21 Шілде 2025, 15:13

1 қыркүйектен бастап барлық мектепте жаңа тәрбие бағдарламасы енгізіледі

 Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымы мен жекеменшік мектептерде тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, мемлекет басшысының «адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.

Бағдарламаның үйлестірушісі – Ы. Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының мәліметінше, оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығымен ресми түрде жаңа атауы бекітілген. Оның мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтар тәрбиелеу. Тәрбие жүйесі жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталады. Алғаш рет бұл бағдарлама жекеменшік мектептер үшін де міндетті болмақ. Бұл тәрбие жұмысының ел көлемінде бірыңғай стандартпен жүргізілуіне және барлық оқушы үшін тең орта қалыптастыруына мүмкіндік береді. Барлық мектеп үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады. Тәрбие жұмысын жүзеге асыруда барлық тараптардың өзара бірлесе қызмет атқаруына ерекше көңіл бөлінеді. Мектептердегі тәрбие ісі мемлекеттік органдармен, құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат саласындағы құрылымдармен тығыз жүргізіледі. Ай сайын белгіленген тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды бір-бірімен сабақтастырады. Мысалы: әділдік, еңбекқорлық, патриотизм сынды құндылықтар оқу процесінің өзегіне айналмақ. Осы бағытта мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі.