10 жаңа мектеп және 100 мектеп автобусы: Алматыда Білім күні қалай өтті
2023-2024 оқу жылында Алматыда бірінші сыныпқа 30 мыңнан астам бала барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әкімдік мәліметінше, қала мектептеріндегі салтанатты жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасарлары Әсем Нүсіпова, Арман Қырықбаев, Әлішер Әбдіқадыров, сондай-ақ аудан әкімдері және т.б. қатысты.
Білім күні Алматыда 323 мектеп есігін айқара ашты, оның ішінде 215 – мемлекеттік және 108 – жекеменшік. Оның ішінде, Түрксіб ауданы, Қайрат шағынауданындағы №211 мемлекеттік жаңа мектеп және 3000 орындық 9 жекеменшік мектеп бар. Сондай - ақ, бүгінгі таңда 2 мектепте (№48, ШИ №9) қосымша ғимараттардың құрылысы аяқталды, бұл оқушылар санын 420 орынға арттыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, жыл соңына дейін №148 300 орындық мектепке қосымша құрылысты аяқтау жоспарлануда. Қала мектептерінде барлығы 301 мыңнан астам оқушы оқиды, - делінген мәліметте.
Биыл Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша 133 мыңнан астам бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Ал жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын "жалпыға бірдей оқыту" қорынан көмек сомасы мектеп формасы мен кеңсе керек-жарақтарын сатып алу үшін бір балаға 43 мың теңгені құрады. Осы қордан ХӘОТ санатындағы (халықтың әлеуметтік осал топтары) 15 мыңнан астам алматылық оқушы көмек алды.
Сондай-ақ, жаңа оқу жылында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша Алматыда алғаш рет мектеп жасындағы балаларды тұрғылықты жерінен оқу орнына және кері қарай тегін тасымалдау үшін мектеп автобустарын ұсыну бойынша ауқымды жоба енгізілді. «Мектеп автобусы» жобасы 30 мемлекеттік мектепті қамтиды. Ол бастауыш сынып оқушыларына және мектептен алыс тұратын оқушыларға бағытталған. Осы мақсатта коммуналдық автопарк Алматы қаласының білім басқармасымен бірлесіп 100 мектеп автобусын сатып алды. Бұл автобустар халықаралық қауіпсіздік стандарттарына және техникалық талаптарға сәйкес келеді: авариялық шығу, қауіпсіздік белдіктері, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған пандус, өрт қауіпсіздігі жүйесі және т.б. Балаларды тасымалдау педагогтың қатысуымен және балаларды тасымалдаудың әзірленген ережелеріне сәйкес жүзеге асырылатын болады.