1 қыркүйектен бастап қандай несиелер кешіріледі?
Қазақстанда кибералаяқтармен күрес жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Алаяқтық операциялар туралы мәлімет алмасу орталығы (Антифрод-орталық) өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Осылайша мемлекет қаржы нарығындағы алаяқтық операцияларға қарсы тұруға тырысып жатыр.
Антифрод-орталықты құру жобасы құқық қорғау органдарымен және қаржы нарығының қатысушыларымен бірлесіп жүзеге асырылды. Бұл қаржы ұйымдары, құқық қорғау органдары және ұялы байланыс операторлары біріккен технологиялық платформа. Антифрод-орталықтың жұмысы қаржы нарығы субъектілері арасында нақты уақыт режимінде күдікті операцияларды, соның ішінде тиісті белгіленген алаяқтық операциялар туралы мәлімет алмасуды қамтиды. Енді қаржы ұйымдары алаяқтық операцияларды дереу анықтап, бұғаттап, алаяқтық белгілері бар операцияларға жедел әрекет ете алады, қатысушылар арасында нақты уақыт режимінде ақпарат алмаса алады.
ҚР Ұлттық банкінің мәліметінше, платформа іске қосылған сәттен бастап қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары алаяқтық операциялар бойынша шамамен 400 оқиғаны анықтап, алаяқтық әрекеттермен байланысты шамамен 30 миллион теңге көлемінде қаражатты бұғаттаған.
Сонымен қатар қыркүйек айынан бастап несие алудан ерікті түрде бас тартуға қатысты қорғау механизмі күшіне енеді. Қазақстан азаматтары үшін мұндай құқық 2024 жылдың ақпан айында заңмен енгізілген болатын. Осы заң нормасының күшіне енген жеті айында шамамен 400 мың азамат алты ай мерзімге несие алудан ерікті түрде бас тарту рәсімінен өтті. Банк немесе МҚҰ несие бюросынан деректерді сұрау кезінде шектеу белгісін көріп, автоматты түрде клиентке несие бермеу туралы шешім қабылдайды. Бұл шектеу ломбардтарға және клиенттерінің несие тарихын бағаламайтын басқа ұйымдарға қатысты емес.
2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап несие алудан ерікті түрде бас тарту болған жағдайда несие ұйымынан алынған несиені төлеуден босатылады. Егер азамат несие алудан ерікті түрде бас тартса, бірақ осы кезеңде оған заңсыз несие рәсімделсе, кредитор – банк немесе МҚҰ – қарызды есептен шығаруға міндетті болады, - деп хабарлайды ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
2024 жылдың 1 қазанынан бастап заң бойынша банктер мен МҚҰ-ға несие алуға түскен өтініштер бойынша мәліметтерді нақты уақыт режимінде несие бюросына беру міндеті енгізіледі. Мұндай норма бірнеше кредиттік ұйымдарда бір уақытта несие рәсімдеуді болдырмау үшін белгіленген.