https://www.nobelprize.org/

10 мыңға жуық жазушы жасанды интеллектке қарсы шықты

11.03.2026 10:48

Цифрлық дәуірдің жаңа шындығы қаламгерлерді де бейжай қалдырмады. Он мыңға жуық жазушы өз шығармаларының рұқсатсыз пайдаланылуына қарсы наразылық танытты. Бұл туралы The Guardian жазды.

Наразылыққа әлемге танымал қаламгерлер – Кадзуо Исигуро, Ричард Осман, Мик Херрон, Филиппа Грегори және өзге де авторлар қосылды. Олар Лондон кітап жәрмеңкесінде ерекше символикалық акция ұйымдастырып, «Don't Steal This Book» («Бұл кітапты ұрлама») атты «бос» кітапты таныстырды. Кітап ішінде мәтін жоқ - тек оған қатысқан жазушылардың есімдері ғана берілген. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қадам авторлық құқықтың сақталмауына назар аудартуға бағытталған.

Фото: DR

Қаламгерлердің пайымынша, генеративті жасанды интеллект жүйелері көптеген шығармаларды иелерінің келісімінсіз дерек ретінде пайдаланып, сол арқылы нейрожелілерді үйретіп келеді. Ал кейін мұндай жүйелер сол еңбектерге ұқсас мәтіндер жасап, авторлардың шығармашылық кеңістігіне тікелей бәсекелеске айналуда. Бұл жағдай тек моральдық мәселе ғана емес, сонымен бірге экономикалық қауіп ретінде де бағаланып отыр.

Лондон кітап жәрмеңкесінің ұйымдастырушысы, композитор әрі авторлық құқықты қорғау белсендісі Эд Ньютон-Рекс бұл құбылысты «шығармашылық еңбек иелерінің табысын тартып алатын құқықбұзушылық» деп атады. Оның айтуынша, мемлекет шығармашылық адамдарды қорғап, олардың еңбегін заңсыз пайдалануды заңдастыруға жол бермеуі тиіс.

Ұлыбритания билігі 18 наурызға дейін авторлық құқық туралы заңға енгізілуі мүмкін өзгерістердің экономикалық әсеріне баға беруге тиіс. Егер ұсынылған реформа қабылданса, жасанды интеллект компаниялары модельдерін оқыту барысында пайдаланылған материалдардың авторларына ақы төлеуге міндеттелуі мүмкін.

Жалпы, бұл мәселе тек Ұлыбританиямен шектелмейді. Әлемнің көптеген елінде шығармашылық құқық пен технологиялық даму арасындағы тепе-теңдік қызу талқыланып жатыр. Мәселен, өткен жылы Мюнхен соты ChatGPT жүйесіне қатысты істі қарап, оны оқыту кезінде музыканттардың мәтіндері келісімсіз пайдаланылғанын атап өткен болатын.

Сарапшылардың пікірінше, жасанды интеллект дәуірінде басты сұрақ – технологиялық ілгерілеуді тежемей, сонымен қатар авторлық еңбекті қорғаудың тиімді тетіктерін қалыптастыру. Сондықтан бұл тақырып алдағы уақытта да халықаралық деңгейде өзектілігін жоғалтпайтыны анық.