El.kz

1 сәуірге дейін көлік салығын төлеу керек: нені білу маңызды

09.03.2026 12:50

Қазақстан азаматтары 2025 жылға арналған көлік салығын 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін төлеуі тиіс. Бұл жайлы El.kz хабарлайды.

Жеке тұлғалар салық төлемін 2026 жылғы 1 сәуірден кешіктірмей енгізуі қажет.

Көлік салығы қалай есептеледі

Салық мөлшері әрбір көлік құралы үшін жеке есептеледі. Ол автокөліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде есептеледі.

2026 жылы 2025 жылғы есептік кезең үшін есептеу кезінде 2025 жылғы АЕК — 3692 теңге қолданылады. (Салыстыру үшін: қазіргі кезде АЕК 4325 теңгені құрайды). Әдетте қозғалтқыш көлемі үлкен көлік иелері жоғары салық төлейді.

Нақты соманы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті сайты арқылы арнайы калькулятор көмегімен білуге болады. Есептеу үшін:

  • жылды,
  • көлікке иелік еткен ай санын,
  • көлік түрін,
  • қозғалтқыш көлемін көрсету қажет.

2026 жылдан бастап өзгерістер енгізілді

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексіне сәйкес көлік салығына бірқатар өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда:

  • 10–20 жыл пайдаланылған жеңіл көліктерге – 0,7 түзету коэффициенті қолданылады;
  • 20 жылдан асқан көліктерге – 0,5 коэффициенті енгізіледі.

Салық жыл қорытындысы бойынша төленетіндіктен, осы төмендету коэффициенттері ескерілген сома 2027 жылы есептеледі.

Кейбір көліктерге қатысты өзгеріс

Сонымен қатар қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден жоғары жеңіл көліктерге арналған кейбір салық мөлшерлемелері алып тасталды. Бұл 2013 жылдың 31 желтоқсанынан кейін Қазақстанда өндірілген немесе елге әкелінген көліктерге қатысты.

Фермерлерге жеңілдік

Шаруа және фермер қожалықтары бірқатар жеңілдіктермен қатар пикап көліктері үшін салық төлеуден босатылады. Бірақ бұл әрбір шаруашылыққа бір көлікке ғана қатысты.

Көлік санаты қалай анықталады

Енді көлік құралының санаты тек тіркеу куәлігіндегі мәліметтерге сәйкес анықталады. Яғни жүргізуші куәлігіндегі басқару санатына (A, B, C немесе D) негізделеді.

Салық есептілігі жеңілдетілді

Салық есептілігінің түрлерін қысқарту мақсатында көлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін тапсыру міндеті жойылды.