«10 сауал жолдадым». Ринат Зайытов министрліктің жауабына көңілі толмайтынын жеткізді
Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Мәжілістің екінші сессиясының қорытынды отырысында премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға және бірқатар министрліктердің жұмысына қатысты сауал қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Есіңізде болса сессия басында сізге бір сұрақ қойып едім. Берген уәделеріңіз орындалмаса кім жауап беретінін сұрадым. Сол кезде сіз бәрі жауап береді дегенсіз. Қай уәделеріңізде тұра алдыңыздар, қай уәделеріңізде тұра алмадыңыздар. Арғы жағын іштеріңіз білсін. Осы сессияда сіздерге 10 сауал жолдадым. Соның екеуін ғана мысалға ала салайын. Біріншісі - Ұлттық бірыңғай тестілеу туралы былықтардың барлығы айтып келген кезде сіздердің шығарған нәтижелеріңіз сол Ұлттық тестілеу орталығына өмірі басы даудан арылмайтын Абдрасиловты әкеліп қойдыңыздар. Рахмет! Айтыскер, ақындар мен жыршы, термешілер одағынан ғимараттар туралы сұрақ қойып едім, сіз жерден жеті қоян тапқандай, Алатау дәстүрлі өнер театрында олардың ғимараты бар дедіңіз. Барып көріңіз... ол жер 20 шаршы жер ғана. 300-дей мүшесі бар одаққа бұл жерді ғимарат деп айту меніңше ұят, - деді мәжілісмен.
Ринат Зайытов оқу-ағарту министрлігіне қатысты Парламентке бірқатар шағым түскенін атап өтті. Қазақстанның біршама мектептерінде ата-аналардан, мұғалімдерден ақша жинау деректері тіркелген. Депутат министрліктің өкілінен бұл жағдай қай қаулыға, қай заңға негізделгенін сұрады.
Мәжілісмен сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрлігіне де сауалын жолдады.
Бізде қанша АҚШ-тың биолабораториясы бар? Бар болса, біз неге білмейміз. Жоқ болса, неге осындай ақпарат әлеуметтік желіде тарататын адамдарға арыз бола тұра жүген салмайсыздар? Асхат Ниязовқа арыз жазғыш министрлік осыған шамасы келмей отыр ма? Екінші сұрағым, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваторияның басындағы дауды қашан шешесіздер? Бүкіл профессорлар, халық әртістері шағымданып отырғанда сіздер Тасбергенованы апарып қоямыз дейсіздер. Осы дауды қашан шешесіздер және консерваторияның жоспарланған ақшасынан 2025 жылы 200 млн теңгені неге қысқартып отырсыздар, - деді депутат.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова Ұлттық тестілеу орталығының директоры Болатбек Абдрасиловке қатысты қандай да бір дау-дамай болса бұл мәселені қарастыруға дайын екенін жеткізді.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов Қазақстанда АҚШ-тың және басқа да шет елдердің биолабораториясы жоқ екенін атап өтті. Әлеуметтік желідегі ақпарат фейк екенін алға тартты.
Құрманғазы консерваториясына келсек, әрине кадрлық саясат, министрлік және басқа да ведостволар бізге бағынышты ұйымдарды конкурстық рәсім арқылы өткізіледі. Ал 200 млн-ға қатысты министрлік тарапынан бұл ақша қысқартылған жоқ, алайда министрлік тиісті өтінім берген кезде уәкілетте орган кезінде жалпы қысқарту мәселесі болған бұл мәселені біз күзге қарай келіп, оралып қосымша ақшаны яғни сіз айтқан 200 млн-ды бюджет жоспарлауында қарастырамыз, - дейді Қанат Ысқақов.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ата-аналар мен мұғалімдерден ақша жинау фактісін жоққа шығарды.