«100 миллион доллар жоғалып кетті»: Дональд Трамп қайырымдылық қоры туралы айтты
Трамп Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге жиналған 100 миллион доллардың жоғалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
АҚШ президенті Дональд Трамп Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 100 миллион доллар қаражаттың жоғалғанын айтты. Бұл туралы Ақ үй басшысы өзінің Truth Social платформасында жазды:
100 миллион доллар жоғалып кетті. Бұл қаражат Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмекке бағытталуы керек еді. Егер дұрыс басқару болғанда, мұндай өрттер ешқашан болмас еді. Губернатор Ньюсом Солтүстік Калифорния мен Тынық мұхитының солтүстік-батысынан миллиардтаған галлон су ағызудан бас тартты. Бұл қаншалықты өзгерістер әкелер еді!, - деп жазды Трамп.
АҚШ президенті FireAid қайырымдылық концертін меңзеген. Бұл бір күндік шара Лос-Анджелестегі биылғы жойқын орман өрттерінен баспанасыз қалған тұрғындарға көмек ретінде ұйымдастырылған. Концертте шамамен 100 миллион доллар жиналған болатын, онда Оливия Родриго, Кэти Перри және Леди Гага сияқты танымал әртістер өнер көрсетті.

