102 жастағы жапониялық Фудзиді бағындырып, Гиннесс рекордтар кітабына енді
102 жастағы жапон альпинисі Кокичи Акузава елдің ең биік шыңы – теңіз деңгейінен 3 776 метр биіктікте орналасқан Фудзи тауына шығып, әлемдік рекорд орнатты. Ол тарихтағы бұл биіктікті бағындырған ең қарт ер адам ретінде Гиннесстің рекордтар кітабына енгізілді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кокичи Акузава – Гумма альпинизм клубының құрметті төрағасы. Ол аптасына кем дегенде бір рет тауға шығып тұрады. Тіпті өзінің 99 жасқа толған мерейтойын 1 272 метрлік Набеварияма шыңында атап өткен.
Бұл жолы қарт спортшы алдына бұрын-соңды ешкім бағындыра алмаған мақсат қойған – 102 жасында Фудзиді бағындыру. Айта кетсек, ол соңғы рет бұл таудың шыңына 96 жасында көтерілген.
Акузава 3 тамызда Йосида бағыты бойынша жолға шықты. Бұл төрт ресми маршруттың ең жеңілі саналса да, шыдамдылықты талап етеді. Артық күш түсірмеу үшін ол сапарын үш күнге бөліп, тау баспаналарында түнеді. Жолда қолайлы ауа райына қарамастан, суыққа, қатты желге және оттегі тапшылығына төтеп беруге тура келген.
Сөйтіп 5 тамыз күні сағат 11:00-де Фудзидің шыңына табан тіреді.
Бір қызығы, Акузава бұған дейін жүрек жеткіліксіздігінен зардап шеккен. Бірақ ол тұрақты серуендер мен апта сайынғы шағын шыңдарға өрмелеудің арқасында қайта қалпына келген.
Шыңда тұрған сәтімде қуаныштан гөрі жеңілдік сезіндім. Бірақ қолыма Гиннес рекордының сертификаты тигенде, бақытты екенімді ұқтым, - дейді ол.

Сурет: oxu.az
Кокичиден: «Тағы да Фудзиге шығасыз ба?» деп сұрағанда, ол жымиып:
Ешқашан! Бірақ келесі жылы қайта сұрасаңыз, бәлкім, басқаша жауап берермін, - деп қалжыңдаған.

