, 5 минуттан кейін кемемен байланыс мүлдем жоғалды. ҰБО қызметкерлері аппарат датчиктеріне не болғанын аң-таң болып білмей жатырған кезде телеарналардың бірі отқа оранған шаттлды тікелей эфирде көрсетіп жатты. Экипаж мүшелерінің барлығы қаза тапты.

Бұл трагедияның америка космонавтикасына тигізген әсері соншалық, Шаттлдардың ұшырылуына дереу уақытша тыйым салынады. Мемлекет президенті Джордж Буш «Спейс Шаттл» бағдарламасының технологиялық жағынан ескіргенін жариялап, NASA қаражаттарын жаңа басқарылатын кеме жасауға жұмсау керектігін айтады.

Аполлон-1

Қаза тапқандар саны: 3 адам

Жыл: 1967

Ел: АҚШ

Апат: командалық модульдегі иммитациялық жаттығу кезінде экипаж тірілей өртеніп кетті.

Ресми себебі: шоқ, қысқа тұйықталу тогы/мүмкін дұрыс оқшауланбаған сым

Айға ұшырылатын кемелер арасындағы жарыста жұмысты тез аяқтау басты болды. Америкалықтар КСРО-ның да айға ұшыратын кеме жасап жатырғанын білгендіктен, өздерінің «Аполлон» жобасын бітіруге жан аямай асықты. Өкінішке қарай бұл жайт технологияның сапасына зардабын тигізумен ғана шектелген жоқ.

1966 жылы пилотсыз «Аполлон-1» ұшырылуы сәтті өтті. Ендігі кезекті 1967 жылдың ақпан соңында аппараттың басқарылатын нұсқасын ұшыру жоспарланды. Экипаж жаттығулары үшін Канаверал мүйісіне командалық модульдің бірінші нұсқасы әкелінді. Қиындықтар әу басынан басталған еді – модуль мүлдем дайын емес еді, қажетті түзетулерді инженерлер сол жерде сынақ басталарда жасап жатырды. Қаңтардың 27-не экипаждың командалық модульде иммитациялық жаттығулары бекітілді; ұшыру алдында құрылғылардың жұмыс істеуін тексеру керек еді.

Вирджил Гриссом, Эд Уайт және Роджер Чаффи модульге түскі бірде кірген болатын. Кабинаға ауаның орнына таза оттегі толтырылып, жаттығу басталды. Ақауларға байланысты сынақ бірнеше рет тоқталып отырды – байланыс үзілді және Гриссом жағымсыз иіс сезді. Тағы бір тексеріс кезінде датчиктер кернеудің секірісін байқап қалды (қысқа тұйықталу кезінде болуы мүмкін). Он секундтан кейін Уайт «Біздің кабинада өрт!» деп динамикке айқайлайды. Кейбір куәгерлердің айтуы бойынша Уайт люкты ашуға тырысты. Ал бірер секундтан соң байланыс жоғалып, модуль ішкі қысымды көтере алмай бөліктерге жарылады. Көмектесуге келген адамдар үлгермеді – бүкіл экипаж сол мезетте көз жұмды.

Аполлон-1 кабинасы өрттен кейін
Трагедиядан кейін үлкен істер атқарылды: модульдегі бүкіл материалдарды жанбайтынға ауыстырып, сымдар тефлонмен қапталды, люк сыртқа ашылатын болды, сонымен қатар, жасанды атмосфераның құрамы да өзгертілді – таза оттегіден оның 60% қалдырып, қалған 40% азотпен толтыратын болды.

Союз-1 

Қаза тапқандар саны: 1 адам

Жыл: 1967

Ел: КСРО

Апат: ғарыш кемесі атмосфераға кіргеннен кейін тоқтай алмай жерге соқтығыстан жарылды

Ресми себебі: Басты тежегіш парашют ашылмай қалды/технологияның дұрыс ойластырылмауы немесе өндірістегі қателік

23 сәуір күні  «Союз» сериялы пилотты кемесінің тарихтағы бірінші сынағы жоспарланды. КСРО соңғы жылдарда АҚШ-тан тым артта қалып қойды. Атлантиканың өзге бетіндегі елде әр ай сайын ғарыштық жаңа рекордтар қойылып жатты. Аппарат конструкциясының елеулі жетіспеушіліктері мен қателіктеріне қарамастан сынақты белгіленген күні өткізу шешілді.

«Союз-1» кемесі пилот Владимир Комаровпен орбитаға шығады. Жоспар бойынша «Союз-1» оның артынан ұшырылатын «Союз-2» кемесімен қосылу керек еді. Алайда «Союз-1»-дің күн батареяларының біреуі ашылмай қалып, екінші кеме ғарышқа жіберілмейді. Комаровка Жерге қайту бұйрығы берілді. Кеменің бағдарлау мүмкіндігінің осалдығынан пилот кемені өз қолымен қондыратын болды. Комаровтың асқан шеберлігі арқасында атмосфераға кіру процесі жақсы өтті. Алайда жерге қонудың соңғы кезеңінде басты тежегіш парашют ашылмай қалды. Қосалқы парашют ашылды, бірақ ол оратылып қалып, кеме Жермен 50 м/c жылдамдықпен түйіседі. Комаров қаза болады.

Бұл жағдайдан кейін «Союз» кемелерінің пилотты ұшырылуы 18 айға тоқтатылып, тежеу жүйесі 6 пилотсыз ұшыруларда тексерілді. Көптеген жетілдіру жұмыстары жүргізілді.

Союз-11

Қаза тапқандар саны: 3 адам

Жыл: 1971

Ел: КСРО

Апат: кеме экипажы атмосфераға кіру кезінде декомпрессиядан қаза тапты

Ресми себебі: желдету клапанының (вентеляционный клапан) уақытынан ерте ашылуы, кабинада саңылау пайда болды/болжамдар бойынша клапандар технологиясының дұрыс өңделмеуі

«Союз-11» экипажының миссиясы «Салют-1» орбиталық станциясымен қосылу болды. Кейбір қиыншылықтарға қарамастан, экипаж станцияда 11 күн жұмыс істеді. Өрт тіркелген соң ғарышкерлерге Жерге оралуға бұйрық берілді.

Атмосфераға кіру, тежеу процесі, жерге қону тұрақты режимде өтті, алайда ҰБО сұрақтарына экипаж жауап бермеді. Аппарат люгін ашқан кезде ғарышкерлер тірі болмады. Декомпрессиялық аурудан көз жұмғандығы кейіннен анықталды. Зерттеулер бойынша кабинада үлкен биіктікте саңылау пайда болып, кемедегі қысым мөлшерден тыс төмендеп кеткен. Конструкция бойынша ғарыш кемесінде скафандрлар болмаған.

Бұдан кейін «Союз» ұшқыштарына  міндетті түрде скафандрлар берілетін болды. Бұрын ұшқан үш адамның орнына екі адам және скафандрларды жіберетін болды.

Бұл апаттардың барлығы ұшыруларға немесе оған дайындыққа байланысты болды.

Адамдар өмірінде орын алған келесі трагедиялар зымырандарды апаттық ұшыруларға байланысты. Бұл оқиғалар ондаған есе көп адам өмірін алып кетті.

Байқоңырдағы апат 

Қаза тапқандар саны: 78-126

Жыл: 1960

Ел: КСРО

Апат: ұшыру алдында зымыранның отын багының өртенуі, мықты өрт

Ресми себебі: қозғалтқыштардың біреуінің уақытынан ерте қосылуы/қауіпсіздік шараларының сақталмауы

Гагаринның ғарышқа аттануынан жарты жыл бұрын Байқоңырда үлкен оқыс оқиға болады. Бұл оқиғаның сұмдығы соншалық, бүкіл ақпараттар ұзақ уақыт бойы қатаң құпияда сақталды. Әлем бұл туралы тек Кеңес үкіметі құлауы кезінде (1989 ж.) ғана білді.

«Берлин дағдарысының» халықаралық қатынастардың шиеленісіне әсеріне байланысты Хрущев 1959 жылы құрлықаралық баллистикалық зымырандарды шығаруды жылдамдатуға бұйрық береді. 1960 жылдың 24 қазанында Плесецк ғарыш айлағында Р-16 зымыранының сынағы жоспарланды. Зымыран әлі де күрделі жетілдірулерді талап еткен болатын. Алайда РВСН маршалы Неделин мырза уақыт создыруға мүмкіндік бермеді.

Ұшыру кезінде Неделин жобаның өзге де құрастырушыларымен бірге қорқатын еш себеп жоқтығын көрсетіп ракетадан 17 метр қашықтықта ғана отырады. Ұшуға 30 минут дайындық беріледі, бірақ сол кезде қозғалтқыштың екінші деңгейі штаттан тыс қосылады. Пайда болған өрт дайындықта тұрған отын бактарын жарады. Лавина тәрізді өрт басталады. От жалындары үлкен аумақты қамтыды. Апатты-құтқару жұмыстары өрт басылған соң тек екі сағаттан кейін басталды.

Сол жақта: Р-16 жарылысы. Оң жақта: зымыран сынықтары

Бұдан кейін ғарыш айлағындағы қауіпсіздік шаралары өзгертіліп, зымыран ұшырулар жүйесі жетілдірілді.

Серси зымыран шахтасындағы өрт, Арканзас

Қаза болғандар саны: 53 адам

Жыл: 1965

Апат: жабық зымыран шахтасындағы өрт

Ресми себебі: гидравликалық шлангтың зақымдануына байланысты оттегі ағылуы

8 тамызда Серси мекенінің маңындағы зымырандар шахтасында Project YARD FENCE жобасының жаңғыртылу жұмыстары жүріп жатты. 7 этажды шахтада LGM-25C Titan-2 құрлықаралық баллистикалық зымыранды қалдыруға шешім қабылданды. Бірақ қауііпсіздік шарасы ретінде оғын шешіп алады.

Жұмысшылардың біреуі абайсыздан кескішпен гидравликалық шлангты зақымдап алады. Шлангтен жанғыш сұйықтық ағып бастайды. Бу шахтаның ішін баурап алып, иісті сезгендер жоғарғы этаждағы шығу есігіне ұмтылады. Тек екі адам ғана құтқарылып шығады. Қалғандары үлкен жарылыстан өртке тап болып көз жұмады.

Titan-2 зымыраны

Зымыранның өзі жарылған жоқ. Шахта 13 айдан соң қалыпқа келтірілді.

Плесецк ғарыш айлағындағы апат

Қаза болғандар саны: 48

Жыл: 1980

Ел: КСРО

Апат: ұшу алдында зымыранның отын бактарының жарылысы

Ресми себеп: отын бактарының фильтрінде каталитикалық белсенді материалдырдың болуы/конструкторлар бюросының немқұрайлығы

18 наурызда ғарыш айлағында бортында «Икар» спутник-шпионы бар «Восток» зымыраны ұшуға дайындалып жатты. Түрлі жанармай – керосин, сұйық оттегі, азот құйылды. Соңғы кезеңде сутек пероксиді құйылды.

Дәл осы кезеңде тұтану болды, соның салдарынан 300 тонна отын жарылды. Дәл сол мезетте 44 адамның өмірін алып кеткен үлкен өрт басталады. Тағы төрт адам күйік салдарынан көз жұмады. Жарақат алған, бірақ тірі қалған адамдардың саны – 39.

Комиссия ұшыруларды өткізетін өлшеулер тобын толықтай кінәлайды. 16 жылдан соң өткізілген дербес зерттеу барысында сутек пероксидінің фильтр құрылғыларында қауіпті материалдарды қолданғандығы анықталды.

Алкантара ғарыш айлағындағы апат, Бразилия

Қаза болғандар саны: 21 адам

Жыл: 2003

Ел: Бразилия

Апат: қозғалтқыштардың біреуінің ерте қосылуынан болған өрт

Ресми себебі: «ұшқын газдардың мөлшерден тыс жиынтығы, датчиктердің зақымдануы және электромагниттік кедергілер» (мемлекеттік комиссияның есептемесі)

Тамыздың 25 VLS-3 зымыранының ұшуы жоспарланды. Өткізу жері – елдің солтүстігіндегі Алкантара ғарыш айлағы. Экваторға жақын орналасқындықтан бұл айлақ өте ыңғайлы болды. Сәтті ұшырылу болған жағдайда Бразилия Латын Америкасындағы ғарыш державасына айналатын еді. Бұл ұшырылым сәтсіздіктерден кейін елдің үшінші әрекеті еді.

22 тамызда соңғы сынақтар өткізіліп жатырды. Зымыран айналасында 100 адам жұмыс істеп жүрді. Кенет төрт қозғалтқыштардың біреуі қосылып кетіп, отын бактарының жарылысы болды. Зымыран мен 10 этажды ұышу алаңының конструкциясы толықтай жарылды.

Алкантара айлағындағы сынықтар

Бұдан кейін бразилиялық ғарыш жобасы уақытша тоқтатылды – көптеген ғалымдар мен инженерлер қаза болды, кең ауқымды тергеу жұмыстары басталды. Бір айта кететін жәйт, апаттың нақты себебі анықталмады.

Сичан ғарыш айлағындағы апат, Қытай

Қаза тапқандар саны: 6-100

Жыл: 1996

Ел: Қытай

Апат: зымыранның ұшқаннан кейін ауылға құлауы

Рсеми себебі: қозғалтқыштың біріндегі алтын-қалайы сымының зақымдануы

1990 жылдың екінші жартысында Қытай жеке ғарыш жобасын орындауға кірісіп кеткен болатын. 1996 жылы Қытай Ресеймен басқарылатын космонавтика саласында серіктестік туралы құжатқа қол қояды. Мамандардың айтуы бойынша, дәл осы мүмкіндік аспан асты елінің космонавтика әлемінде үлкен серпіліс жасауға демеу болды.

АҚШ-пен де серіктестік жүргізіліп отырды. 1996 жылы «Великий поход» қытай зымыраны Intelsat 708 атты америкалық челнокты орбитаға шығару керек еді. Ұшырылым мерзімі 15 ақпанға бекітілді.

Зымыран белгіленген уақытта ұшып, кенет бұрыла бастады. 22 секундтан кейін ғарыш айлағына жақын орналасқан аулыға құлап, сол жерде жарылады. 

Апатты зерттеу комиссиялары АҚШ-та да Қытайда да құрылды. Сарапшылардың екі тобы апаттың техникалық себебінде келіссе, көз жұмған адамдар мен жарақат алғандар туралы ақпараттары екі түрлі. Қытайлық басшылар 6 адам өлімі туралы айтса, америкалық сарапшылар жүз өмір кесілгендігін жариялады. 


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға