1923 жылы Түркістанда алғаш жарық көрген «Сана» журналы сол дәуірдегі ұлттық жаңғыру мен ағартушылық рухтың көрінісі болды. Журналдың алғашқы санында жарық көрген балалар ойыны туралы бөлім бүгінгі ұрпаққа 100 жыл бұрынғы қазақ даласындағы балалықтың қандай болғанын елестетуге мүмкіндік береді.
«Ай-құлақ»
«Ай-құлақ» — көктем мен жаз айларында кешкі уақытта балалар жиналып ойнайтын ойын. Ойын басталарда балалар үш рөлге бөлінеді: қасқыр, қойшы және ит. Қалған балалар — «қойлар». Әрбір рөлге арнайы киім немесе белгі тағылады. Мысалы, қасқыр болу үшін баланың арқасына киім тығып, белін буып, шекесіне тақияны тік кигізіп, томпайтылған бейнеде бұтаның арасына тығып қояды.

Қойшы қолына таяқ ұстап, қасындағы итпен бірге қойларды (балаларды) көгендейді. Содан соң қойлар дүр етіп үріккенде, қасқыр тұра ұмтылады. Ит арсылдап, қойшы айқайлап қуады. Бірақ қасқыр кейде құр кетіп, кейде бір қойды алып үлгеріп отырады. Осылайша, ойын шабытпен ойналып, қойлар таусылғанша жалғасады.
Бұл ойын арқылы балалар тек көңіл көтеріп қоймай, жыртқыш пен үй жануары, қорғаныс пен қауіп, қырағылық пен қулық арасындағы байланыстарды интуитивті түсініп, рөлдік ойын арқылы табиғат заңдылығын меңгереді.
«Дүмпілдек»
«Дүмпілдек» — қырғыз ағартушысы Есеналы Арабайұлы сипаттап жазған және қазақ балалары арасында да кеңінен тараған ойын. Бұл ойын 7 жастан бастап 20 жасқа дейінгі балаларға арналған. Ер балалар мен қыздар араласып ойнай береді. Көбіне жаздың жылы түндерінде, ай сәулесінде, кең далада ойналатын болған.

Ойыншылар екі жаққа бөлінеді. Бірі — жатушылар, екіншісі — қуғыншылар. Жатушылар шапандарын төсеп, қатарласып жатады. Олардың біреуі жіптің бір ұшын ұстап жатады — бұл жіп жатқандардың қорғаныс шекарасы. Екінші жақ — жеңіл киінген балалар, олар қолға байпақ, төбетей алып, жатып жатқан балаларды ұрып қашырады. Жатушыларды қорғайтын басшы бала — жылдам әрі күшті болуға тиіс: ол өз жағынан алыс кетпей, қуғыншыларды ұстап алып, жіптен алысқа ұзатпай қорғауы керек.
Қуғыншылар тым қатты ұрмауы тиіс — ойын шынайы соққыға емес, ептілік пен шапшаңдыққа негізделген. Басшы бала қуып жетіп қол тигізсе, екі топ рөлдерін ауыстырады. Бірнеше турдан соң, көп жатпай, көп шабуылдаған топ жеңімпаз болып саналады.
Ойын әділетті басталуы үшін шөп жасырып табу, бала күрестіру, жарысқа түсіру секілді әдістермен кезек анықталады. Сондай-ақ, «ақ шөп» деп, ойын уақытша тоқтайтын белгі бар.
Бұл ойын арқылы балалар тактика, ұйымшылдық, әділдік пен тәртіп секілді дағдыларды бойына сіңірген.
«Марламқаш»
«Марламқаш» — жаздың қараңғы кештерінде, ауыл шетінде ойнайтын қазақ балаларының ойыны. Балалар екі топқа бөлінеді. Бір топ киімдерін шешіп, алысқа барып жасырынады. Екінші топ — іздеушілер, олар ауылда қалып, жасырынып жатқандарды айқайлай іздейді:
«Марламқаш, мені көрсең, тұра қаш!» – деп айқай салады. Бұл — іздеушінің келгенінен хабар береді.

Жасырынып жатқандар іздеуші үстінен аттап кететіндей жақын келгенше қозғалмайды. Егер іздеуші жақындап келсе, қашады. Жеткен іздеуші қашқан баланы арқасына мінгізіп, белгіленген орын — ордаға алып келеді. Мұны — жеңіс деп біледі.
Келесі айналымда рөлдер ауысады: қуғандар енді жасырынушыға, жасырынғандар — іздеушіге айналады. Бұл ойын шапшаңдық, ептілік, топтық рух пен ерлік қасиеттерін дамытатын болған.
«Марламқашта» ерекше жүйрік балалар жоғары бағаланған. Өз ауылында «жүйрігіміз» деп танылған бала бәйге аты секілді қадірленіп, басқа ауылдарға апарылып, мақтаныш етілген. Жүйріктің мойнында тұмар тағылып, оның шапшаңдығы ойын ғана емес, баланың мерейі мен беделінің нышанына айналған.
Бұл ойындар — жай ойын емес, тұтас ұлттық тәрбиенің, рухани дүниетанымның, ортақ дәстүр мен ұжымдық тәртіптің көрінісі. Әрбір ойында қоғам мен табиғат арасындағы байланыс, қауымдастық құрылымы, мінез-құлық ережелері мен өмір сүру машығы көрініс тапқан. Баланың қимылын, мінезін, зеректігін шыңдайтын бұл тәрізді ойындар бүгінде тарихи дерек ретінде ғана емес, этнопедагогикалық мұра ретінде де бағалы.
Жоғарыда сипатталған ойындар «Сана» журналының 1923–1924 жылдардағы үш ғана санының бірінде жарық көрген. Айта кету керек, «Ай-құлақ» пен «Марламқаш» ойындарын Қара бала деген бүркеншік атпен Халел Досмұхамедұлы сипаттаған, ал «Дүмпілдек» ойынын жазған – Есеналы Арабайұлы өз лақабында өзін «қырғыз» деп танытқан.

«Сана» журналы — Ахмет Байтұрсынұлы дайындаған төте жазуда жарық көрген. Журналдың тек үш саны жарық көргенімен, оның әр беті – сол кезеңнің ұлт рухын, халықтың болмысы мен армандарын танытатын баға жетпес жәдігер.

